Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Imanbek-тің жаңа туындысы шықты

    Imanbek-тің жаңа туындысы шықты

    Павлодарлық саунд-продюсер Иманбек Зейкеновтің жаңа туындысы шықты. «Built Different» (Өзгеше құрылған) деп аталатын музыкалық коллаборация мәдениет жетістігі мен молшылықты сипаттайды.

    Грэмми сыйлығының иегері Imanbek-тің «Built Different» деп аталатын жаңа синглы аз уақыттың ішінде әлемге әйгілі 12 музыкалық платформада ойнап үлгерген. Музыкалық трек — саунд-продюсер Иманбек Зейкеновтің және америкалық хип-хоп орындаушысы Рик Росс пен ресейлік проюсер KDDK-тың бірлескен коллаборациясы.

    Жастар қауымына ұнаған «Built Different» электронды би, хип-хоптың және гангста-рэптің элементтері бар. Соңғы екеуі мәтінде айқын беріледі. Әнде мәртебе, байлық, өзін-өзі танып білу, өзіне сенімділік сияқты адамның ерекше қырлары сипатталады. Осылайша музыка авторлары қаһармандар әдеттегі адамдарға ұқсамайды, олардың жаратылысы бөлек деген мағынаны білдіргісі келсе керек. Вокалдық партиялар тудыратын әуен атмосферасы Иманбек өңдеген сазға жақсы кіріккен.

    YouTube платформасындағы бейнежазбаны екі күннің ішінде 7 мыңға таяу адам көрген. Еске сала кетейік, Иманбектің өңдеуіндегі «РУХ» бейнеклипі бір күнде 17 мыңнан астам қаралым жинады.

     

  • Түркіменстанда қазақстандық блогер ұсталды

    Түркіменстанда қазақстандық блогер ұсталды

    СІМ баспасөз қызметі Қазақстан азаматын түрікмен шекарашылары ұстағанын хабарлады.

    Блогердің Instagram парақшасынан оның саяхаттап жүргені белгілі болды. «Еуро одақ» Алматыдан Абу-Дабиге автостоппен баруды жоспарлаған. Ол кейінгі жазбасын, Самарқанда түскен суретін 17 қарашада жариялаған.

    Жазбаның астында блогердің достары мен жазылушылары дабыл қағып, «Қайдасың?» деп сұрақ қойып жатыр.

    Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Құсайыновтың ұсталуына қатысты түсінік берді.

    «Оны түрікмен шекарашылары өзбек-түрікмен мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін ұстады. Біздің елшілігіміз бұл мәселеге қатысты, консул ұсталған азаматпен кездесуді сұрады», – деді ол.

  • Қазақстанның 14 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

    Қазақстанның 14 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

    Астанада түнде және таңертең тұман түседі.

    Батыс Қазақстан облысының шығысында көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі.

    Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігінде, күндіз облыстың солтүстігінде көктайғақ. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, күндіз күші секундына 15-20 метрге жетеді.

    Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Шымкентте таңертең және күндіз нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі.

    Алматыда түнде жене таңертең тұман түседі.

    Абай облысының күндіз батысында, солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, күндіз облыстың орталығында, оңтүстік-батысында екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.

    Шығыс Қазақстан облысының күндіз солтүстігінде, шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында – 15-20 м/с.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын. Түнде және таңертең облыстың батысында, оңтүстік-шығысында тұман.

    Қостанай облысында қар, оңтүстігінде жаяу бұрқасын. Облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде екпіні 15 метрге жетеді.

    Павлодар облысында жауын-шашын (көбінесе қар), облысының оңтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Түнде және таңертең облысының оңтүстігінде, шығысында тұман. Солтүстіктен жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын болып, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні – 15-20 м/с.

    Жетісу облысының солтүстік-батысында, таулы аудандарында тұман. Оңтүстік-батыстан жел соғады, Алакөл көлдері ауданында екпіні секундына 25 метрге жетеді.

  • Президент Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысын тағайындады

    Президент Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысын тағайындады

    2024 жылдың 26 ​​қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қарулы Күштерінде кадрлық ауыс-түйіс жүргізді. Мемлекет басшысының өкімімен Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысы болып Мереке Күчекбаев тағайындалды.

    «Мереке Мәтімұлы Көшекбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды», – деп жазылған ресми ақпаратта.

    Қазақ армиясында Күчекбаев әскери училище курсынан бастап «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына дейін өтті. Осы жылдар ішінде жауынгерлік дайындықта жауапты қызметтер атқарды. Бірнеше әскери бөлімдердің қолбасшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Аэро-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы болды.

    1997 жылы Алматы жоғары құрама қару-жарақ командалық училищесін, 2007 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2019 жылы Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

    2-дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

    Басқа бұйрықпен Асан Қуанышұлы Жүсіпов бұл қызметтен босатылды.

    Өзгерістер мұнымен бітпеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қуанышбек Үштаевты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатады. Оның орнына бұл қызметке Ержан Ибраев келді.

  • Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын 4 теміржол жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

    «Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың (836 км) және Алматы айналма жолының (74 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, Дарбаза-Мақтаарал (152 км) және Бақты-Аягөз (272 км) желілерінің құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы станциясы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш станциясын босатуға мүмкіндік береді», – деді Марат Қарабаев.

    Министр бұл Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін 20 млн тоннаға артыратынын да айтты.

    Айта кету керек, осыған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыздардың кешігу себебін түсіндіргенін жазған болатынбыз.

  • Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

    «Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

    Сонымен қатар Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер кезінде 1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.

  • Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы инспекторлары ауқымды тексерістер жүргізіп, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың жүздеген фактісін анықтады.

    Тексерістердің қорытындысы бойынша 78 әкімшілік материал әзірленді. Олардың 28-і облыстық соттарға жолданды, ал қылмыстық іс қозғалмаған құқықбұзушыларға жалпы сомасы 14 млн 644 мың 140 теңге айыппұл салынды. Тексерістер барысында 23 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олардың материалдары да сотқа жолданды. Заңсыз салынған құрылыстар, оның ішінде Талғар ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешені, бұзылуға жатады. Қазір 4 сабан үй бұзылып, 7 нысанға бұзу туралы талап-арыздар жолданды, – делінген хабарламада.

    Сондай-ақ, Қонаев қаласындағы оқу корпусының, «Eco-Park Alatau» ТК-ның кәріз жүйелері мен Райымбек ауданындағы су бөгеттерінің құрылысы барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты шаралар қабылданды. 61 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, оның екеуі – «Sheberbuild» ЖШС және «Жаңарту» ЖШС Сот шешімімен лицензиясынан айырылды.

  • Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Алматы полициясы департаменті қоғамдық көлікте әйелді ұрған 66 жастағы жергілікті тұрғынды қамауға алды.

    Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам әйелдің қатты сөйлегеніне наразы болып, оған дене жарақатын салған.

    «Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», – деді Алмалы ауданы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Батыржан Абдумасаров.

    Әрбір азамат құқықтық тәртіп қатаң сақталып, кез келген құқыққа қайшы әрекетке заңды түрде баға берілетініне сенімді болуы тиіс.

  • Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан қалалық сотының үкімімен облыстық ветеринария басқармасы Ветеринарлық қызметінің басшысы Бахытжан Бегманов сотталды.

    Антикор мәліметінше, ол аудандық ветеринариялық қызметтің 115 қызметкеріне сыйақы ретінде төленген жалпы сомасы 5,5 млн теңгені жинаған. Осылайша, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Сот оны кінәлі деп тапты.

    Сот үкімімен Бахытжан Бегмановқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеліп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, боран соғып, жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты екі учаскеде көлік қозғалысына тыйым салынды.

    «Атап айтқанда, «Мақаншы – Жалаңашкөл» тасжолының 0-133 шақырымы, «Мақаншы – Үшарал» тасжолының 0-48 шақырымы көліктің барлық түрі үшін жабық тұр. Жүргізушілерден сақтық шараларын қаперде ұстауды және бұл ақпаратты жол жүру жоспарында ескеруді сұраймыз», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

    Осы ретте, полицейлер жабық жол учаскесімен жүріп кеткен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.