Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Димаш Құдайберген Дубайда халықаралық DIAFA сыйлығымен марапатталды

    Димаш Құдайберген Дубайда халықаралық DIAFA сыйлығымен марапатталды

    Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Distinctive International Arab Festivals Awards (DIAFA) атты  халықаралық сыйлығымен марапатталды.

    Бұл туралы ол 2024 жылдың 28 қарашасында Instagram парақшасында мәлімдеді.

    «Өнерге қосқан үлесі үшін DIAFA сыйлығына рахмет. Рахмет, Дубай, рахмет, DIAFA», – деп жазды ол ұйымдастырушыларға және қала тұрғындарына алғысын білдіріп.

    DIAFA сыйлығы жыл сайын Дубайда беріледі. Ол қоғам өмірін жақсартуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін айырықша тұлғалар мен ұйымдарға табысталады. Салтанатты рәсім әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың басын қосып, олардың халықаралық аренадағы беделін көрсетеді.

  • Алматыда автобус астында қалған жеті жасар бала көз жұмды

    Алматыда автобус астында қалған жеті жасар бала көз жұмды

    Алматы қаласының Іргелі ауылында «Асыл Арман» тұрғын үй кешені тұрағында мектеп микроавтобусы баланы басып кетті.

    Полиция хабарлағандай, JAC микроавтобус жүргізушісі артқа жүріп бара жатып, жеті жасар баланы басып өткен. Бала алған жарақаттарынан оқиға орнында бақилық болды.

    «Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.

    Біздің дереккөздеріміздің хабарлауынша, баланы басып өткен микроавтобус мектеп оқушыларын тасымалдап жүрген.

    Оқиға орын алған аулада оқушылардың қауіпсіздігіне ешқандай жағдай жасалмаған. Мұны тұрғындар талайдан бері айтып жүр. Жаяу жүргіншілер өткелі мен аялдама мүлде жоқ. Үйлер мен  дүкендердің арасындағы қуыстай жерге бала таситын микроавтобус та әрең сияды. Қазір автобус жүргізушісі қамауға алынды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кетті.

  • 2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделеді

    2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделеді

    Биыл Алматыда жалпы ұзындығы 223 шақырым 253 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы хабарлады.

    Биыл жөнделген жолдың ішінде ұзындығы 57 шақырым 20 магистраль көшеге, сондай-ақ ұзындығы 30 шақырымдай жаяу жүргіншілер жолдарына және 40 аялдама алаңдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

    Оның ішінде:

    — Алатау ауданы — 66 көше;
    — Алмалы ауданы — 15 көше;
    — Әуезов ауданы — 18 көше;
    — Жетісу ауданы — 29 көше;
    — Медеу ауданы — 33 көше;
    — Наурызбай ауданы — 22 көше;
    — Түрксіб ауданы — 36 көше;
    — Бостандық ауданы — 34 көше.

    – 2025 жылы ұзындығы 300 шақырым көше жол желісінің жабынын орташа жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көше тізімдері аудан әкімдіктерімен келісе отырып, сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша құрылады, – деді Қалалық мобильділік басқарма басшысының орынбасары Асан Бостанов.

  • Алматыда тағы жер сілкінді

    Алматыда тағы жер сілкінді

    Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, шкала бойынша жер сілкінісі 2 балды құрады.

    – ҚР ТЖМ «СБЗҰҒҰ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 28 қарашада Астана уақытымен сағат 01:32-де жер сілкінісін тіркеді. Шкала бойынша жер асты дүмпулері 2 балды құрады. Жер сілкінісінің эпицентрі Қытай аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 318 км жерде орналасқан, – делінген хабарламада.

    Қалалық ТЖД мәліметінше, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.

    – Қалада жыл сайын 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим болып табылады, – деп ескертті ведомство.

    Бұдан бөлек, жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» АТЭТУ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

    – Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану ошақтары табылған жоқ. Қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түспеді. Жағдай тұрақты, – делінген таратылған хабарламада.

  • Димаш Құдайберген Қазақстанның туризмін дамыту үшін клип түсірді

    Димаш Құдайберген Қазақстанның туризмін дамыту үшін клип түсірді

    Әннің клипі Қазақстанның ең көрікті, қасиетті жерлерінде түсірілді. Видеодан Шарын шатқалын, Көлсай көлдерін, Ақмешіт үңгірін, Әзірет-Сұлтан тарихи музейін, Бозжыра шатқалы, сол сияқты Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатау ұлттық саябақтарын көруге болады.

    «Достар, ерекше ықыласпен және зор қуанышпен «Киелі мекен» әніме түсірілген бейнебаянды ұсынамын. Жаңа музыкалық жұмыс Отанымның таңғажайып көркемдігіне арналған! Бейнебаянда біз Қазақстанның бірегей табиғи ландшафттары мен бай мәдениетін паш етуге тырыстық.

    Мен Қазақстан әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристердің тартылатын орталығына айналатынына сенімдімін», – деп жазды Димаш Құдайберген Instagram парақшасында.

  • Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

    Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

    Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев кірісті.

    Туризм және спорт министрі Ербола Мырзабосынов комиссия отырысына төрағалық етті. Комиссия отырысында екі облыстың басқарма басшылығына ұсынылған азаматтардың кандидатурасы талқыланды.

    Соған сәйкес Сәпиев Қарағандыда спорт саласын басқаратын болды. Ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев Павлодар облысы басқармасына жетекшілік етеді.

    «Президент спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді», – дей келе, Мырзабосынов министрлік жанындағы комиссия басқарма басшыларын тағайындауға ықпал ететінін мәлімдеді.

    Халықаралық спорт шебері, «Парасат» орденінің кавалері Серік Сәпиев 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойынында жеңімпаз болды. Сол жылы Баркер кубогын иеленді. Әуесқой бокстан бірнеше мәрте олимпиада чемпионы атанды.

    2017-2019 жылдары «Нұр отан» партиясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. 2019-2021 жылдары Спорт комитетін басқарды. Кейін комитет басшылығынан өз еркімен кететінін мәлімдеді.

  • Биыл бюджетке қанша қаржы түсті?

    Биыл бюджетке қанша қаржы түсті?

    Биылғы республикалық бюджеттің түсімі мен кірістердің болжамды сомасы белгілі болды. Толығырақ Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтып берді.

    «2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы, бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленді. Бірінші, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салықтық емес түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екінші, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды.

    Үшінші, депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, Үкіметтік борыш қызметіне 150 млрд теңге сомасындағы қаражатты қайта бөлу қарастырылған. Төртінші, бюджет тапшылығында 136,1 млрд теңге сомасына 2023 жылдың соңына бюджет қаражатының қалдықтары және жекелеген жобаларды іске асыруға қарыздарды тарту ескерілді», – деді Мәди Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

    Министр ұсынған статистикаға сүйенсек, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. 2024 жылғы кірістер трансферттерді есепке алмағанда 14,1 трлн теңгені құрайды.

    «Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) 2,7% деңгейінде болжануда. Бюджет шығыстары 24,1 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді», – дейді ведомство басшысы.

  • Әлібек Сайланбаев – Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары

    Әлібек Сайланбаев – Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары

    2023 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әлібек Сайланбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 

    Әлібек Сайланбаев Назарбаев Университеті мен Сауд Арабиясындағы King Abdullah University of Science and Technology оқу орындарында білім алған. Ол тағайындалғанға дейін Wand Synthesis AI INC компаниясында машиналық оқыту жөніндегі маман ретінде жұмыс істеп, жасанды интеллект саласындағы озық жобалармен айналысты.

  • Қазақстан үш қалада ЖЭО салу үшін Ресейден кредит алады

    Қазақстан үш қалада ЖЭО салу үшін Ресейден кредит алады

    «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауына келіп түсті.

    Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, келісімде жабдықтарды жобалау, дайындау және жеткізу, жаңа жылу электр орталықтарын салу және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстар қарастырылған.

    «Сонымен қатар қазақстандық тарапқа Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру, жеңілдікті қаржыландыру тетіктерін орындау шарттарын айқындайды», – дейді депутат.

    Қазақстанда Ресей салатын жылу электр орталықтарының қуаты: Көкшетауда – 248 МВт, Семейде – 360 МВт, Өскеменде – 360 МВт.

    Мәжілістің тиісті комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.

  • Министр: Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек

    Министр: Итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек

    Итбалықтардың өлексесі табылған орындардағы алғашқы сынамалардың нәжесі белгілі болды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

    «24 қазаннан бастап өлген итбалықтар тіркеле бастады. Шын мәнінде жауапты қызметтердің барлығы сол жерге барды, сондай-ақ ветеринарлар мен экологтар, гидробилогия мен экология институттары, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Тиісті сынамалардың барлығы алынды. Пастереллез, тырысқақ, оба аурулары бойынша алғашқы сынамалар зерттелді. Бұл ретте, осы індеттер табылмады», – деді Е. Нысанбаев.

    Оның сөзіне қарағанда, қазір мамандар су түбінде жер сілкіну салдарынан табиғи газдың шығуынан немесе судың ластануынан итбалықтар қырылуы мүмкін деген тұжырымды айтып жатыр.

    «Маған осы мәселеге қатысты мәлімет беріп жатыр. Атап айтқанда суда нормадан ауытқу байқалмады. Ғалымдардың мәліметінше, қорытынды нәтижені жариялау үшін 3-4 ай уақыт керек. Олардың зерттеу нәтижесін күтеміз. Өзіміздің экология департаментінің зертханалары ауаның, судың, топырақтың құрамын зерттеді. Бұл жұмыстарға халықаралық ұйымдарды қосқан жоқпыз», – деді министр.

    Еске салайық, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 1 989 итбалықтың өлексесі табылған еді.