Ұлттық ғылым академиясының академигі 96 жасында қайтыс болды. Ол Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалады.
24 қарашада тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлұлының дүниеден өткені белгілі болды. Қаралы хабарды ғалым еңбек еткен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жеткізді, деп хабарлайды SONA.KZ Informburo.kz басылымына сілтеме жасап.
Қазақ халқының антропологиялық тарихын зерттеді
Оразақ Смағұлұлы 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген. 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының аспирантурасына түсті. 1965 жылы көне және қазіргі бас сүйектерін салыстыру арқылы қазақ халқының антропологиялық келбетінің қалыптасуын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады.
1970 жылы оның «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» атты монографиясы жарық көрді. Бұл еңбекте ғалым Қазақстан аумағын шамамен төрт мың жыл бұрын мекендеген адамдардың сүйек қалдықтарын қазіргі қазақтардың антропологиялық деректерімен салыстырды. Зерттеу әр дәуірдегі тұрғындар арасындағы антропологиялық сабақтастықты зерделеуге арналды.
Ғылыми мұрасы
Зиябек Қабылдиновтің мәліметінше, Оразақ Смағұлұлы 36 экспедиция мен далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазған. Өмірінің соңына дейін әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» басылымының авторы әрі бас редакциялық алқа мүшесі болды. Ғалым осы басылымға қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық қалыптасуы туралы бөлімдер жазды.




