Рубрика: Қаржы

  • Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаржы жымқырылған

    Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаржы жымқырылған

    Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты 7 аудан мен елді мекендерде 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҚМА-ға сілтеме жасап.

    Күдіктілердің арасында компанияның бұрынғы директордың орынбасары бар, ол қазіргі таңда Құрчұм аудандық мәслихатының депутаты болып табылады.

    Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз әрекеттері салдарынан төрт спорт-сауықтыру кешені мен жеті ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.

    Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Бұл ақша аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол алынып, Астанадағы элиталық тұрғын үйлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes көліктері мен асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға жұмсалған. Барлық мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

    Күдіктілердің екеуі екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

  • ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    «Актив» және «Актив Маркет» желісіне қарасты ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың қызметінен зардап шеккен азаматтарға Қаржы мониторингі агенттігіне жүгіну ұсынылды. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Елемесовтің айтуынша, тексерулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр.

    «Азаматтарды қаржылық тәуелділікке итермелейтін тұлғаларға қатысты жүйелі тексерулер басталды. Қазіргі таңда 17-ден астам қылмыстық іс тіркелген, келтірілген залал көлемі 400 миллиард теңгеден асады, 400 мыңнан астам адам зардап шеккен», — деді ол.

    Аталған істердің қатарында «Актив» және «Актив Маркет» ломбардтарына қатысты тергеулер де бар. Алматы қаласында бірқатар микроқаржылық ұйымдардың заңсыз әрекеттері анықталған — олар Ұлттық банк белгілеген шектен асып, жоғары пайызбен несие берген.

    «“Актив Маркет” ұйымының тиісті лицензиясы жоқ. Сондықтан бұл сомаларды төлеудің қажеті жоқ. Азаматтар пайыз төлемей-ақ агенттікке жүгініп, шарттардың жарамсыз екенін дәлелдейтін құжат ала алады», — деді Елемесов.

    Оның айтуынша, кейбір азаматтар өз мүлкін қайтарып ала алады.

    «Пайызбен қарыз алған және зардап шеккендердің тізіміне енген азаматтар өз заттарын қайтара алады. Ол заттар “Актив Маркетте” тұр, себебі тергеу барысында тәркіленбеген. Бұл ретте пайыз төлеудің қажеті жоқ», — деді ол.

    Алайда мүлкін комиссия арқылы өткізген және төлем жасамаған азаматтар өз бұйымдарын қайтара алмайды, себебі компанияның негізгі қызметі — комиссиялық сауда болған.

  • СҚО-да жеке сот орындаушылары 133,5 миллион теңге табысын жасырған

    СҚО-да жеке сот орындаушылары 133,5 миллион теңге табысын жасырған

    Солтүстік Қазақстан облысында 25 жеке сот орындаушысының табысын жасырып, мемлекетке салық төлемегені анықталды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Бас прокуратураның мәліметінше, аталған тұлғалар 2023 жылға арналған 240.00 нысанды декларацияда өздерінің нақты табыстарын көрсетпеген. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне 13,2 миллион теңге салық түспей қалған.

    Тексеру барысында кейбір сот орындаушылары нөлдік табыс туралы декларация тапсырғанымен, іс жүзінде атқарушылық құжаттар бойынша миллиондаған теңге пайда тапқаны анықталды. Мәселен, бір сот орындаушысы бір жыл ішінде 459 құжатты орындап, 4,5 миллион теңге табыс тапқан, бірақ декларацияда табысы жоқ деп көрсетіп, 449 мың теңге салықтан жалтарған.

    Камералдық бақылау нәтижесінде 11 сот орындаушысы қосымша декларация тапсырып, 27,4 миллион теңге көлемінде табысын ашық көрсетіп, 2,6 миллион теңге салықты өз еркімен төлеген.

    «Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында уәкілетті орган салық берешегін өндіріп алу бойынша шаралар қабылдап жатыр», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

    Ведомство мұндай фактілер жеке сот орындаушылары институтының ашықтығына күмән тудыратынын атап өтті. Алдағы уақытта Бас прокуратура осындай бұзушылықтарды анықтау және болдырмау мақсатында тексерістерді жалғастырмақ.

  • Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    2025 жылдың 10 қазанынан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елдегі тұрғын үй несиелеу нарығына тікелей әсер етті. Қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, шарттарын қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Банктердің жауабы

    Altyn Bank «Цифрлық ипотека» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі – сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) есептеуге қатысты жаңа талаптарға бейімделу қажеттілігі.

    «Қазіргі уақытта банк тұрғын үй несиелеудің балама бағдарламаларын әзірлеуде. Өтінім қабылдау басталғаны туралы қосымша хабарланады», – делінген хабарламада.

    ForteBank те жаңа ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты.

    «Бұл ипотеканы толық жабу емес, тек шарттарды қайта есептеу үшін үзіліс. Нарық сарапталған соң несиелеу қайта жанданады», – деді банк өкілдері.

    Банк ЦентрКредит мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотеканы бұрынғыдай беріп жатыр.

    «Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне және СЖТМ бойынша жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты өтінім қабылдау жүйесінде техникалық шектеулер болды. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр», – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

    Freedom Bank ипотекалық несиелер беруді жалғастырып жатыр, бірақ пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуін жоққа шығармайды. Тек «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы өзгеріссіз қалады.

    Себебі неде

    Базалық мөлшерлеменің өсуі банктер үшін қарыз қаражатын қымбаттатады, сол себепті қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, жаңа талаптарға сәйкес СЖТМ мен тәуекелдерді қайта есептеуде.

    Сарапшы пікірі

    Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, бұл — нарықтың табиғи реакциясы.

    «“Ипотеканы жауып жатыр” деген сөз асыра айтылған. Банктер жаңа экономикалық жағдайға бейімделу үшін уақытша үзіліс алды. Мөлшерлемелер 2–3 пайыздық тармаққа өсуі мүмкін, ал несие алушыларға қойылатын талаптар күшеюі ықтимал».

    Оның айтуынша, бұл жағдай ең алдымен жас отбасылар мен эконом-класс баспана алушыларға әсер етеді.

    Тұрғын үй бағасы не болады

    Мүсіреповтың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығы тұрақтану кезеңіне өтуде.

    «Сатып алу-сату қарқыны төмендеп жатыр. Кей аймақтарда бағаның 5-10 пайызға дейін жұмсақ түзетілуі мүмкін. Бірақ бұл дағдарыс емес — тұрғын үйге деген іргелі сұраныс сақталып отыр», – деді сарапшы.

    Сондай-ақ ол құрылыс компанияларының енді бөліп төлеу, банк серіктестігі және жеңілдік акциялары сияқты баламалы тәсілдерге жүгінетінін айтты.

    Алдағы уақыт не көрсетеді

    Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін нарық жаңа мөлшерлемеге бейімделіп, ипотекалық бағдарламалар қайта іске қосылады. Алайда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 20 — 22% деңгейінде болуы мүмкін.

    Сарапшылар баспана алуды жоспарлап жүрген азаматтарға нарық тұрақтанғанша асықпауға кеңес береді — алдағы айларда мемлекеттік қолдауы бар жаңа бағдарламалар пайда болуы ықтимал.

  • Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізу бастамасын талқылады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қазіргі таңда елде 899 микроқаржы ұйымы және 197 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Олардың жалпы несие портфелі 3,2 трлн теңгені құрайды. Оның 61 пайызы, яғни 1,9 трлн теңге, бизнеске берілген микрокредиттердің үлесінде.

    Агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова қаржылық қызметтер тұтынушыларынан түсетін шағымдар саны артқанын атап өтті. Тек 2024 жылдың өзінде 812 тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде 431 млн теңге көлемінде 1175 айыппұл салынған.

    «Бақылау нәтижелері бұзушылықтардың тек микрокредит берумен ғана емес, басқа да қызмет түрлерімен байланысты екенін көрсетті. Осыған байланысты біз екі деңгейлі қадағалау жүйесін ұсынамыз – міндетті түрде өзін-өзі реттеу институтын енгізу», – деді Әбілқасымова.

    Кездесуге Агенттік басшылығы, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Ресей банкінің өкілдері, сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар мен коллекторлар қатысты. Ресейлік мамандар өз елдерінде енгізілген өзін-өзі реттеу тәжірибесімен бөлісті.

    Мамандардың айтуынша, бұл қадам нарықтағы тәртіпті күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

  • Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет

    Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет

    Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қаражат 86 мың шақырым желіні жөндеуге бағытталып, тозу деңгейін 50%-дан төмендетуге мүмкіндік береді.

    ? Инфрақұрылымның қазіргі тозуы:

    • жылумен жабдықтау – 65%-дан 90%-ға дейін;
    • электрмен жабдықтау – 70%-дан 97%-ға дейін;
    • сумен жабдықтау – 70%-дан 100%-ға дейін;
    • су бұру жүйелері – 70%-дан 100%-ға дейін.

    ? Қаражат бөлу жоспары:

    • жылумен жабдықтау – 1,3 трлн теңге (1,6 мың км, тозуы 40%-ға дейін төмендейді);
    • электрмен жабдықтау – 3,8 трлн теңге (77,6 мың км, 45%-ға дейін);
    • сумен жабдықтау – 600 млрд теңге (4,7 мың км, 34%-ға дейін);
    • су бұру жүйесі – 1,1 трлн теңге (2,6 мың км, 40%-ға дейін).
  • Алматы облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті: бюджетке 233,1 мың теңге қайтарылды

    Алматы облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті: бюджетке 233,1 мың теңге қайтарылды

    Алматы облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті Еңбекшіқазақ ауданының «№8 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сәйкестік аудит жүргізді. 2023–2024 жылдардағы қаржылық-шаруашылық қызметіне жасалған тексеріс нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

    Аудит барысында мемлекеттік сатып алу жоспарында заңға сәйкес келмейтін өзгерістер енгізілгені, сондай-ақ еңбек ақы төлеу жүйесінде негізсіз үстемеақылар тағайындалғаны белгілі болды. Мәселен, қызметкерлерге қосымша жұмыс атқарғаны үшін заңсыз есептелген 207,4 мың теңге көлеміндегі үстемеақы бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек, жоспарлау кезіндегі сәйкессіздіктерге байланысты пайда болған 25,7 мың теңге көлеміндегі қаражат қалдығы да мемлекет кірісіне өткізілді.

    Жалпы жиынтығында мемлекеттік бюджетке 233,1 мың теңге қайтарылды.

    Аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар жойылып, мекеме қызметіндегі қаржылық тәртіп ретке келтірілді.

    Алматы облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына тұрақты түрде бақылау жүргізуді жалғастырады.

  • БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласында ірі көлемдегі қаржы ұрлығы әшкереленді, деп хабарлайды Sona.kz өңірлік ЭҚІД-ге сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, Теректі ауданының Орталық кітапхана жүйесінің бухгалтері мен бас бухгалтері екі жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аударып отырған. Ақша түптеп келгенде олардың жеке шотына түсіп отырған.

    Экономикалық тергеу департаменті «өлі жандардың» нақты саны мен атқарды делінген лауазымдарын тергеу құпиясына байланысты жария етпеді. Белгілісі — келтірілген шығын көлемі 45 миллион 990 мың теңгені құраған.

    Ашық деректерге сүйенсек, Теректі ауданындағы Орталық кітапхана жүйесіне 34 кітапхана қарайды. Кітапханашылардың орташа айлық жалақысы шамамен 164 мың теңге.

  • Еңбек министрлігі жалақыны «конвертпен» төлеуге қарсы жаңа шаралар ұсынды

    Еңбек министрлігі жалақыны «конвертпен» төлеуге қарсы жаңа шаралар ұсынды

    Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді нақты еңбек қатынастарын және жалақы көлемін ашық көрсетуге міндеттейтін заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл тәжірибеде кең тараған «көлеңкелі» жалақыны болдырмауға бағытталған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, кей жағдайларда жоғары білікті мамандардың жалақысы құжатта небәрі 85 мың теңге болып көрсетілсе, қалған бөлігін жұмыс берушілер салықтан жалтару үшін конвертпен төлейді.

    «Олар ресми түрде 85 мың теңге деп көрсетіп, қалғанын конвертпен береді. Бұған жол бермеу үшін еңбек қатынастарын толық декларациялау қажет деп отырмыз. Халықаралық тәжірибе де осыны дәлелдейді — мысалы, Сингапур мен Швецияда жалақыны мемлекет реттейді», – деді министр Мәжіліс отырысында.

    Оның сөзінше, салалар арасындағы еңбекақы деңгейінде үлкен айырмашылық бар. Бірдей біліктілігі бар маман бір салада 1 миллион теңгеден артық табыс таба алса, басқа салада бар болғаны 400 немесе тіпті 220 мың теңге алады.

    «Қазір біз әлеуметтік серіктестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада ортақ келісімге келу үшін салалық келісімдерде еңбек ақы төлеудің шарттарын нақтылап көрсететін боламыз. Мәселен, тау-кен металлургия кешенін алып қарасақ, онда жалақы деңгейінің қаншалықты айырмашылығы бар екенін байқауға болады», – деп түсіндірді Жақыпова.

  • Қаржылық мониторинг: 164 млрд теңге бюджет қаржысы мен 11 млрд теңге субсидия тиімсіз жұмсалған

    Қаржылық мониторинг: 164 млрд теңге бюджет қаржысы мен 11 млрд теңге субсидия тиімсіз жұмсалған

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомство қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы міндеттері жөнінде ақпарат алды, деп хабарлайды  Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Агенттік 164 млрд теңгеге бағаланған 63 инфрақұрылымдық жобадағы бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғанын, ауыл шаруашылығында 11 млрд теңге субсидияның тиімсіз пайдаланылғанын анықтады.

    Сонымен қатар, 24 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компаниялар әшкереленіп, 20 заңсыз криптобиржа тоқтатылды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 млрд теңге заңсыз шығарылған.

    ҚМА 720 қылмыстық істі тергеп, 15 ұйымдасқан топты, оның ішінде 3 трансұлттық топты жойды. Сондай-ақ, 45 қаржы пирамидасы тоқтатылып, 31,5 мың алаяқтық сайт пен сілтеме бұғатталды.

    23 тергеу ісі заңсыз микронесие беру бойынша басталып, оның шығыны 71 млрд теңгені құрайды. Мемлекет басшысы ведомствоға бірқатар нақты тапсырмалар берді.