Компьютерлік залда құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды.
Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.
Агенттіктің мәліметінше, қатысушылардан ақшалай бәс банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан.
Қылмыстық топтың жалпы табысы 77 млн теңгеден асты. Күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражаттың 36 млн теңгесіне екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді.