Алматы облысында халық саны тығыз орналасқандықтан білім ұялары жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жойған емес. Бүгінде өңірде 31 мектеп үш ауысымда білім береді, ал жаңалары тез арада салынып жатқан жоқ. Алайда, жергілікті билік мәселені шешудің орнына бұрыннан бар мектептерді сатып жіберіп отыр. Бұған дейін Қарасай ауданында ғимараттарды жеке меншікке заңсыз берудің екі дерегі анықталғаны соған дәлел.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Қарасай ауданы, Шалқар ауылындағы мектептің ғимараты «компанияның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында» деген желеумен «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілген. Бұл қаулыға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Жапаров қол қояды. Бір айдан кейін оның орнына Жанат Тәжиев келеді де ғимаратты және оған тиесілі жерді 15 миллион теңгеге сатуға рұқсат береді. Бұдан кейін мектеп бірнеше рет иесін ауыстырып үлгерді. Мәселен, 2018 жылы кәсіпкер Шерхан Әлібекұлы сатып алса, 2019 жылы ғимарат «Іргетас Құрылыс-I» ЖШС меншігіне өтті. Мына қызық сәйкестікке қараңыз, бұл компания дәл Махаббат Бигелдиев жұмыс істейтін аймақтардан үнемі тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырыс алып отырған. Оған Әлібек Сәрсенов жетекшілік етеді. Әкімдіктегілер олардың студент кезінен дос болғанын айтып жүр.
Ал 2022 жылы ғимарат сыйлық шартымен басқа иесіне өтеді. 2023 жылы соңғы қожайын Олжабай Сәдуахас Сағындықұлы күтпеген жерден мектепті мемлекет меншігіне тегін қайтаруға шешім қабылдады. Көп ұзамай қолдан қолға өтіп келген ғимарат қайтадан өнер мектебіне айналды.
Айтпақшы, дәл осыған ұқсас жағдай Қаскелең қаласында да болды. Мұнда заңды тұлға 1000 шаршы метрден асатын өнер мектебінің ғимаратын алуға әрекеттенген. Бірақ прокуратура араласып, сот мәмілені заңсыз деп таныды.
«Апелляциялық сот прокурордың өтінішін қолдады, мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады сол кезде Алматы облысының прокуратурасы.
Бір қызығы, бұл мәселеде де бір ғана адам, яғни Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Тоты Кәрімова ғана жауапқа тартылып, сөгіс алумен шектелген. Алайда, 2018 жылы мәміле жасалған кезде Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айжан Назарбаеваға ешқандай шара қолданылған жоқ.
Sona.kz редакциясы мән-жайды білу үшін Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлы Адамовтың атына ресми сауал жолдап, алдағы уақытта осындай келеңсіздікті болдырмау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұраған еді.
Алайда, қадағалау органы жауап берудің орнына «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деп сауалды әкімдікке сілтей салған. Ал әкімдіктің әдеттегідей сылап-сипап қана берген жауабы көңілден шықпады.
Біз Қарасай ауданындағы мектеп ғимараттарын жеке тұлғаларға және компанияларға сату фактілері анықталғанына байланысты мына сұрақтарға жауап алғызым келді. Мәселен,
- Мектепті сату туралы бұйрыққа кім қол қойған? Толық аты-жөнін көрсетіңіз және қол қою кезінде атқарған лауазымы қандай болды?
- Мектепті сатқан және сатпақ болған шенеуніктерге қандай шара қолданылды?
- Осы кезеңде Қарасай ауданының әкімі қызметін, сондай-ақ әкімнің идеологиялық мәселелер жөніндегі жетекші орынбасары қызметін атқарған кім? Оларға қатысты қандай шаралар қолданылды?
- Прокуратура алдағы уақытта осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдануда?
- Қандай ұйым немесе жеке тұлға мектеп ғимараттарын сатып алды немесе сатып алуға әрекеттенді?
Мәселен, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың қолы қойылған жауапта да сол баяғы деректерді сырғытпа түрде берген.
Бірінші сауалға: «Қарасай ауданы әкімдігінің 2018 жылдың 12 қаңтарындағы №28 қаулысымен бос тұрған ескі мектеп ғимараты жарғылық капиталды ұлғайту үшін «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілді. Бұл қаулыға әкімнің міндетін атқарған Мақсұт Рамазанұлы Жапаров қол қойған.
Екінші сауалға:
«Бұйрық негізінде Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Каримова Тоты Иманғалиқызына Қарасай ауданы әкімінің 2019 жылғы 17 қыркүйектегі №350 ескерту түріндегі тәртіптік жаза қарастырылды.
Үшінші сауалға:
Қарасай ауданы әкімі қызметін 2016-2018 жылдары Бигелдиев Махаббат Сәдуақасұлы атқарса, 2016-2023 жылдары аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы Назарбаева болды.
Ал төртінші сауалға қатысты «Бұл мәселе Қарасай ауданы әкімдігінің құзыретіне кірмейді» десе, соңғы бесінші сұраққа:
«2018 жылдың 15 ақпанында «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС мен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында 15 224 000 теңгеге жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу туралы №1 келісім-шарт жасасқан. Осыны негізге ала отырып, «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС директоры Б.Балтабеков пен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында қабылдау-өткізу актісі жасалды.
Ал 2019 жылы мектеп ғимараты «Іргетас құрылыс-И» ЖШС компаниясына сатылса, 2022 жылы қайырымдылық шарты негізінде ғимарат Олжабай Садуқас Сағындықұлына берілді. Ал 2023 жылдың 8 маусымында меншік иесі Олжабай Сағындықұлы мүлікті мемлекет меншігіне тегін аудару туралы өтініш білдірді.
Қарасай ауданы әкімдігінің 2023 жылдың 9 маусымдағы №295 қаулысына сәйкес, мүлікті мемлекет меншігіне беру туралы шарт жасалды. Осылайша, облыс әкімдігінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №246 қаулысына сәйкес, жоғарыда айтылған ғимарат «Алматы облысының білім басқармасына қарасты Қарасай ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансына берілді.
Бүгінде бұл ғимаратта «Алматы облысының білім басқармасы, Қарасай ауданы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Өнер мектебі» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорын жұмыс істейді», – делінген жауапта.
Білім сапасы ақсап, мектеп жетіспей жатқан өңірде осындай қитұрқы әрекеттерге жол бермеуді қадағалау үшін облыстық прокуратура білек сыбанып жұмыс істеуі тиіс. Алайда, олай емес екенін редакцияның ресми сауалын әкімдікке сілтей салуынан-ақ аңғаруға болатын сияқты.