Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында таралып жатқан интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы хабарлады. Соңғы кезде «күйеу іздеймін», «жар іздеймін», «байыпты қарым-қатынас қалаймын» деген мазмұндағы жазбалар жиі кездесіп жүр. Ведомствоның мәліметінше, мұндай хабарландырулардың артында алаяқтар тұруы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz.
ІІМ дерегінше, алаяқтар өздерін тартымды, ашық мінезді адамдар ретінде таныстырып, белсенді сөйлесіп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Біраз уақыттан кейін олар «өмірдегі қиын жағдайға», денсаулығына немесе басқа да ойдан шығарылған себептерге сілтеме жасап, ақша сұрай бастайды.
Әдетте қаражатты криптокошелёкке немесе үшінші тұлғалардың банктік шоттарына аударуды өтінеді. Бұл кейінгі тергеу жұмыстарын қиындатады.
Ведомство өкілдері келесі белгілерге назар аударуға кеңес береді: бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден бас тарту, ақша аударуды сұрау, сондай-ақ өзге адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді пайдалану.
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды интернеттегі бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, жеке деректерін бөліспеуге және алаяқтыққа тап болған жағдайда полицияға жүгінуге шақырады.









