Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Асу Алмабаевтың кезекті жекпе-жегінің уақыты анықталды

    Асу Алмабаевтың кезекті жекпе-жегінің уақыты анықталды

    Әлемнің ең үздік тұжырымы UFC-де қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізген Асу Алмабаевтың шаршы алаңға қашан оралатыны анықталды.

    Қазақстандық аралас жекпе-жек майталманы Асу Алмабаев UFC-дегі соңғы жеңісінен кейін тұжырымның аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде 7-орынға көтеріліп, чемпиондық белбеуге бір табан жақындаған еді. Енді Алмабаев 2025 жылдың басында шаршы алаңға қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол келесі жекпе-жегін 1 наурыз күні өтетін UFC Fight Night 253 турнирінде өткізеді. Дегенмен қарсыласы әлі белгісіз.

    Айта кетейік, Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін Матеус Николауға қарсы өткізіп, төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жеңіске жеткен еді.

  • Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ерте шығу үшін тағы өтініш білдірді

    Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ерте шығу үшін тағы өтініш білдірді

    Бұрынғы вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын жеңілдетуді сұрап, сотқа талап-арыз түсірді.

    «Түрксіб аудандық сотына жаза шараларын ауыстыру бойынша іс-материалдары келіп түсті. Өтініш жақын арада қаралады», – деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

    Бұған дейін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төребаев пен Шерниязовқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырылған еді.

    Айта кетсек, бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен 10 сотталушы ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу, қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оны басқару бойынша кінәлі деп танылып, олар 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын.

    Сотталушылар Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

    Сотталушылар мен олардың өкілдерінен үкімге апелляциялық шағым түскен болатын.

    Еске салсақ, 2019-2020 жылдар аралығында Алмас Құрманғалиев және Ержан Мансұров есімді азаматтардың ойластыруымен «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС атты қаржы пирамидасы құрылып, бұл науқан Ислам қағидаларына сәйкес келетін қаржы (инвестициялық) институты ретінде таныстырылып, жәбірленушілердің осы жобаға үміт бар деген жалған түсінігін қалыптастырған.

    «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС құрылтайшыларының құрамына осы ЖШС-да әрбірінің 11-11,5% үлесі бар түрлі қылмыстық рөлдер берілген сотталушылар Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев кірген.

    Сондай-ақ компанияның қызметіне белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернияз да тартылған. оларға компанияның жұмысын насихаттау, үгіттеу, әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында ЖШС жарнамасын жүргізу рөлдері берілген.

    Осы қаржы пирамидасының қылмыстық қызметінің нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде – 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілді.

  • Биыл Қазақстанның 5 164 азаматы шетелдіктермен неке қидырған

    Биыл Қазақстанның 5 164 азаматы шетелдіктермен неке қидырған

    2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтардың некелері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында тіркеледі.

    Ведомствоның баспасөз қызметі осы жылдың 10 айында 107 256 неке қиылғанын хабарлады. Жаздың бір айында 13 257 қазақстандық жұп үйленген.

    Қазақстанның заңнамасы бойынша кәмелетке толған азаматтар, яғни 18-ге толғандар некеге тұра алады. Бірақ тіркеу органдарының неке жасын екі жылға төмендетуінің екі себебі бар: бұл жүктілік және ортақ бала. Биыл осындай жағдайларға байланысты 532 жұп үйленген.

    Сонымен қатар, 5 164 Қазақстан азаматы шетелдіктермен неке қидырған.

     

     

  • Мәдениет және ақпарат министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

    Мәдениет және ақпарат министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

    «Құрметті достар! Кейінгі уақытта белгісіз біреулер менің атымнан таныс және бейтаныс адамдарға жасанды интеллект көмегімен дауыстық хабарламалар жіберу жағдайлары жиілеп кетті. Сіздерден осындай хабарламаларды елемеуді, бейтаныс нөмірлерді бұғаттауды сұраймын. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Алданып қалмаңыздар. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!», – деді Балаева.

    Министр баршаңызды сақ болуға және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырды. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еріктілер қозғалысының белсендісі, қайырымдылық қор құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуге пікір айтты.

  • Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы жаңа баспаналарының кілтіне ие болды. Сол сияқты медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтарға үй беріліп, өңірдегі 76 отбасы жаңа қоныс қуанышына кенелді. Оның 50-і Панфилов қаласының Жаркент қаласында, 16-сы Көксу ауылының Бозтоған және Мұқыры ауылдарында, 10-ы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында тұрғын үйге қол жеткізді.

    – Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, – деді Жаркент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Шынар Азатбекова.

    Отбасымен бірге мерекелік қоныстой қуанышына жеткен Ескелді ауданының тұрғыны:

    – Тұрғын үйге кезекте тұрғанымызға біраз жыл болды. Шаңырағымызда төрт бала бар, міне, баспанамыздың кілтін алдық, үйдің ішін аралап көрдік, жақын жандарымыз құттықтап келіп жатыр. Еліміздің айтулы күні қарсаңында қоныс тойға жеткенімізге қуаныштымыз, – деді мұқырылық Сәулеш Жауынбаева.

     

    Сонымен қатар мереке қарсаңында Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.

    Осы күні облыстың бірқатар ауылдарында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа енгізілді.

    – Мұндай заманауи медициналық пункттің ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондай кезде ешқайда бармай-ақ енді осында қараламыз. Бұл жаңа нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді медицина саласының ардагері, ПЧ-45 станциясының тұрғыны Айша Сәрсенбаева.

    Сондай-ақ Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медпункт салынды. Оған қоса, Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды. Сонымен қатар ауданда алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды.

  • Ақтөбе облысында жоғалған балықшылардың денесі табылды

    Ақтөбе облысында жоғалған балықшылардың денесі табылды

    Ақтөбе облысында екі адам 14 желтоқсан күні жоғалып кеткен еді. 16 желтоқсанда Темір ауданындағы өзеннен балықшылардың денесі табылды.

    53 жастағы Владимир Курдюков пен 21 жастағы Михаил Дула 14 желтоқсан күні таңғы сағат 4-те балық аулауға шығып, жоғалып кеткен. Оларға әріптестері мен туыстары хабарласқанымен, балықшылар қоңырауды көтермеген. Кейін туыстары еріктілерден жәрдем сұрады.

     «Алдын ала болжам бойынша, «Нива» автокөлігі көпірден жоғары жылдамдықпен кетіп жатып, суға құлаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

  • Қырғызстанда із-түзсіз кеткен қазақстандық іздестіріліп жатыр

    Қырғызстанда із-түзсіз кеткен қазақстандық іздестіріліп жатыр

    Қырғызстан полициясы шекараны заңсыз кесіп өтпек болған қазақстандықты іздестіріп жатыр, деп хабарлайды 24.kg сайты. 

    Шу облыстық МІІБ жоғалған адамды табуға көмектесуді сұрайды. Ведомство мәліметінше, полицияға 50 жастағы Қазақстан азаматы арыз түсіріп, ұлы Алибек Саматұлының (1997 жылы туған) жоғалғанын хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы 14 қарашаға қараған түні қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған кезде жоғалып кеткен.

    «Жоғалған адамның белгілері: бойы 174 см, орта денелі, шашы қысқа, бетінде қал бар. Ерекше белгісі – сол аяғындағы тыртық. Жоғалған кезде қара түсті спорттық киім және жеңінде қызыл жолағы мен ақ жиектемесі бар қара күртеше киген»делінген хабарламада.

    Бұл дерек Шу облыстық МІІБ-де тіркелген. Іс Аламедин ауданының ІІБ-не тапсырылды. Соталды тергеу басталған.

    Қырғызстан құқық қорғау органдары Алибек Саматұлының қайда екенін білетіндерден кез келген ақпаратты келесі телефондарға хабарлауды сұрайды: 03123635270312363523 (кезекші бөлім) немесе 0701059585.

  • Талғарға жаңа әкім сайланды

    Талғарға жаңа әкім сайланды

    15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында «AMANAT» партиясынан ұсынылған Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті.

    Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады. Сонымен қатар, 182 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасады. Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і өз таңдауын жасады. Қатысу деңгейі 30,1%-ды құрады.

    1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген Арыстанбек Әбілқайырұлы – мамандығы бойынша эколог. Өз еңбек жолын 2005 жылы «MAG group» құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған. Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.

    2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.

    Тұрғындардың қолдауына ие болған Арыстанбек Әбілқайырұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында Талғар қаласын дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды.

    Арыстанбек Әбілқайырұлы қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті қолдауға уәде берді. Сонымен қатар, қалада жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал етіп, жергілікті өнімдерді өндіруге басымдық бермек.

    Инфрақұрылымды дамыту мәселесінде әкім жол-көлік жүйесін жаңартуға ерекше назар аударады. 2026 жылға қарай 20 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көлік кептелісін азайту мақсатында қалада жаңа көпір салуды қолға алмақ. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2028 жылға дейін толыққанды шешім қабылданатынын мәлімдеді.

    Әлеуметтік салада Әбілқайырұлы тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге ерекше мән беріп, «Талхиз» мұражайын ашуға ықпал етпек. Сонымен бірге, №2 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

    Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камераларын орнатып, жаяу жүргіншілер жолын жаңарту және жарықтандыру жүйесін дамыту шараларын қолға алады.

  • Қолайсыз ауа райы: Бірнеше облыста көлік қозғалысы шектелді

    Қолайсыз ауа райы: Бірнеше облыста көлік қозғалысы шектелді

    Еліміздегі дауылды ескертуге байланысты кей облыстарда көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

    Уақытша жабылған жолдар 2024 жылғы 17 желтоқсан күні сағат 08:00-де ашылады деп жоспарланып отыр.

    Қостанай облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсанда сағат 19:30-да Қостанай облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы автожолының 686-729 шақырым аралығында (Сарыкөл ауылынан СҚО шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    Солтүстік Қазақстан облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсанда сағат 19:30-да Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы автожолының 729-768 шақырым аралығында (Қостанай облысының шекарасынан Тоқсан би ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    Жамбыл облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсан сағат 21:00-де Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына байланысты Алматы-Ташкент-Термез автожолының 159-238 шақырымы аралығында (Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

  • Роза Рымбаева тағы бір атаққа ие болды

    Роза Рымбаева тағы бір атаққа ие болды

    Қазақстанның жезтаңдай әншісі Роза Рымбаева Абай облысының құрметті азаматы атанды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Роза Рымбаеваға облыстың «құрметті азаматы» деген медальді табыстады.

    «Бүгін қасиетті мекен Абай облысының құрметті азаматы медалімен марапатталдым», — деп жазды әнші әлеуметтік желісінде.