Қазақстанда шошқа тұмауының алғашқы бес жағдайы тіркелді
Қазақстанда A(H1N1) тұмауының бес жағдайы тіркелді. Шошқа тұмауы деп те аталатын инфекция Астана қаласы мен Маңғыстау облысында анықталған.
Бұл туралы Syrmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, аурудың үш жағдайы елордада, тағы екеуі Маңғыстау облысында тіркелген.
Сонымен қатар елде жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралу көрсеткіші соңғы аптада 10 пайызға төмендеген.
Бір апта ішінде 127 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы анықталған.
Ал қыркүйек айының басынан бері Қазақстанда 760 мыңнан астам адам респираторлық инфекция жұқтырған.
Қазір елде тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 240 мыңнан астам адам екпе алған. Халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 миллион доза вакцина сатып алынған.
Министрлік қазан айы тұмауға қарсы екпе алуға қолайлы кезең екенін еске салды. Өйткені вакцинадан кейін иммундық қорғаныс шамамен екі апта ішінде қалыптасады.
Дәрігерлер инфекцияның алдын алу үшін қолды жиі жуып, бөлмелерді желдетіп, науқас адамдармен жақын байланыста болмауға кеңес береді.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, дәрігерге қаралу ұсынылады.




