Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Барлық өңір бойынша Ораза кестесі жарияланды

    Барлық өңір бойынша Ораза кестесі жарияланды

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі 2025 жылғы діни күндер кестесін бекітті.

    2025 жылы Рамазан айы 1 наурызда басталады, ал Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түседі. Ораза айт 30 наурызда өтсе, Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға сәйкес келеді.

    Кестені мына сілтеме арқылы жүктей аласыз.

    Діни басқарма мамандары ай күнтізбесіне байланысты бұл күндер жаңа айдың көрінуіне қарай бір күнге өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

    – Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді, – делінген хабарламада.

  • Былтыр елімізге 3,5 млн турист келген

    Былтыр елімізге 3,5 млн турист келген

    Тізімде одан кейін келушілер саны жағынан Маңғыстау, Бурабай, Алакөл мен Балқаш көлдері тұр. Атап айтсақ, Маңғыстау облысы мен Каспий жағалауын таңдаған туристер саны 325 мыңнан асқан.

    Ал, Бурабай туристік аймағында 275 мың адам демалған. Алакөлде 238 мың, Балқаш көліне келгендер саны 120 мыңнан сәл-ақ асады. Ең қызығы рейтингіде Катонқарағай мен киелі Түркістан сынды еліміздің ғажап орындары елеусіз қалған.

    Мәселен былтыр аталған туристік аймақтарға келгендер саны екеуін қоса алғанда 120 мыңға жетпейді.

  • Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери жазаланды

    Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери жазаланды

    Ақтаудағы 25744 әскери бөлімде сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери қызметші лайықты жазасын алды. Мұндай пікірді Бас әскери прокурордың орынбасары Талғат Бекбергенов білдірді.

    – Жаза тәртіпке қайшы әрекетке сай келеді. Мерзімді әскери қызметшіге қатысты билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Әскери сот мерзімді қызметтің екі сарбазына темекі тұқылын жегізіп, күш қолданған үшінші сыныпты сержантқа билігін асыра пайдаланғаны үшін 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Ауыр салдардың болмауына және сотталушының жеке қасиетін ескерсек, оған тағайындалған жаза түзелуіне жеткілікті, – деді Талғат Бекбергенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

    Айта кетейік, бұл оқиға Ақтауда болғанымен, іс Ақтөбе әскери сотында қаралды. Сот взвод командирі Әділет Керімовті Қылмыстық кодекстің 451 бабы 1 бөлігімен айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

  • Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғашқы атом электр стансасын салатын өңір туралы қаулыға қол қойды.

    «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2) тармақшасына және 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Алматы облысының Жамбыл ауданы – «Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы шешім қабылдансын, – делінген қаулыда.

    Қаулы ресми жарияланған күні қолданысқа енгізіледі.

     

  • Тұрғындарды 78 млн теңгеге алдап кеткен азамат қолға түсті

    Тұрғындарды 78 млн теңгеге алдап кеткен азамат қолға түсті

    Батыс Қазақстан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

    Күдікті техника мен автокөлік сатып алу, ұялы телефон сату, тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру және ақшаны көбейту сияқты желеулерді пайдаланып, адамдарды сеніміне кірген.

    Мәселен, 2023 жылдың қазан айында ол Орал қаласының бір тұрғынын тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру сылтауымен 4 миллион теңгеден астам қаржыға алдап кеткен. Сондай-ақ сәуір мен қазан айлары аралығында тағы бір қала тұрғынына тұрмыстық техника жеткізіп беремін деп, 4,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тергеу барысында алаяқтың құрбандары негізінен өз таныстары екені анықталды.

    Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты 14 алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Келтірілген жалпы шығын көлемі 78 миллион теңгеден асады. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, өз кінәсін мойындады.

    Ол алдап алған қаражаттың басым бөлігін бәс тігуге жұмсағанын айтқан. Құқық қорғау органдары тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Егер сіз алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға хабарласқаныңыз жөн.

  • Қазақстан түрмелеріне 40 мың бақылау камерасы орнатылды

    Қазақстан түрмелеріне 40 мың бақылау камерасы орнатылды

    Бас прокуратура кезекті кеңесінде колонияларда 40 мың бейнебақылау орнатылып, сотталғандар тікелей өтініш бере алатын 600 электронды терминал қойылғанын айтты.

    Бас прокурор Берік Асылов пенитенциарлық жүйеде азаптаудың алдын алуға ерекше мән беретінін айтты. Сотталғандардан түскен кез келген қатыгездік туралы сигнал азаптау призмасы арқылы қаралады.

    «Сотталғандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін құрметтеу мен қорғау – бұл заңның тікелей талабы. Сондай-ақ, олардың сәтті әлеуметтенуі қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды аспектісі», – деді қадағалау органының басшысы.  

    Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде реформа жүргізіліп, қоғамдық бақылау кеңейтілді. Осының аясында колонияларда толық бейнебақылау жүйесі енгізілді 40 мың бейнекамера орнатылған сондай-ақ сотталғандардың тікелей өтініш беруі үшін 600 электронды терминал қойылды.

  • Кәрім Мәсімовтің зәулім үйін ешкім сатып алмады

    Кәрім Мәсімовтің зәулім үйін ешкім сатып алмады

    Аталған үйдің бірінші сатылымында өтпеуіне ешқандай қатысушының тіркелмеуі себеп болған.

    Осылайша, Кәрім Мәсімовтің үйі сауда-саттықтың бірінші сатылымында өз иесін таппады. Оған электрондық сауда алаңының сайтындағы деректер дәлел.

    – Аукцион басталған сәтте сату объектісі бойынша аукцион залында бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Аукцион залында бірде-бір қатысушы бастапқы бағаны растамаған, – деп жарияланған хабарламада.

    Еске салайық, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған-ды. Ол 18 жылға бас бостандығынан шектелді.

  • Жемқорлардан қайтарылған ақшаға 28 жаңа мектеп салынады

    Жемқорлардан қайтарылған ақшаға 28 жаңа мектеп салынады

    Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынады.

    Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қор жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Оның негізгі мақсаты білім беру ұйымдары үшін жаңа ғимараттар салу, кеңейту арқылы апатты мектептер мен орын тапшылығын жою.

    «Мемлекет балалар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келелі. Бүгінгі таңда 74,4 мың орындық 61 мектеп пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан», – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов.

    2024 жылы 25 мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

  • Семейдегі соққыға жығылған оқушыға қатысты білім басқармасы мәлімдеме жасады

    Семейдегі соққыға жығылған оқушыға қатысты білім басқармасы мәлімдеме жасады

    Семейде 6-сынып оқушысын қатарластары ұрып, мүшеқапты үрлеуге мәжбүрлеген оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады.

    Білім басқармасының мәліметінше, осы жылдың 24 ақпанында оқушы сабағына қатысқан, ал соққыға жығылғаннан кейін медициналық көмекке жүгінбеген.

    Құқық қорғау органдары қазір тиісті шараларды жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша қатысушылар есепке алынып, ата-аналары жауапқа тартылатын болады.

    «Абай аудандық білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша бақылаудың әлсіздігі және тәрбие жұмысының жеткіліксіздігі үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жауапкершілігі тексерілетін болады. Жағдай ерекше бақылауда», – деп атап өтті ведомство.

  • «Ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур» дейтіндер көп – Бас мүфти

    «Ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур» дейтіндер көп – Бас мүфти

    Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған бабаларымыз ана тіліміздегі сөздерді қолданған. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.

    «Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлап отыр. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – Қадір түні, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

    Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.