Рубрика: Жаңалықтар

  • «Активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберген»: Назым Қахарман экс-күйеуі Бишімбаевпен тағы соттасты

    «Активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберген»: Назым Қахарман экс-күйеуі Бишімбаевпен тағы соттасты

    Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қахарман алимент төлеуге қатысты өткен сот процестері туралы айтты. Бұл туралы  Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

    Оның айтуынша, Жоғарғы сот Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартқаннан кейін, 24 жылға сотталған бұрынғы күйеуі алимент мөлшерін азайту туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

    Сот талқылауы барысында Қуандық Бишімбаевтың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу мүмкіндігі кемінде алдағы 15 жыл бойы сақталатыны дәлелденген.

    «Өз активтерін жасыру үшін ол сотқа дейін мүлкін үлкен ұлының атына рәсімдеп үлгерген. Әрине, баласына қамқор болғаны дұрыс, бірақ кәмелетке толмаған балаларға алимент төлемеу мақсатында байлығын кәмелетке толған баласының атына жазу  дұрыс емес деп есептеймін», — деді Назым Қахарман.

    Оның сөзінше, сот шешімі оның пайдасына шыққан. Алимент мөлшерін азайту туралы талап арыз қанағаттандырылмай, Қуандық Бишімбаев бұрын бекітілген алименттік келісімге сәйкес төлем жасауды жалғастырады. Бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым түсірілмеген.

    «Олар апелляцияға бермеді, өйткені бұл іс бойынша ол толық жеңіліске ұшырады. Алимент төлеуге шамам жоқ дейді, бірақ қымбат адвокаттарға қаражат табылып отыр», — деп атап өтті ол.

    Еске салайық, бұған дейін Назым Қахарман туған күнінде бұрынғы күйеуінен «сыйлық ретінде» екі сот арызын алғанын айтқан болатын. Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарманның ортақ үш баласы бар: ұлдары Мансұр (2009 ж.т.), Карим (2011 ж.т.) және қызы Рания (2013 ж.т.).

    2024 жылдың жазында Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы сот процесі басталғанымен, сот оның құқықтарын сақтап қалды. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгертпеді.

    Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

  • 1991–2021 жылдары қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлерінің отбасыларына жәрдемақы тағайындалады

    1991–2021 жылдары қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлерінің отбасыларына жәрдемақы тағайындалады

    Қазақстанда 1991–2021 жылдар аралығында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына қатысты маңызды әлеуметтік шешім қабылданды. Бұл туралы Мәжілістің бір жылдық жұмысын қорытындылау барысында палата төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап..

    Оның айтуынша, депутаттар әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған заңнамалық түзетулерді қабылдап, бұрын жәрдемақы алу құқығынан тыс қалған азаматтарды әлеуметтік қамту мәселесін шешкен.

    «Қызметтік борышын өтеу кезінде асыраушысынан айырылған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына қолдау көрсету – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. 1991–2021 жылдар аралығында асыраушысы қайтыс болған 500-ден астам отбасыға ай сайынғы жәрдемақы төлеу мәселесі шешімін тапты», – деді Ерлан Қошанов.

    Аталған өзгерістер әлеуметтік саладағы заңнамалық бастамалар аясында қабылданған. Бұған дейін бұл санаттағы отбасылар қолданыстағы нормаларға сәйкес мемлекеттік қолдаудан тыс қалған болатын.

    Айта кетейік, бүгін Мәжіліс төрағасы депутаттардың бір жыл ішінде атқарған жұмысының қорытындысын жариялады.

  • ШҚО-да бағалы металдарды өндіру ісі бойынша алаяқтық фактісі тергеліп бітті

    ШҚО-да бағалы металдарды өндіру ісі бойынша алаяқтық фактісі тергеліп бітті

    Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жер қойнауын пайдаланушылардан заңсыз ақша алу схемасын ұйымдастырған екі азаматқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Агенттік мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айында Самар ауданының «Кенкарын» учаскесінде бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының әрекеті тоқтатылған. Күдіктілер Құлынжон өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен, соның салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал 54 млн теңгеден асқан.

    Осы жағдайды пайдаланған айыпталушылар қылмыстық іске тартылған тұлғалардың бірін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын жеңілдетуге көмектесеміз деп сендіріп, одан 10 мың АҚШ долларын алған.

    Күдіктілер ақша алу кезінде ұсталды. Сот үкімімен оларға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

    Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Түркістан облысында келін 8,5 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді

    Түркістан облысында келін 8,5 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті жәбірленушілердің отбасындағы келін болып шыққан. Тергеу барысында әйелдің ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап үйден алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны жүйелі түрде ұрлап отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.

    Алынған қаражаттың құмар ойындарға жұмсалғаны анықталды. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы құрылып, жүргізілген шаралар нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.

    Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес жауапкершілік мәселесі қаралуда.

  • Қазақстан ішінде балалардың әуе билеттері субсидияланады

    Қазақстан ішінде балалардың әуе билеттері субсидияланады

    Мәжіліс туризм саласын және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға бағытталған түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстан бойынша тур сатып алу кезінде балаларға арналған ішкі рейстердің әуе билеттері субсидияланады, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

    Депутат Никита Шаталов заңға қосымша қолдау шаралары талаптарын анықтау жөніндегі уәкілетті органның өкілеттілігін бекітетінін атап өтті. Әсіресе, туристік өнімде балалардың ішкі рейстердегі әуе билеттерінің құны субсидияланатын болады.

    Түзетулерге сәйкес, әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау да қарастырылған. Бұл қолдауды нақты нәтиже мен экономикалық әсерге бағыттауға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейеді: әкімдіктер басым туристік аймақтарды анықтап, мемлекеттік қолдау арқылы жасалған немесе жаңартылған нысандардың мақсатты пайдаланылуын бақылауға алатын болады. Бұл жергілікті деңгейде жауапкершілікті арттырады және инвестицияларды қорғауға ықпал етеді.

    Заң жобасының екінші бөлігі балалар мен бұқаралық спортқа қатысты. Спорт мектептері үшін әр спортшыға нормативтік қаржыландыру енгізіледі, сондай-ақ E-Sport сандық платформасы іске қосылады, ол саланы есепке алу, басқару және талдауға мүмкіндік береді. Бір спортшыға бөлінетін шығындар жылына 415 мың теңгеге дейін артатын болады, ал жаттықтырушылардың жалақысы біліктілікке қосымша төлемдер арқылы көбейеді.

  • Жаңа жыл жаңа ережелер: қазақстандықтар 2026 жылы нені білуі керек

    Жаңа жыл жаңа ережелер: қазақстандықтар 2026 жылы нені білуі керек

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тұрғындарға және бизнесті қолдауға, экономиканы тұрақтандыруға, тұрғын үй мен көлікті қолжетімді етуге бағытталған бірнеше жаңа шаралар күшіне енеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    Экономикалық реформалар: бизнесті қолдау және бағаны бақылау
    Үкімет экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін төмендегі шараларды қабылдады:
    •АИ-92 және дизель отынының, коммуналдық тарифтердің өсуіне мораторий. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін тұрақтандыруға және инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді.
    •Шағын және орта бизнестегі салықтық тексерістер мен камеральдық бақылаудың уақытша тоқтатылуы. Кәсіпкерлер жаңа ережелерге бейімделіп, әкімшілік кедергілерді азайтып, қызметін дамытуға назар аудара алады.
    •Шағын бизнесті қолдауға арналған жеңілдіктер тек халықпен тікелей жұмыс істейтін салаларға беріледі. Дүкендер, шаштараздар, шеберханалар, шағын кафелер, балабақшалар, спорттық және өнер үйірмелері.
    Мамандар бұл шаралар бизнесті дамытуға, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
    Ипотека және тұрғын үй нарығы: халыққа қолжетімділік
    Тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық кредиттеуді қолдау үшін «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша қаржыландыру көлемі 500 млрд теңгеге дейін арттырылады. «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылып, жыл сайын қосымша жеті мың әскери қызметкерге тұрғын үй беріледі.
    Сонымен қатар, құрылысшылармен офтейк-келісімшарттары енгізілді, бұл тұрғын үй бағаларын үш жыл бойы тұрақты ұстауды көздейді. Мамандар бұл шара бағаның күрт өсуін болдырмайтынын және тұрғын үйді қолжетімді ететінін айтады.
    Лизинг: автокөлікті сатып алу жеңілдейді
    1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда автокөлікті лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі пайда болды — бұл ұзақ мерзімді жалға алу арқылы кейіннен сатып алу құқығын береді.
    •Негізгі артықшылығы — ай сайынғы төлемдерді автокредитпен салыстырғанда 15–30% төмендету.
    •Ұзақ мерзімді перспективада жалпы шығын аздап ғана артады, ал азаматтар үшін бұл автокөлікті алу жолын икемді етеді.
    Халыққа әсері
    Мамандар жаңа жылдың басында кредит нарығы бәсеңдеуі мүмкін деп болжайды, бірақ тұрғындар арасында тұрғын үй мен көлікке сұраныс жоғары деңгейде қалады. Жеңілдетілген ипотека мен автокредит бағдарламалары жағдайды тұрақтандыруға және азаматтарға ірі қаржылық жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
    📌 Қорытынды: 2026 жыл азаматтар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер әкеледі, бірақ қаржылық шешімдерге, әсіресе кредит алу мен инвестицияға, жауапкершілікпен қарау қажет.
  • Ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктіні Грузиядан Қазақстанға экстрадициялады

    Ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктіні Грузиядан Қазақстанға экстрадициялады

    ҚР Бас прокуратурасы мен Интерполдің Ұлттық бюросы МИД қолдауымен ауыр қылмыстарға қатысы бар Ресей азаматын Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлайды Sona.kz..

    Күдікті 2022 жылы Алматы қаласында азаматтарды алып кету және олардың мүлкін зорлықпен иелену әрекеттеріне қатысқаны үшін айыпталып отыр. Ол үш жылдан астам халықаралық іздеуде болған.

    Қыркүйек айында Грузияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында қамауда.

    Заң бойынша қылмыстар үшін 7–12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған.

  • Атырау облысында газдан уланып үш адам қаза тапты

    Атырау облысында газдан уланып үш адам қаза тапты

    2025 жылғы 28 желтоқсан күні сағат 13:40-та Атырау қаласы, Томарлы ауылындағы тұрғын үйде қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды Sona.kz Atyrau.Online-ға сілтеме жасап.

    Алғашқы мәліметтерге сәйкес, табиғи газбен жұмыс істейтін жылу пешін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан улану болған. Нәтижесінде үш адам оқиға орнында қаза тапты.

    Анық себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеп-тексеру жұмыстарын Полиция департаментінің қызметкерлері жүргізуде.

    Атырау облысы ТЖД тұрғындарды газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

  • Астанадағы түнгі клуб маңында 18 жастағы жасөспірім қаза тапты

    Астанадағы түнгі клуб маңында 18 жастағы жасөспірім қаза тапты

    Жаңа жыл алдында Астанада 18 жастағы жас жігіт қайтыс болды. Оқиға BHB Astana түнгі клубының маңында орын алған, деп хабарлайды Sons.kz NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

    Бастапқыда ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Пікірлерде қайтыс болған жігіттің Семейден келген бірінші курс студенті екені айтылған. Сондай-ақ, оқырмандар оқиға кезінде жастар арасында сөздік жанжал туып, ол өлімге әкеп соққан төбелеспен аяқталғанын жазды.

    Астана полиция департаменті фактісін растады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, түнгі клубтың бірінің маңында жастар арасындағы сөздік жанжал төбелеске ұласып, 18 жастағы азамат алған жарақаттардан қайтыс болған.

    Қылмыстық кодекстің ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Әлеуметтік желі қолданушылары клуб иелерін де жауапқа тартуды талап етіп, мекеменің қауіпсіздік деңгейінің жеткіліксіздігі мен кіре берісіндегі бақылаудың болмауын алға тартып отыр.

    Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Құқық қорғау органдары заң бойынша кез келген құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

    Сол түнде Атыраудағы бір барда да келушілер арасында жанжал болып, полиция қылмыстық іс қозғаған. Көз көргендер оқиға кезінде сөздік жанжал төбелеске ұласқанын атап өтті.

  • Жүргізуші айналма жолмен жүргісі келмеген: Шаған өзенінде «Газель» мұз астына кетті

    Жүргізуші айналма жолмен жүргісі келмеген: Шаған өзенінде «Газель» мұз астына кетті

    28 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысында «ГАЗель» жүк көлігі Шаған өзенінен мұз арқылы өтпек болған кезде суға батып кетті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz- ке сілтеме жасап.

    Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға сағат 12:35 шамасында Байтерек ауданына қарасты Октябрьское ауылы маңында болған. Жүргізуші қаладан үйіне қайтып келе жатып, айналма жолмен жүрмеу үшін өзенді мұз үстімен кесіп өтуді шешкен. Алайда мұз жүк көлігінің салмағына шыдамай, опырылып түскен.

    Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші көлік кабинасынан дер кезінде секіріп үлгерген. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

    Түстен кейін оқиға орнына құтқарушылар жетіп, сүңгуірлер арқан іліп, жүк көлігін судан шығарып алды.

    Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі су айдындарындағы мұздың әлі де жұқа екенін еске салып, тұрғындарды ресми өткелдерден тыс мұзға шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.