Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • 650 мың теңге төлеген. Қажылыққа барам дегендер алданды

    650 мың теңге төлеген. Қажылыққа барам дегендер алданды

    Алматыда 70-ке тарта адам қажылыққа ұша алмай қалды. Олар Умраға аттану үшін Qazaq umma деп аталатын компаниядан жолдама сатып алған. Бірақ кеше рейске санаулы сағат қалғанда Мекке мен Мединадан қонақүй түгілі, ұшаққа билет алынбағанын естіген, деп хабарлайды ю  КТК телеарнасы.

    Қазақстандық азаматтар алдағы он күнде қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларында құлшылық жасаймыз деп жоспарлаған. Басым бөлігі кеше ұшаққа мініп, бүгін қасиетті мекенге жетуі тиіс еді. Алайда рейске санаулы сағат қалғанда жолдама сатушылар олардың ешқайда ұшпайтынын мәлімдеді. Қасиетті қонақүйден орын түгілі, ұшаққа да билет алынбаған.

    Туристер алдымен Мәдина қаласына тұрақтап, кейін Меккеге аттануы керек болған. Әрқайсысы компанияға шамамен 650 мың теңгеден төлеген. Бұл қаражатқа төрт жұлдызды қонақ үйге жайғасуы тиіс еді.

    Компания директоры Әділбек Тұрғымбаев банкротқа ұшырағанын айтты. Қазіргі уақытта туристерге 40 миллион теңгеден астам қарыз. Ол туристерді Мекке мен Мәдинаға жөнелте алмайтынын жеткізді. Алайда, қарыздарын қайтаруға тырысып жатырғанын айтты.

    Умраға ұша алмаған туристер полицияға шағым түсіріп үлгерді. Олар ақшасын сот арқылы талап етпек.

  • Әуе рейсін кешіктірген ер адам сотталды

    Әуе рейсін кешіктірген ер адам сотталды

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты терроризм актісі туралы жалған хабарлаған азаматты 3 жылға соттады. 

    Айта кетейік, бұл азамат биыл қаңтар айында мас үкйінде «FlyArystan» компаниясының Астана-Өскемен бағытындағы рейсіне мініп, төбелес шығарған. Ұшақтың бортсерігін және ұшақтағы тағы бір жолаушы ұрып, екеуін жаралаған. Бұдан өзге ұшақтың ішінде бомба барын айтып, дауыс көтерген. Оның осы мәлімдемесіне байланысты компания мен полиция 153 адамды ұшақтан түсіруге мәжбүр болған. Бұл өз кезегінде қалалық полиция департаменті мен әуе компаниясына шығын келтірген.

    Сотта ол кінәсін толық мойындаған. Жәбір көргендер мен куәгерлер айғақ айтқан, сарапшылар тиісті сараптама қорытындыларын ұсынған. Прокурор оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот азаматтың мастығын оның жазасын ауырлататын мән-жай деп тапқан.

    Сот қылмыстық істің мән-жайын, ауырлататын мән-жайды ескере отырыпоны Қылмыстық кодекстің 273-бабы және 293-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

  • «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» корпорациясы хабарлағандай, жеті кенші қаза болған Жомарт кенішіндегі апат орнында авариялық-құтқару бригадалары тау жынысының опырылмағанын анықтаған.

    «Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр. Соңғы үш жылда «Қазақмыс» еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салды, ал 2025 жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Компания жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді», – деп мәлімдеді компанияда.

    Cондай-ақ, хабарламада «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін шұғыл әрекет етіп, нақты шара қабылдап жатқаны айтылған. Атап айтқанда, ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, мәйіттерді тасымалдау, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынған. Қаза болған кеншілердің жақын туыстарының өтініші бойынша үш мәйіт Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді.

    Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясының жұмыскерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыратын «KM Life» сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды.

    Сақтандыру төлемінің мөлшері қаза болған кісінің асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.

    Ал ұжымдық келісімшартқа сай, марқұмдардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылған. Алдағы уақытта оларға 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жететін жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді.

    Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.

    Сонымен қатар қаза болған кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қазіргі таңда Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

  • Павлодарда 52 ауылды су басуы мүмкін

    Павлодарда 52 ауылды су басуы мүмкін

    Ауа райын болжаушылар көктем Керекуге ерте келеді деп хабарлап қойды. «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпактың ақпараты бойынша ақпанның екінші жартысында ылғал мол түседі. Температура нормадан 2 градусқа жоғары болады.

    Наурыз айында да ауа температурасы жылдағыдан 2 градусқа жоғары болмақшы. Топырақта қалған күзгі ылғалдың көлемі 60%-ға артса, қардағы судың қоры да нормадан 7%-ға асып тұр.

    Былтырғыдан төмен жалғыз ғана көрсеткіш – топырақтың орташа қату тереңдігі, ол өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға аз. Аймаққа негізгі қауіп көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарынан келетіні де жасырын емес.

    Аталған өңірлерде жиналып қалған ақ ұлпаның көлемі былтырғыдан 1,5 есе артық. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар тобын Ақтоғай және Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған. Қазір облыста жедел штаб құрылған.

    – Былтыр көктемдегі ауыртпалықты ескере отырып, жаз бен күзде 18,89 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. 4,8 км бұрма арналары жөнделіп, кейбірі қайта салынды. Автомобиль және темір жолдардың астына 24 су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылды. Арналар мен өзендердің учаскелерінде 7,8 км тереңдету жүргізілді. Инженерлік жұмыстар жоспарымен 31 іс-шара іске асырылды. Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңі үшін 5973 тонна инертті материалдар, 35 мың данадан астам қаптар, 68,6 тонна жанар-жағармай әзірлеп, тамақтануға 139 ниет шартын және жарылыс жұмыстарына 7 шарт жасасты. Сонымен қатар, мемлекеттік материалдық резервтен қозғалтқышының қуаттылығы 100 кВт, секундына 625 литр су айдайтын екі жылжымалы сорғы стансасы (АЕМ 500/10) берілді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

    Ықтимал су тасқынымен күресуге 2327 адам, 699 инженерлік және арнайы техникалар, 23 жүзу құралы, 355 мотопомпа дайындалып қойған.

    Қажет болған жағдайда Ертіс өзені бойында және оған кіретін өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге Аққулы, Май, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында және Ақсу қаласында 7 шарт жасалған.

    – Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы Шүлбі су қоймасындағы судың көлемі 81,5% құрайды (өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артық). Осыған байланысты Павлодар және Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде Ертіс өзенінің жағасын нығайту жұмыстарына кірісуі қажет, – дейді департамент бастығы.

  • Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Бірінші болып баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев дөңгелек үстелген қатысушыларға ауыл халқының жылдан жылға азайып бара жатқанына назар аударуды сұрады.

    – Бүгінгі күнде елімізде 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы 6286 ауыл болды. Сонда тек 2 жылдың ішінде 80 ауыл жойылды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде: ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру қажеттігін баса айтқаны баршаңызға мәлім. Сондықтан осы мәселені талқылап, ауылдарды соның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту бойынша нақты шешімдерге келген жөн, – деді ол.

    Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі он жылда Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған.

     

  • Елімізде алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болған

    Елімізде алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болған

    Интернетте TikTok, Telegram, Instagram және басқа танымал платформалардағы аккаунттарды сатып алу-сатуға қатысты алаяқтық схемалар белсенді түрде таралуда.

    Мәселен, жоқ шоттарды сату. Сізге «миллион жазылушысы» бар шот ұсынылады, бірақ ақша аударылғаннан кейін сатушы жоғалып кетеді.

    Сатудан кейінгі тосқауыл. Есептік жазба сізге аударылған болса да, алаяқ байланысқан электрондық пошта немесе телефон нөмірі арқылы кіруді қалпына келтіре алады.

    Сатып алынған есептік жазба бұғатталуы мүмкін. Әлеуметтік желілер қайта сатуға қарсы белсенді түрде күреседі және ережелерді бұзғаны үшін есептік жазбаңыз жабылуы мүмкін.

    Ұрланған тіркелгілерді пайдалану. Кейде алаяқтар заңсыз жолмен алған шоттарын сатады.

    Оларды сатып алу арқылы сіз өзіңіз схеманың бір бөлігі боласыз.

    Фишингтік сілтемелер. «Транзакцияны растау» үшін сізге жалған кіру парағы жіберілуі мүмкін, деректеріңіз ұрлануы және негізгі тіркелгіңізге шабуыл жасалуы мүмкін.

    Тіркелгілерді сатып алмаңыз, бұған көптеген платформалардың ережелері тыйым салады.
    «Тамаша» ұсыныстарға сенбеңіз, әсіресе кепілдіксіз.

    Ешқашан бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармаңыз. Тіркелгілеріңізді қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Сатушының беделін тексеріңіз, бірақ шолулар жалған болуы мүмкін екенін ескеріңіз.

    Егер сізге шотты сатып алу немесе сату ұсынылса, абай болыңыз. Ақшаны және жазылушылардың сенімін жоғалтқанша, өз профиліңізді дамытуға уақыт жұмсаған дұрыс.

  • Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды.

    Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Алдын ала ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлік, көліктер, биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және тағы басқа тауарлар сатып алу үшін пирамидаға қаражат салуды ұсынған. Олар ай сайын салынған соманың 30%-на дейін пайда табуға уәде берген.

    Қаржы пирамидасы кеңселерін және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден асатын қолма-қол ақша және  қымбат 13 көлік тәркіленді.

    2 қаржы пирамидасын ұйымдастырушы екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

  • Еліміздің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Еліміздің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Синоптиктер 20 ақпанда елордада және еліміздің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

    Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ болады деп болжанып отыр.

    Қарағанды облысының солтүстігінде тұман түседі, көктайғақ болуы ықтимал.

    Павлодар облысының оңтүстігіне мен батысына тұман түседі.

    Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді деп күтілуде. Облыстың батысында, оңтүстігінде тұман түсіп, түнде оңтүстік-батысында солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Петропавлда да қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді деп болжанды.

    Қызылорда облысының шығысы мен орталығына тұман түсуі ықтимал.

    Ақтөбе облысының оңтүстігіне тұман түседі деп болжанып отыр.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында көктайғақ болады. Аталған облыстың солтүстігіне, оңтүстігіне, таулы аудандарына тұман түсуі мүмкін. Таразда да тұман күтілуде.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Облыстың батысына, солтүстігіне, шығысына тұман түседі. Көкшетауда да түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді деп болжанды. Атырауда да қар жауады, жаяу бұрқасын жүреді.

    Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын жүріп, жауын-шашын (қар, жаңбыр), көктайғақ, түнде және таңертең облыстың солтүстік-шығысында, орталығында тұман болады деп күтіліп отыр. Түнде облыстың батысында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні — 15-20 м/с. Ақтауда  көктайғақ болуы ықтимал.

    Қостанай облысының солтүстігіне, оңтүстігіне тұман түседі деп күтілуде. Қостанайда да түнде және таңертең тұман болады.

    Түркістан облысының солтүстігіне, таулы аудандарына тұман түсу ықтималдылығы жоғары.

    Астанада кей уақыттарда тұман байқалады.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде тұман болады деп күтіліп отыр. Өскеменде де түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.

     

  • Еліміздегі алты әуежайға тексеру жүргізілді

    Еліміздегі алты әуежайға тексеру жүргізілді

    Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен әуежайлары, әуеайлақтардың техникалық жай-күйі қатаң тексерістен өтті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду айтты.

    «AZAL әуе компаниясы ұшағының апатынан кейін біз алты әуежайды: Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен әуежайларын, әуеайлақтардың техникалық жай-күйін және ұшуды қамтамасыз ету жұмыстарын мұқият тексердік. Сонымен қатар тұрақты әуетасымалдаушылар: Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan-ның 71 азаматтық әуе кемесіне перрондық тексеру жүргіздік. 686 ұшқыштың ұшу алдындағы дайындығын бақыладық», – деді ол.

    Каталин Радудың айтуынша, бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, авиациялық қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, азаматтық авиацияның негізгі субъектілерін жоспардан тыс тексеру жалғасып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, ұшу қауіпсіздігі деңгейі 74%-дан 82%-ға дейін көтерілген.

    Айта кетсек, Ақтау қаласының маңында болған ұшақ апатынан кейін премьер-министр Олжас Бектенов авиациялық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде жоспардан тыс тексеру жүргізу бойынша тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырма берген еді.

  • «Нөмірді жасыру әрекеті бекер!»: Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

    «Нөмірді жасыру әрекеті бекер!»: Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

    Полиция жүргізушілердің жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершіліктен құтылу үшін қандай қулыққа баратынын айтты.

    Алматы ПД мәліметінше, ең көп таралған қулықтар – бейне жүйелерден мемлекеттік нөмірді жасыру.

    «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында Алматы қаласының патрульдік полиция қызметкерлері «Алматы паркинг» кәсіпорнымен бірлесіп, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін шүберектер, жапсырмалар, картон және басқа да қолда бар құралдармен, оның ішінде ақылы автотұрақ аумағында жасыратын жүргізушілерді анықтау мақсатында рейд жүргізді.

    Төле би даңғылы бойында жүргізілген бір сағаттық жергілікті іс-шара кезінде 30-дан астам жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. Олар тез арада тәртіп бұзушылықты түзеді және айыппұл салынды. Осы рейдтен 6 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді.

    Сондай-ақ полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, бейнежүйелерді алдау әрекеттерінің пайдасыз екенін еске салды.