Алматыдағы тергеу изоляторында ерекше жағдай тіркелді. Қызметкерлер тағам арқылы тыйым салынған зат кіргізу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Sona.kz ҚАЖД-ға сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру кезінде күзетшілер бешбармақтың ішінен күмәнді қатпарды байқаған. Тексеру барысында қамыр мен еттің астынан полиэтилен мен фольгаға мұқият оралған смартфон табылды.
Құрылғы тәркіленіп, жөнелтушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды. Ережені бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жаза қарастырылған.
ҚАЖД өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер жиі кездеседі. Бұған дейін де изолятор қызметкерлері телефонды шәйнектің, нанның және кір жуғыш ұнтақтың ішінен анықтаған.
Ресми органдардың мәліметінше, сотталғандардың қолына ұялы телефон түсуі мекеме тәртібін бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Бұл заңсыз байланыс орнатуға немесе қылмыстық әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сол себепті азаматтарға мекемеге жіберілетін сәлемдемелердің ережелерін қатаң сақтауға шақыру жасалды.









