Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың саяси карьерасында кезекті өзгерістер орын алуда. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесінің құрамынан Ерболат Досаев шығарылды. Бұл туралы ресми ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды. Тиісті шешім үстіміздегі жылдың 7 сәуірінде қабылданған. Айта кетерлігі, Досаев бұл кеңестің құрамына осы жылдың қаңтар айында ғана кірген болатын.
Бұл Ерболат Досаевтың соңғы айлардағы алғашқы «қызметтен кетуі» емес. Бұған дейін ол 2025 жылдың желтоқсанында мүше болған «Самрук-Қазына» қорының директорлар кеңесінен де кеткен еді. Сонымен қатар, биылғы 25 наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен ол Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан босатылды. Ерболат Досаев әр жылдары Ұлттық банк төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары және бірнеше министрліктің басшысы қызметтерін атқарған тәжірибелі шенеуніктердің бірі ретінде белгілі. Оның стратегиялық холдингтерден қатар шығарылуы саяси сарапшылар арасында қызу талқылануда.









