Рубрика: Жаңалықтар

  • Жаңа оқу жылында 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беріледі

    Жаңа оқу жылында 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беріледі

    1 қыркүйекте Қазақстанның мектептеріне, колледждеріне және жоғары оқу орындарына 3,9 млн бала барады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Жалпы оқу жылы 7,9 мың білім беру ұйымында басталады – мұндай мәліметті Үкімет отырысы барысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Sona.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

    Бүгінгі таңда өңірлерде оқулықтармен қамтамасыз ету 90%-ға жетеді. 25 тамызға дейін барлық оқулықтар өңірлерге жеткізілетін болады.

    Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға тегін тамақ беруді ұйымдастыру және әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    «1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 510 мың бала мектепке дайындалу үшін тиісті көмекпен қамтылды. Осы мақсатта бюджеттен 22,6 млрд теңге қарастырылған», — деді Оқу-ағарту министрі.

  • Ғали Ормановтың еш жерде кездеспеген кітабы табылды

    Ғали Ормановтың еш жерде кездеспеген кітабы табылды

    Керекуден Ғали Орманұлының «Өмір дастаны» кітабы табылды. Ол Ахмет Байтұрсынұлының қарпінде жазылған.

    Кітапты Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне қаламгердің жиені Айдар Қырықбайұлы тарту етті.

    Жәдігердің ерекшелігі – кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған.

    Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны – Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы»,«Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.

    «Ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне аударған. Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп жазған күнделігі бізге осы кітаппен бірге келді. Күнделіктерді оқып зерттеп жатырмыз. Ол латын әрпімен жазылған, оны Жамбыл атамыздың мерейтойына шығарамыз деп отырмыз», – деді музей басшысы Ербол Қайыров.

    Анықтама үшін:

    Ғали Орманов (1907-1978 жж.) – бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына арнаған азамат. Оның қаламынан руханиятқа нәр беретін өлең жинақтары, поэмалар, жыр кітаптары, прозалық жинақтар жарық көрген.

  • Пәтерлерде ауыз су тапшы: Қонаев әкімдігі мәлімдеме жасады

    Пәтерлерде ауыз су тапшы: Қонаев әкімдігі мәлімдеме жасады

    Соңғы он күннен бері Қонаев қаласында 40-45 градус Цельсий шамасында аптап ыстық тіркелді. Осы дерекке және ауыз сумен ағаштар, газондарды суаруға байланысты көппәтерлі үйлердің жоғары қабатына су көтерілмей, қысым төмендеуі байқалды.

    Сондықтан «Қонаев Су Арнасы» мекемесі 1 тамыздан бастап барлық демалыс орындарында бассейндерді толтыру және газондарды суаруды күндіз жасауға тыйым салды. Бұдан бөлек, мекеме мамандары шағын аудандар ішіндегі құдықтардың құрылғыларын тексеріп, ретке келтірді. Нәтижесінде су қысымы бір қалыпқа түсті.

    Айта кетерлік жайт, Қонаевта ауыз су желілерінің 80 пайызы тозығы жеткен. Мәселені шешу мақсатында Кешенді даму жоспарына сәйкес, 6 жобаның құжаттары дайындалуда.

  • «Семей орманында» тағы өрт шықты

    «Семей орманында» тағы өрт шықты

    1 тамыз күні «Семей орманы» мемлекеттік орман өрті қызметінің пультына қызыл жалын шыққаны туралы ақпарат түскен. ТЖМ-нің мәліметінше, өрт Бесқарағай ауданындағы Дөңгелек орманшылығында пайда болған.

    7 гектар аумақтағы отпен күреске 60 адам, орманшылық пен ТЖД-ның 15 техникасы, тікұшақ жұмылдырылды. Өрт тез арада ауыздықталып, сөндірілді.

  • Астанада ЛГБТ насихатына қарсы петиция бойынша соңғы отырыс өтті

    Астанада ЛГБТ насихатына қарсы петиция бойынша соңғы отырыс өтті

    Бүгін «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті.

    Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Әділет министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

    Кездесуде мемлекеттік органдардың, өтініш берушілердің, сарапшылардың және басқа да мүдделі тараптардың ұстанымдары айтылған жұмыс тобының алдыңғы екі отырыс нәтижесі талқыланды.

    Қатысушылар петицияны қарау барысында ұлттық және халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, жетекші сарапшылармен консультациялар өткізгенін, Қазақстан халқынан алынған әлеуметтік сауалнамалар нәтижелері сараланғанын атап өтті.

    Нәтижесінде уәкілетті орган «Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату» талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. Яғни, балалар аудиториясына сексуалды контент таратуға шектеулер енгізу қажеттілігі қарастырылуда.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл шешім алдын ала және елдегі негізгі заңының ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарына, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес келетінін атап өтті.

    Сонымен қатар, министрліктің шешімі «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңына және Конвенцияға негізделеді. Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік ортаның, қандай да бір ақпараттың, оның денсаулығына, адамгершілігіне және рухани дамуына зиян келтіретін насихат пен үгіттің кері әсерінен қорғауға міндетті.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, министрлік ресми шешімді осы жылдың 6 тамызына дейін петиция авторына жолдайды. Осы мәселе бойынша шешім сол шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста жарияланатын болады.

  • Алматыдағы аттракциондардың бірінде қайғылы оқиға бола жаздады

    Алматыдағы аттракциондардың бірінде қайғылы оқиға бола жаздады

    29 маусым күні Алматыдағы Rope Jumping аттракционында ер адам төменге секіру кезінде ауыр жарақат ала жаздады. Әлеуметтік желіде куәгерлер түсіріп алған видео тарады.

    Тұрғындар азаматтың денсаулығына алаңдаушылық танытуда. Айтуларынша, азамат ауада матадай қалықтаған. Алайда, еркек медициналық көмектен бас тартып, өзі үйіне қайтқаны анықталды.

    Парк әкімшілігі зардап шеккен азаматқа сақтандыру бойынша өтемақы алуға кеңес берген. Ол болса, жарақат алғаны үшін 35 миллион теңге сұраған. Бұл — сақтандыру компаниясының өтейтін сомасынан әлдеқайда көп. Сондықтан парк басшылығы құқық қорғау органдарына азаматқа қатысты сұрақтарын жолдап, істің заңдылығын тексеру жайлы арыз түсірген. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүріп жатыр.

    Сондай-ақ парк басшылығы алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбас үшін ресми тексеріс жасалғаны туралы ақпарат таратты. Содан соң арқан оратылып қалған темір алынып тасталған.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от НЕЗАВИСИМОЕ СМИ (@ne_habar_news)

  • Нұртас Адамбайға қатысты сот отырысы кейінге қалды

    Нұртас Адамбайға қатысты сот отырысы кейінге қалды

    Нұртас Адамбайға қатысты «Діни қызмет туралы» заңын бұзғаны үшін өтуі тиіс сот отырысы кейінге қалдырылды. Мұны елорда сотының баспасөз қызметі хабарлады.

    Белгілі продюсерге қатысты қозғалған іс бүгін өтуі тиіс еді.

    Әйгілі актер өзінің әлеуметтік желісінде аталған іске байланысты пікір қалдырды.

    «Астана қаласының дін істері басқармасы мені Қасиетті Құранның аудармасын Инстаграм парақшамда жариялағаным үшін сотқа берді. Шынына келсек, мен біздің елімізде Құранның аудармасын жазба ретінде қалдыруға болмайтынын білмедім», — деп жазды ол.

     

  • Қонаев қаласы жылыту маусымына 85% дайын

    Қонаев қаласы жылыту маусымына 85% дайын

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов «Жылу орталығы» мекемесіне барып, жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.

    Мекеме директоры Оңғарбек Махамбетовтің сөзінше, нысан жылыту маусымына 85 пайыз дайын. №2 және №4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ су жылытқыш №9 қазандыққа ревизия жасалды.

    «Орталықта 10 қазандық бар. Оның төртеуі су жылытқыш, алтауы бу қазандықтары. Қазір су жылытқыш 1 қазандық қана жұмыс істеп тұр, 3-еуі резервте. Бу қазандығының біреуі қолданысқа берілмей, жөндеуден өтуде, 1-еуі жұмыс жасауда, 4-еуі резервте», – деді мекеме басшысы.

    Қалада орталықтандырған жылуға 31 мыңнан астам абонент қосылған. Үйдегі температураның төмендігіне байланысты өтініштердің 70 пайызы қаралып, пәтер иелері кооперативтерімен тығыз жұмыс атқарылуда. Қазір №1,2,3,4 ш/а-дағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі қондырғылар тазаланып жатыр.

    «12 тамыздан бастап жабдықтарды тексеру мақсатында шаһарға ыстық су беру тоқтатылады. Мұның барлығы қыстан аман-есен шығу үшін жасалып жатқанын тұрғындар түсінуі қажет», — деді Оңғарбек Махамбетов.

    Сонымен қатар ол №2,4,5 шағын аудандарының жылу желілерін ауыстырып жатқан мердігер компанияның ісі туралы айтты. Сөзінше, сот шешімі жақын арада шығады. Содан кейін конкурс қайта ойнатылады. Мердігер анықталған соң, аталған желіні қазан айының соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов болса, нысанды жаңғырту жобасын тездетіп жасауды тапсырды.

    Мамандар халыққа пәтердегі терезелерді жылылап, құбырлар мен радиаторларды уақытылы тазалауға кеңес береді.

  • Алакөлдегі апат: жәбірленушілер дельтаплан иесінен ақша бопсалаған

    Алакөлдегі апат: жәбірленушілер дельтаплан иесінен ақша бопсалаған

    Көлге құлаған дельтапланның иесі Асқар Жолдығұтов осылай деп шағымдануда.

    Оның сөзінше, дельтапланды ол былтыр сатып алған. Кейіннен құжаттарын жасап, жөндеуден, тәжірибеден өткізіп, сатып жібермек болған.

    «Дельтапланның сыртында жазылып тұрған нөмір – менікі. Алайда, оған ақша аударымдары түскен жоқ. Ұшқыш күніне миллион табады деген пікір де жалған. Жағдайын барып көрсеңіздер болады. Ол дельтапланды жөндеп болған соң жақындарын ұшырып жүрген, кейіннен басқа азаматтарға қызмет көрсете бастаған. Мен бұл туралы білген жоқпын», — деді Асқар Жолдығұтов.

    Дельтапланның иесі әуе кемесінің құлауын қылмыстық іске теңемей отыр.

    «Иә, апат болғаны рас. Алайда, бұл – қылмыстық іс емес, айыппұл салынуы мүмкін», — деді ол.

    Асқар Жолдығұтов жәбірленушілердің туысқандары медициналық көмектен бас тартып, ақша сұрағанын атап өтті.

    «Олар мені халықтың жауы қылды. Ұшқыштың атынан кешірім сұрадым. Медициналық көмек көрсетуді ұсындым. Бас тартты, ақша сұрады», — деді Асқар.

    Ал жәбірленуші Баянның жақындарының мәліметінше, оның миы шайқалып, тізесі мен табан сүйектері бірнеше жерден сынған, оң жақ бетіне зақым келген.

    Естеріңізге сала кетейік, 25 шілде күні 2 адам мінген дельтаплан Алакөл көліне құлады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Көлік министрі Марат Қарабаев барлық әуе кемелерінің тексерістен өтетінін мәлімдеді. Асқар Жолдығұтов болса, «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» РМК-ның Жетісу облысындағы қосынының басшысы қызметін атқарады.

     

  • Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Саудагерлер әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.

    «Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет», — деді Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

    «Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды», — деді шаһар басшысы.

    Әкім түйткілді тарқату үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын айтты.

    «Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмын. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс жасауларыңыз қажет», — деді әкім.

    Содан кейін ол «Айша сити» базарын аралап шықты. Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды. Ал сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сауда орындарын қою үшін тез арада құжаттарды рәсімдеуді жүктеді.