Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

    Оның айтуынша, еліміздің бес өңірінде спорт нысандарын тиімсіз басқарғандар анықталған. Олардың кейбіреулері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың арасында Алматыдағы «Алматы Арена» мен «Халық Арена» нысандары да бар.

    Бұған дейін бұл нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке ұйымның басқаруында тегін пайдалануға берілген еді.

  • Қазақстандықтар тегін скринингтің жаңа түрлерінен өтеді

    Қазақстандықтар тегін скринингтің жаңа түрлерінен өтеді

    Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарына өзгерістер, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу ережелері, көлемі мен кезеңділігін дайындады.

    Атап айтқанда, жаңа мақсатты топтар пайда болады:

    • Глаукомамен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер.
    • Ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға – цереброваскулярлық аурулар бойынша динамикалық байқауда тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер.

    Өткізу жиілігі-екі жылда бір рет.

    Құжат 27 қарашаға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.

    Қазіргі уақытта Қазақстанда мынадай тегін скринингтер жүргізілуде:

    • артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға;
    • қант диабетін ерте анықтауға;
    • сүт безі обырын ерте анықтауға;
    • жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін;
    • колоректальды қатерлі ісікті ерте анықтау үшін.
  • Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен Қазақстан Республикасының көп бөлігінде қар жауады. Еліміздің батысында, оңтүстік-батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Тек елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

    Синоптиктердің болжамынша, республика бойынша желдің күшеюі, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында бұрқасынмен, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында тұман, батысында, елдің солтүстік-батысында көктайғақ күтіледі.

  • Қонаевтағы кәріз-сорғы станцияларының құрылысы кешіктірілуде – фейк

    Қонаевтағы кәріз-сорғы станцияларының құрылысы кешіктірілуде – фейк

    Онда мердігер жұмысты мерзімінен кешіктіріп жатқаны, мердігерге 12 млрд теңгеден астам ақша төленіп қойғаны, сондай-ақ нысандар қолданысқа беруге дайын емес екені жазылған. Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

    ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың қазан айынан Қонаев қаласында 11 кәріз-сорғы станцияларын жаңарту жұмыстары басталды. Бұл жоба қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар Қонаевта ғимараттар мен тұрғын үй алаптарының көбеюіне байланысты тозығы жеткен сорғыларға артық жүктеме түсіп, апат болмауы үшін жасалған.

    Мердігер «TOLAGAI-2050» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Жұмыс кестесіне сәйкес, нысан 2025 жылдың наурызында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Құрылыс жұмыстарының уақытылы жүруі қала әкімі Асхат Бердіхановтың жеке бақылауында.

    Ұлттық қордан бөлінген 12 млрд 687 мың теңгенің 391 млн. теңгеден астамы әлі игерілмеген, мердігердің шотына жіберілмеген.

    Қазіргі таңда жалпы 22 дана сорғының жартысынан көбі орнатылған, электр желілері тартылған. 28 шақырымнан астам құбырдың 26,5 шақырымы жүргізілген. Сондай-ақ жер жұмыстары, қасбеттерді жөндеу жұмыстары жасалуда.

    Бөлінген қаржының сомасына қатысты айта кетсек, себебі – құрылыс материалдарының қымбат болуында. 1 кәріз сорғысының құны 50-60 млн теңгені құрайды. Ал 11 сорғы станциясына кем дегенде 2-3 данадан қою қажет. Бұдан бөлек, құбырларды тарту, жерді жару, мамандардың еңбекақысы, құрылыс материалдарын сатып алу деген сияқты жұмыстары тағы бар.

    Видеоның кадрында апатты жағдай көрсетілген. Бейнежазбада кейбір сорғы станциялары кәріз суларына толып кеткені көрсетілген. Бұл апаттар бірден жойылды. Қазір 11 сорғы станциясы қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Бүгінде басқа да ғимараттарды, тұрғын үйлерді кәріз суы алып кету қаупі жоқ.

  • Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жетісу облысындағы Жаркент гарнизонында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан әскери бөлімнің офицері көз жұмды.

    Бұл ақпаратты Қазақстан Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады. Қайғылы оқиға 14 қараша күні болды.

    «Диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақ өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.

    Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Офицердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

    Осыған дейін CMN.KZ басылымы Жетісу облысындағы әскери бөлімдердің бірінде инженерлік қызмет бастығының мәйіті табылғанын жазған. Алдын ала нұсқа бойынша мерзімді әскери қызметте жүрген үш сарбаз алаң маңында капитанды ұстап алып, қол-аяғын байлап, спорт қалашығына қарай алып кеткен. Артынша өздері казармаға оралған.

    Ес-түссіз жатқан капитанды қалашық маңынан өтіп бара жатқан аға лейтенат тауып алған. Жедел жәрдем түнгі сағат бірде ер адамның өлімін тіркеді.

  • Алматы облысында колония басшысының орынбасары ұсталды

    Алматы облысында колония басшысының орынбасары ұсталды

    Алматы облысында арнайы прокурорлар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері №14 түзеу мекемесі басшысының орынбасарын ұстады.

    Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты деген күдікпен тергеуге алынды. Тергеушілердің мәліметінше, колония басшысының орынбасары бірнеше рет пара алған.

    «Қылмыстық іс бойынша барлық деректер анықталуда», деп мәлімдеді Алматы облысының прокуратурасы.
    Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

  • Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Су тасқыны кезінде жапа шеккен халыққа көмектесуге құлшынған Перизат Қайрат қазір ел сенімін аяққа таптады деген күдікке ілінді.

    Қаржылық мониторинг агентігінің мәліметінше, ол 1,5 миллиард теңге ұрлаған болуы мүмкін. Бұл қаржы еліміздің әр аймағынан жиналып, қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс еді.

    Алайда, сол қайырымдылық ақшасына Перизат ханым Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:

    Mercedes-Benz S450 – құны 88 миллион теңге;
    Lexus LX-600 – құны 80 миллион теңге;
    Haval – құны 39 миллион теңге.
    Қымбат көліктерден бөлек, Перизат «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.

    ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Стамбұл қалаларына жиі барып, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» секілді бесжұлдызды қонақ үйлерде тоқтаған. Атақты «Cartier» мен «Louis Vuitton» брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.

    Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.

    Перизат Қайрат – «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады. Онда мемлекеттік көмек жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда, бұл үндеуді көп ұзамай әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.

  • Соңғы 9 айда елден 10 мыңнан аса адам көшіп кеткен

    Соңғы 9 айда елден 10 мыңнан аса адам көшіп кеткен

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі демографиялық жағдай туралы баяндады. Бюро мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 20 223 218 адамды қамтыған.

    Оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. Соңғы 9 айда халықтың жалпы өсімі 189 376 адамды қамтыды.

    2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды қамтыды.

    Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (1 мың тұрғынға – 25,04 адам), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкент қаласында (23,68) байқалды.

    Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (1 мың тұрғынға – 11,52), Шығыс Қазақстан облысында (11,32) және Қостанай облысында (10,12) байқалды. Бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты.

    Сонымен қатар, алғашқы жарты жылдың ішінде 95 мың неке қиылып, 29,3 мың ажырасу тіркелген.

    2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте елге келгендер саны 20 383 адамды, елден кеткендер саны 10 201 адамды қамтыды. Көші-қон айырымы – 10 182 адам.

    2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанға келгендер саны 6,5% өсті, ал кеткендер саны 19,9% азайды.

    Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 79,7%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі – 76,9%.

    Ел ішіндегі көші-қон 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 47,4% өсті. Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде: Астана (52 853 адам), Алматы (26 157 адам), Шымкент (5 948 адам) қалаларында және Алматы обласында (765 адам) халық көші-қонының оң айырымы қалыптасты.

  • Алматыда қар көшкіні жүруі мүмкін – ТЖМ

    Алматыда қар көшкіні жүруі мүмкін – ТЖМ

    2024 жылдың 13-15 қараша аралығында Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында қатты жауын-шашынның түсуіне байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін, деп мәлімдеді ведомство.

    ТЖМ көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

    Мамандар таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салады:

    • Маршрутыңызды егжей-тегжейлі зерттеңіз.
    • Қар көшкіні, сел қаупі бар жерлерден аулақ болыңыз, әсіресе қатты жауын-шашыннан кейін.
    • Жақындап келе жатқан сел ағын шуын естігеннен кейін бірден 50-100 метр жоғары көтерілу керек.
    • Қар көшкіні мен сел өмірге қауіп төндіретін үлкен салмақты тастарды ұшыратуы мүмкін.
    • Әрқашан есіңізде болсын, қар көшкіні мен сел ағынынан тек қашу арқылы құтылуға болады.
    • 112 бірыңғай нөмірінен ескертулерді қадағалаңыз, қар көшкіні мен сел қаупі төнген жағдайда тауға баруды кейінге қалдырыңыз.
  • Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр

    Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр

    Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты.

    Апатқа не себеп болғаны анықталып жатыр. Әртүрлі нұсқа бар, бірақ басты нұсқа – техникалық ақау, – дейді Жазықбаев.

    Айта кетейік, 9 қараша сағат 11:40-та Мартөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақтың қатты қарқынмен қонғаны туралы ақпарат түскен. Бортта 3 адам болған. Бір адам қаза тапты, екі адам ауруханада жатыр.