Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алдағы демалыс күндері қатты суық болады

    Алдағы демалыс күндері қатты суық болады

    Синоптиктер болжамынша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына Солтүстік және Оңтүстік циклондар әсер етеді.

    14-15 желтоқсанда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, кейде қатты жауын-шашын болады деп болжанды. 16 желтоқсанда республиканың шығысында және оңтүстік-шығысында қалың қар жауады.

    Сонымен қатар республика бойынша көктайғақ, тұман, бұрқасын күтіледі, жел күшейеді. Ауа температурасы түнде республиканың солтүстік-батысында -10…-18 градусқа дейін, солтүстік пен орталықта -15…-25 градусқа дейін, оңтүстік-шығыста -15…-25 градусқа дейін төмендейді.

    Республиканың оңтүстігінде -10…-17 градусқа дейін, таулы аймақтарда -20…-27 градусқа дейін аяз болады.

     

  • Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Бұған дейін сот шешімімен 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Саида Тәуекел Шерзаттың әкесі полицияға шабуыл жасамағанын, тек екі қызметкер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастағанын айтты. Адвокаттар сот шешіміне апелляциялық шағым жолдаған болатын.

    Онлайн өткен сотта прокурор он бес күнге қамауды сұрады. Қорғаушылар тарапы Қаржаубайдың эмоциялық жағдайын түсіндірген. Сол күні және оған дейін болған оқиғалар тізбегін ескеруді сұраған.

    «Ол полицияға шабуылдаған жоқ. Ал мүлікті бүлдіргенін жасырмайды. Қаржаубайдың сауалы бар полицейлер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастаған. Мұны ол сол орыннан полицейлердің кетіп қалмасы үшін жасаған. Осы мақсатта ол дөңгелекке пышақ сұққан. Бірақ басқа адамдарға шабуылдамаған. Ол тек қана өз өміріне қауіп төндірген», – деді адвокат.

    Саида Тәуекелдің айтуынша, ол өзінің әрекеті заңсыз екенін түсініп отыр. Қорғаушы тарап соттан оған ең жеңіл жаза кесуді, айыппұл төлетуді өтінген.

    «Бірақ сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 15 күнге қамауға алынды. Алайда біз апелляциялық шағым жазып, жолдаймыз», – деген-ді адвокат.

    Алайда, Алматы облысының әкімшілік іс жөніндегі сот алқасы Еңбекшіқазақ аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырып, Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушыларының шағымын қанағаттандырмады. Бұған сәйкес, Нұрымов сот шешімімен 15 тәулікте қамауда болады.

  • Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат және оның ағасының өлімін тәртіп сақшылары тергеп жатқанын айтып, құқық қорғау органдары берген ақпаратқа сенуге шақырды.

    Біз отбасына көңіл айтамыз. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда (іс) ішкі істер министрі мен бас прокурордың жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары берген мәліметтерге көңіл бөліп, сену. Қазір олар ашық жұмыс істеп отыр. Әр жұмысы бойынша баспасөз құралдарында (ақпарат) жариялап жатыр, – деді Марат Сұлтанғазиев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.

    Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Сондай-ақ, Талғар қаласы маңында Шерхат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылған болатын. Алдын ала мәліметке сай, ол өзіне қол салған.

  • Перизат Қайраттың қымбат мүліктері бұғатталды

    Перизат Қайраттың қымбат мүліктері бұғатталды

    Соттың санкциясымен қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың қымбат мүліктері бұғатталды.

    Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп отыр.  

    Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астанадағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza тұрғын үй кешені, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval көліктері бұғатталды.

    Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып тәркіленді, – деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.

    Тәркіленген мүлік заттай дәлелдер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

  • Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

    Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

    Іс-шараға Агенттіктің аумақтық бөлімшілерінің басшылары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшылары, кадр қызметінің қызметкерлері, әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.

    Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзушылықтарын талдау нәтижелері талқыланды.

    Ағымдағы жылдың басынан бастап 497 тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 6 935 бұзушылық анықталды.

    Талдау нәтижелері, мемлекеттік органдар лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық рәсімдер жүргізу және т.б. кезінде бұзушылықтарға жол берілетінін көрсетті.

    Бұл ретте Ақтөбе және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында конкурс рәсімдерін жиі бұзуға жол берілген.

    Тәртіптік тәжірибедегі бұзушылықтардың ішінде қызметкер бұзушылық фактілерімен келіспесе де, қызметкерлерді қызметтік тергеу жүргізбестен тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Кейбір жағдайларда қызметкерлер тәртіптік комиссияның отырыстары туралы хабардар етілмеген. Бұл олардың өзін қорғау мүмкіндігін шектеп, құқығын бұзады.

    Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану кезіндегі бұзушылықтардың басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында анықталған.

    Жұмыс уақыты режимін сақтамау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекеттік қызметшілер тиісті рәсімдеусіз үстеме жұмысқа тартылған. Өз кезегінде, үстеме жұмыстың есепке алынбауы қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды қиындатып, олардың мотивациясына теріс әсер етуі мүмкін.

    Жағдай жақсарту үшін Агенттік басшыларға, кадр қызметтеріне және әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған практикалық құрал ретінде әдістемелік ұсынымдары бар мемлекеттік қызмет саласындағы жиі жол берілетін заңнамалық бұзушылықтар жинағын әзірледі.

    Жинақта тексеру барысында анықталған бұзушылықтардың нақты мысалдары, олардың алдын алу бойынша ұсыныстар көрсетілген. Сондай-ақ кадрлық қызметтер мен әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған мысалдар, кейстер және қадамдық іс-қимыл алгоритмдері ұсынылған.

    Құжат типтік қателерді тез анықтап, олардың себептерін талдауға және  алдын алудың тиімді шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

    Отырыс барысында аталған әдістемелік ұсынымдар мемлекеттік органдарға алдағы жұмыста пайдалану үшін ұсынылды.

    Сондай-ақ Әдеп жөніндегі комиссия отырысында Қарағанды қаласының және Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралды.

    Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғандығы анықталды. Анықталған фактілер негізінде Комиссия «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

    Бұдан басқа, Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарау кезінде құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуге қатысты жер қатынастары саласындағы бұзушылықтарға, сондай-ақ тиісті бақылаудың болмауынан жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

    Бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде сараланды, осылайша оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.

  • Шерзат Болаттың өлімі Сұлтанғазиевтің әкімдік мәнсабына әсер ете ме?

    Шерзат Болаттың өлімі Сұлтанғазиевтің әкімдік мәнсабына әсер ете ме?

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін отставкаға кетпейтінін меңзеп, жұмысы әлеуметтік желіде тараған ақпаратпен өлшенбейтінін айтты.

    ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысына «4 қазанға қараған түні Шерзат Болат көз жұмды. 12 қазанда белгісіз біреулер марқұмның үйін өртеп кетті. Сіз оқиға орнына бардыңыз ба?» деген сұрақ қойылды.

    Марат Сұлтанғазиев Талғар қаласындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

    Мен Талғарға 12 қазанға дейін бардым. Сол жақта жиын өткіздік. Өрт болған кезде бармадым. Өйткені, маған толық мәліметтер беріліп отырды. Ол жаққа біздің ішкі саясат басқармасы, ауыл әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттарымыз барды. (Үй) өртенгенде бұл территорияға ешкім кіргізілмеді. Себебі, тиісті жұмыс жүргізіліп жатты, – деді облыс әкімі.

    Журналист «Сіз осы қайғылы оқиғадан кейін отставкаға кеткіңіз келмей ме?» деп сауалын нақтылады. Өңір басшысы жұмысы әлеуметтік желідегі ақпаратпен өлшенбейтінін айтты.

    Біздің жұмысымыз тек әлеуметтік желіде тараған жаңалықпен бағаланбайды. Көптеген сала бар: экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа. Кейін басшыларымыз өз бағасын берер, – деді Марат Сұлтанғазиев.

    Еске салайық, биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмды.  12 қазанда марқұмның отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кетті.

  • Шерзат Болаттың отбасына демеушілер үй салуға дайын – Алматы облысының әкімі

    Шерзат Болаттың отбасына демеушілер үй салуға дайын – Алматы облысының әкімі

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шерзат Полаттың отбасына үй салып беретін меценаттар бар екенін айтты.

    «Әрине, бұл отбасының үй мәселесі, көмек беру мәселесіне қатысты мәлімет бергенмін. Біздің аудан, ауыл әкімдіктері, кейін өзіміздің құрылымдар олармен (Шерзат Полаттың отбасымен) толық байланыста. Тиісті көмегін мемлекеттік емес ұйымдар, меценаттар арқылы көрсеттік. Қазір меценаттар мен демеушілеріміз үй салуға дайын. Егер иелері артынан мақұлдап жатса, жұмысқа кірісуге дайынбыз. Қазір біз оларға ұсындық. Қыс мезгілі кезінде үйдің тиісті құжаттарын дайындап алайық деген», – дейді Сұлтанғазиев.

    Осыған дейін облыс әкімі Талғардағы жағдайға байланысты халықты сабырға шақырған болатын.

    Еске салсақ, Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсіміндегі әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалған еді.

     

  • 16 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер жұмыс істемейді

    16 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер жұмыс істемейді

    16-17 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істемейді. Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес, мереке күндері қос елдің өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.

    Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 16-17 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көліктерді және жүктерді өткізу іске асырылмайды. Алайда қазақ-қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз, – деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.

  • Енді Назарбаев және оның отбасының дендаулығы мен жеке өмірі құпия болады

    Енді Назарбаев және оның отбасының дендаулығы мен жеке өмірі құпия болады

    Назарбаевтың және оның отбасы мүшелерінің денсаулығы мен жеке өмірі туралы деректер енді жарияланбайтын болды.

    Қазақстанда мемлекеттік құпиялар туралы заңға түзетулер енгізілді. Енді мемлекет басшысы қол қоюы керек.  Заңда «Қазақстан президенті мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы туралы, Қазақстан президентінің, Қазақстанның экс-президенті мен оның отбасы мүшелерінің денсаулығы мен жеке өмірінің жай-күйі туралы мәліметтер» толықтырылды.

    Сенат аясында депутат Айгүл Қапбарова бұл норма мәжілісте, заңды қарау кезінде енгізілгенін атап өтті.

    «Бұл денсаулық туралы деректер. Қазақстандағы кез келген азаматтың жеке өмірі бар. Бұл денсаулық мәселесіне, оған қойылған диагноздарға байланысты. Көптеген елдерде президенттердің денсаулығы туралы мәліметтер құпия болады», — деп түсіндірді сенатор.

  • Қазақстанның 16 облысында ескерту жарияланды

    Қазақстанның 16 облысында ескерту жарияланды

    Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі. Атырауда түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі.

    Ұлытау облысының солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Жезқазғанда күндіз жаяу бұрқасын күтіледі.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңерең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні 15-20 м/с. Қарағандыда оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Қостанай облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күші 15-20 м/с, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 23 м/с. Қостанайда күндіз жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күші 15-20 м/с.

    Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында тұман, облыстың солтүстігінде, орталығында көктайғақ күтіледі. Ақтауда түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Павлодар облысының батысында, солтүстігінде оңтүстіктен жел соғады, түнде 15-20 м/с күтіледі.

    Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында орталығында, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 17-22 м/с. Қонаевта оңтүстік-шығыстан жел соғады, кей уақытта екпіні 17-22 м/с.

    Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20, күндіз облыстың тау асуларында 25 м/с. Түркістанда түнде және таңертең тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Қызылорда облысының орталығында тұман күтіледі. Жел оңтүстіктен соғады, күндіз облыстың орталығында 15-20 м/ күтіледі. Қызылордада жел оңтүстіктен соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Батыс Қазақстан облысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Оралда көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, түнде екпіні 18 м/с.

    Астанада оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, кей уақыттарда екпіні 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде түнде жаяу бұрқасын, күндіз бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с, облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні 23-28 м/с. Петропавлда жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с күтіледі.

    Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында 15-20, Жарма ауданында екпіні 25 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде тұман күтіледі. Облыстың оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың оңтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с.

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың таулы аудандарында 15-20 м/с күтіледі. Таразда кей уақыттарда тұман күтіледі.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда 23-28 м/с күтіледі. Көкшетауда күннің екінші жартысында жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с, күндіз екпіні 23 м/с.

    Жетісу облысының шығысында, таулы аудандарында тұман күтіледі.