Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін беру тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі тиісті өзгерістер жобасын әзірледі.
Бұл туралы Sona.kz Ulysmedia kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Жобаға сәйкес, ЖСН алу немесе бұрынғы мәліметтерді өзгерту үшін өтініш берген шетел азаматтары қосымша тексеруден өтеді.
Атап айтқанда, олардың деректері иммигранттардың эталондық деректер базасымен салыстырылады.
Бұл тексеру өтініш берушінің Қазақстан аумағында заңды негізде жүргенін анықтауға бағытталған.
ІІМ жаңа талаптар көші-қон заңнамасын бұзған адамдардың ЖСН рәсімдеуіне жол бермеуге көмектеседі деп есептейді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын арттыру көзделген.
Министрлік ережелерді қайта қарауды цифрландыру, дербес деректерді қорғау және озық технологияларды реттеу саласындағы заңнамалық өзгерістермен байланыстырады.
Ұсынылған тәртіп ЖСН-ді алғаш рет алуға да, бұрын рәсімделген деректерді түзетуге де қатысты болады.
Әзірге бұл тек өзгерістер жобасы. Жаңа талаптар күшіне енген жоқ.




