Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова оның бұрынғы жұбайы Назым Қахарманнан сот арқылы 6,6 миллион теңге өндіріп алды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Азаматтық дау Альмира Нұрлыбекованың 2023 жылы бұрынғы келініне сенімгерлік басқаруға берген коммерциялық нысанына қатысты туындаған.
Талап қоюшы тараптың мәліметінше, Назым Қахарман нысанды жалға берген, алайда одан түскен табысты меншік иесіне аудармаған және сенімгерлік басқару бойынша қаржылық есеп ұсынбаған.
Бастапқыда Нұрлыбекова тарапы 14 миллион теңгеден астам қаражат өндіруді талап еткен. Істі қарау барысында сот банк шоттарының көшірмелері мен тараптар ұсынған басқа да құжаттарды зерттеп, талапты ішінара қанағаттандырды.
Сот «NazKa» жеке кәсіпкерлігінен 6,6 миллион теңге берешек өндіру туралы шешім шығарды. Бұған қоса 66,6 мың теңге мемлекеттік баж және өкіл қызметіне жұмсалған 666,5 мың теңге шығын өндірілмек.
Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылған жоқ.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым берілуі мүмкін.
Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы мамырда Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның туысы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін төрт жылға сотталған.




