Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған.

    Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Сондай-ақ ол «Қазтеміртранс» АҚ және «Kazakhstan Energy Reinsurance Company» директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі.

    М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді.

    Тимур Әбілқасымов «Radius Advisory Lab» ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді.

    Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болды.

  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы тағайындалды

    Жоғары сот кеңесінің төрағасы тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

  • «Майқайыңалтын» апаты: күдіктілерді үйқамаққа жіберді

    «Майқайыңалтын» апаты: күдіктілерді үйқамаққа жіберді

    «Майқайыңалтын» АҚ мен оған қарасты жерасты кенішінің бұрынғы басшылары сот шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Олар тергеу амалдары аяқталғанша үйлерінде болады.

     

    «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин, директордың бірінші орынбасары Қанат Баширов, орынбасары Иван Терешков, Майқайың жер асты кенішінің директоры Андрей Шувалов пен оның орынбасары Берік Назыров, кеніштің бас инженері Дінмұхамед Қайыпқанұлы кеше соттың шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Тергеу амалдары аяқталғанша олар үйқамақта болады.

    Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлады.

  • Павлодарда студент оқытушыны пышақтап тастады

    Павлодарда студент оқытушыны пышақтап тастады

    Павлодар облысының Білім беру басқармасы 18 қыркүйекте Павлодар колледжінің 2007 жылғы студенті  Павлов көшесіндегі үйдің ауласында педагогті жарақаттағаны туралы хабарлайды.

    Колледж әкімшілігі бекітілген алгоритмге сәйкес шараларды ұйымдастырған. Педагогке медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта жағдайы тұрақты.

    Болған оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды. Жағдайды анықтау үшін студентті полиция қызметкерлері қамауға алды.

    Білім басқармасы білім беру ұйымдарының басшыларымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезектен тыс кеңес өткізді.

  • Алматы облысында газ жарылып, 1 адам қаза тапты

    Алматы облысында газ жарылып, 1 адам қаза тапты

    Өкінішке қарай, үй иесі көз жұмды. Полицияның мәліметінше, жарылыс болғанда үйде тоңазытқыш жеткізушілер болған. Олар зардап шекпеген.

    «Қаза тапқан адамның мәйіті мәйітханаға жеткізілді, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталуда», — деп жазды облыстық ПД.

    Жарылыстың қатты болғаны соншалық, көрші тұрғын үйге де зақым келген, ал 3 үйдің терезелері сынып кеткен. Жарылыс орын алған үйге былтыр көгілдір отын тартылған. Қаза тапқан ер азаматтың туыстары бұған дейін үй иесінің газдан қауіптеніп жүргенін алға тартып отыр. Бірақ, газ желілері мамандардың тексерісінен өткен.

  • СҚО-да анасы пышақтаған 11 жасар қыз ауруханаға жатқызылды

    СҚО-да анасы пышақтаған 11 жасар қыз ауруханаға жатқызылды

    Жаға ұстатарлық жағдай туралы алғаш ақпаратты жариялаған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева болды. Мәліметінше, СҚО-да анасы қызын үй тапсырмасын орындамағаны үшін пышақтап тастаған. Қыз облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

    «Оқушының жағдайы өте ауыр. Қылмыстық іс қозғалды. Комиссия құрылып, экспертиза жасалуда», — деп жазды Динара Зәкиева.

    Артынша комитет жергілікті әкімдік пен комиссияның әйелді қалған балаларын тәрбиелеуден шеттетуге шешім қабылдағанын хабарлады.

    «Медициналық көмек көрсетілуде. Алдағы уақытта психологиялық көмек көрсетіледі. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр», — делінген комитет мәлімдемесінде.

    Жағдай жергілікті балалардың құқығын қорғау уәкілінің бақылауына алынды.

  • Қонаевта ерекше спорт алаңы ашылды

    Қонаевта ерекше спорт алаңы ашылды

    Атап айтқанда, осы күнге дейін қаладағы Орталық саябақ, Жеңіс паркі жөндеуден өтсе, Қонаев көшесінің бойында воркаут алаңы және скейт парк қолданысқа берілді. Сонымен қатар №5 жағажай толығымен абаттандырылып, биылғы шомылу маусымында халыққа тегін қызмет көрсетті.

    Халық үшін тегін қызмет ететін тағы бір нысан жақында ғана ашылды. Ол — «Кроссфит» алаңы. Аз ғана уақытта салынған алаңның ашылу салтанатына қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.

    «Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көп. Аталған нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз», — деді ол құттықтау сөзінде.

    Аталған нысанда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокс, йогамен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылған. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі. Алаңның құрылысы 10 айға созылды.

    Мұнда тұрғындар спортпен тегін айналысады. Олар да ерекше алаңның ашылғанына дән риза.

    «Кешке балаларымызды алып шығып, қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалар жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар», — деді Мақпал есімді тұрғын.

    Салтанатты шарамен қоса, бүгін стритбол, соккербол, кросфиттен жарыс өтті. Оған 130-ға жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

  • Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.

    Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

    Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

    АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.

  • Ауа райы: -6 градусқа дейін суытады

    Ауа райы: -6 градусқа дейін суытады

    Еліміздің шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жылжыған фронтальді бөліктердің әсерінен найзағай ойнап, жаңбыр жауады,елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде және таңертең тұман болады деп күтіледі. Республика бойынша сипат беретін ортақ табиғи құбылыс – желдің екпін алуы.

    Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан облысының шығысында, солтүстігінде, Қарағанды өңірінде, Абай облысының батысында, шығысында, орталығында, Қостанай өңірінің солтүстік-шығысында, Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, Жетісу облысының таулы аудандарында сынап бағаны –1-ден -6 градусқа дейін төмендеп, күн суытады, үсік жүреді.

    Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Жетісу өңірінің батысында, БҚО-ның солтүстік-шығысында, Қызылорда өңірінің солтүстік-шығысында, солтүстік-батысында, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында, Қарағанды өңірінің батысында, орталығында, ШҚО-ның батысында, оңтүстігінде, орталығында, Қостанай облысының оңтүстігіне өрт қаупі жоғары болады.

    Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, Қарағанды өңірінің батысында, шығысында, Ұлытау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, Абай облысының оңтүстігінде,  Жетісу өңірінің солтүстігінде, орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде, батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

  • Ұлттық спорт орталығының бас есепшісі 117 миллион теңге ұрлаған

    Ұлттық спорт орталығының бас есепшісі 117 миллион теңге ұрлаған

    «Маңғыстау облысының прокуратурасы спорт мекемесінде бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеру барысында ұрлық фактісін анықтады. 2018-2023 жылдар аралығында облыстық ұлттық спорт түрлері орталығының бас есепшісі 117 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын заңсыз иемденгені анықталды» делінген хабарламада.

    Аталған факті бойынша облыс прокуратурасымен тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі (салақтық) және 189-бабының 4-бөлігі (ұрлық) бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

    «Сот үкімімен мекеме басшысы өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бас есепші бюджет қаражатын ұрлағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді», – деп хабарлады прокуратура.