Рубрика: Жаңалықтар

  • «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекетке қайтарылды

    «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекетке қайтарылды

    Мұны Қарағанды облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    2023 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

    Негізгі міндеттер заңсыз алынған мүлікті анықтау және мемлекетке қайтару, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және мүлікті заңсыз алып қоюға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.

    Прокуратура заңсыз берілген 37 жер телімін, сондай-ақ құны 900 миллион теңгені құрайтын «Сарыарқа» хоккей клубын мемлекет меншігіне қайтарды.

    Қазір прокурорлар мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын тексеріп жатыр.

    Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында заңсыз алынған және жекешелендірілген барлық мемлекеттік мүлікке қатысты прокурорлық қадағалау және ден қою шаралары қабылданатын болады.

  • Қазақстан темір жолында арнайы техникалар паркі жаңартылуда

    Қазақстан темір жолында арнайы техникалар паркі жаңартылуда

    «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы жол-жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған өнімділігі жоғары машиналарды сатып алды, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Жол техникасының паркі 4 УК-25/25 төсеу крандарымен және 8 бірлік МПК мотор платформаларымен толықтырылды. Жаңа машиналар көмегімен Павлодар және Көкшетау өңірлерінде жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Мамандардың айтуынша, ауыр типтегі машиналар теміржол төсемін күрделі және басқа да жөндеу түрлерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа УК-25/25 крандары жүк көтергіштігінің жоғарылауына байланысты үлкен өнімділікті қамтамасыз етеді. Кранды басқару қашықтан басқару пульті арқылы жүзеге асырылады.

    Жыл соңына дейін Магистральдық желі дирекциясы темір жолды жөндеу және ағымдағы күтіп ұстау үшін 3 түзету-соғу-әрлеу машинасын сатып алуды жоспарлап отыр.

  • Талғарда өзенге батқан баланы құтқарған азамат марапатталды

    Талғарда өзенге батқан баланы құтқарған азамат марапатталды

    Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков ерлік жасаған Серікжан Сембайұлына алғыс хатпен, сыйлыққа соңғы нұсқасындағы Ipad-ты табыс етті.

    Аудан басшысы Ботан Серікжанның ерен ерлігі үшін Талғар ауданы жұртының атынан шексіз алғысын білдірді. 

    «Нағыз ер адамның қолынан келетін әрекеттер назардан тыс қалмауы керек. Еліміз өз батырлары туралы білуі қажет», — деді аудан басшысы.

  • Алаяқтар ақтөбелік тұрғынның 19 млн теңгесін қолды еткен

    Алаяқтар ақтөбелік тұрғынның 19 млн теңгесін қолды еткен

    Polisia.kz сайтының мәліметінше, шілде айында Ақтөбе қаласындағы мекемелердің бірінің басшысы телефон-алаяқтарының арбауына түсіп, 19 миллион теңгеге қарызға кірген.

    Ақтөбелік әйелдің телефонына белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің және полиция департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушінің атына алаяқтар түрлі банктерден 10 онлайн-несие рәсімдегенін және олардың күшін жою үшін өз атына бірнеше несие рәсімдеу қажеттілігін айтқан.

    Әйел қоңырау шалушылардың барлық шартын орындап, қаладағы 3 банктен 14 миллион теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген. Сонымен қатар жақын туыстарынан 5,5 миллион теңге қарыз алған. Әрі қарай жалпы сомасы 19 миллион теңгеден асатын ақшаны алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға аударған. Екі күннен кейін ғана алаяқтарға алданып, қарызға батқанын түсінген жәбірленуші полицияға арызданды. 

    «Құзырлы мекеме қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайтынын, жеке деректеріңізді және телефонға ешқандай қосымша бағдарламалар жүктеуді сұрамайтынын және өз аттарыңызға несие рәсімдеп, аударып жіберуді талап етпейтінін азаматтардың тағы да есіне саламыз», — деді Ақтөбе облысы ПД киберпол бөлімінің басшысы Галина Стырличук. 

  • Астанада 14 автобус бағытын өзгертті

    Астанада 14 автобус бағытын өзгертті

    Астанада жөндеу жұмыстарына байланысты танымал автобус бағыттары уақытша қозғалысын өзгертті.

     «Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін No 10, 32, 37, 45, 49, 51, 52, 53, 60, 201, 302, 303, 308, 309 маршруттарының қозғалыс сызбалары уақытша өзгертілді. Сапрыңызды алдын ала жоспарлаңыз», — делінген «City Transportation Systems» ЖШС хабарламасында.

  • Қонаевта судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

    Қонаевта судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қалалық жағажайларды аралап шықты. Барысында тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары күшейтілуі қажет екенін атап өтті.

    «Қапшағай су қоймасына батып кетіп жатқандардың саны көбейді. Бұл – алаңдатарлық жайт. Сол себепті, сақтық шараларын күшейтуіміз қажет. Туристік нысандар мен қалалық жағажайлардағы жағдай үнемі бақылауда болуы тиіс. Күніне кезекшілікке шыққан ТЖБ-ның 100 маманы өз ісіне мұқиятпен, іждағаттылықпен қарауы керек», – деді Асхат Бердіханов.

    Сондай-ақ ол барлық демалыс орындарында құтқарушылар қызмет етуі қажеттілігін айтты. Олай болмаған жағдайда кәсіпкер заң аясында жауапкершілікке тартылады.

    «Демалушылар суда жүзу ережелерін сақтаса игі. Кейбірі мас күйінде, кейбірі жүзе алмаса да, тыйым салынған аймаққа қарай беттеп кетеді. Оларға көмектесу – міндетіміз. Су көліктерін пайдалануда да аса сақ болған жөн. Түсіндірме жұмыстарын да жиі жүргізу керек», – деді әкім.

    Бұдан кейін ол күрделі жөндеуден өтіп жатқан №4 мектепке барды. Қазіргі таңда мердігер компанияның ісі сотта қаралуда.

    Сонымен қатар шаһар басшысы «Барыс» ескерткіші орнатылған аумақты көріп қайтты. Шіліңгір шілдеде күнге күйген газонды қалпына келтіру туралы тапсырма берді.

  • Қонаевта коммуналдық техниканың саны артуда

    Қонаевта коммуналдық техниканың саны артуда

    Қазіргі таңда шаһар аумағындағы қоқысты шығарумен, жалпы тазалық жұмыстарымен «Жасыл қала Қонаев» мекемесі мен «Эко сервис» ЖШС айналысуда, деп хабарлайды Sona.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Күні кеше «Эко сервис» ЖШС-нің коммуналдық техникасына Форд маркалы арнайы көлігі қосылды. Серіктестік көлікті өз қаражатына сатып алды. Мекемеде 6 техника мен 19 жұмысшы қызмет етеді. Компания кесте арқылы жұмыс жасайды. Мысалы, қаладағы №1,2,3,4,5 ш/а-дағы қатты қалдықтарды күнделікті, Гүлдер, Восточный, Арнай, №12, 12А-Б, Қарлығаш ш/а әр дүйсенбі, №8,10 ш/а әр жұма, Шеңгелді ауылын әр сәрсенбі сайын тазалап отырады.

    Барлығын қосқанда қызмет алушы 26 000 абонент тіркелген. Серіктестік басшылығы тұрғындар санының көбеюіне қарай техника сатып алуға ниеттеніп отыр.

    Ал «Жасыл қала Қонаев» мекемесі қалалық жағажай, парктер мен скверлерді, көшелерді тазалаумен айналысады. Мұнда 7 техника, 135 жұмысшы бар.

    Аптасына Қонаев қаласынан 600 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады.

  • Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижелері бойынша бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға “таңдау әдісімен” төленген жүйелі схемаларын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бүгінде бюджетке 110 млн. теңге қайтарылды.

    “Селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 миллиард теңге субсидия ұрланған. Аталған қаржыны әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарлардың басын көбейту мақсатында алмақ болған.  Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Құжаттары рәсімделгенімен, асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған”, – делінген хабарламада.

    Облыс әкімдігінің есебінше, асыл тұқымды қой саны 4 жылда 1,9 миллионға өскен. Бірақ, прокуратура қойдың нақты басы 367 мың ғана екенін анықтаған.

    Келесі факті Ұйғыр ауданында болған. Мұндағы кооператив селекция үшін 45,2 миллион теңге субсидия алған. Шындығында, шаруа жеке ауласы ретінде аудандағы төрт түлік малды тіркеген.

    Прокуратура әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке залал келіп жатқанын алға тартты. Қаржыны ұрлау дерегі бойынша 5 іс қаралуда, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыным енгізілді.

  • Судағы қауіпсіздік: Алматы облысында 133 адам айыппұл арқалады

    Судағы қауіпсіздік: Алматы облысында 133 адам айыппұл арқалады

    Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі мәлімет етті, деп хабарлайды Sona.kz.

    Әкімдіктің ақпаратынша, судағы қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Биылғы шомылу маусымында үнемі рейдтік шаралар жүргізілуде. Оған күнделікті 66 адам, 11 су көлігі жұмылдырылуда.

    «Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 133 жеке тұлғаға 1 млн.847 мың теңге, 3 заңды тұлғаға 55 мың 380 теңге айыппұл салынды», — деп жазды баспасөз қызметі.

  • Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Ветеринария саласы қызметкерлері күніне орай, Қонаевта жаңа көліктердің кілттері табысталып, үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бұл күні сала ардагерлері мен жас мамандарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында 4 облыстық, 11 аудандық және қалалық ветеринариялық станцияларға жаңа автомобильдердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.

    «Ветеринарлардың жұмысы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оларға ауыл шаруашылығы өнімдерінің тазалығы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыста ветеринариялық медицина саласына айрықша мән берілуде. Мысалы, 1071 қызметкері бар облыстық ветеринариялық станция құрылды. Жыл басынан облыста жануарлар мен құстардың 16 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы іс-шаралардың 89%-ы орындалды», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

    Сондай-ақ ол биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға 5 млрд теңге жұмсалатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ветеринарлық мамандардың еңбекақысын 20 пайыз ұлғайту үшін қосымша қаражат бөлінген. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы қызметкерлердің жұмысқа орналасуына дем беріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

    Ерекше атап өтерлігі, кәсіби мереке қарсаңында Балқаш ауданы, Құйған ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі, 38 жыл жұмыс өтілі бар Айгүл Дүйсенбекова Премьер-министрден Алғыс хат алды.