Жаңа Құрылтай депутаттары тіл тигізгені, тексерілмеген ақпарат таратқаны және депутаттық әдепті бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Елеулі жағдайда парламентарийді отырыстан шығару немесе бір күндік жалақысынан айыру қарастырылған.
Бір палаталы парламенттің жаңа жұмыс тәртібі Құрылтайдың алғашқы брифингінде түсіндірілді.
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, депутаттық әдеп талаптары парламентарийлерге тек отырыстарда немесе депутаттық міндетін атқару кезінде ғана емес, Құрылтайдан тыс жерде де қолданылады.
Депутаттарға негізсіз айып тағуға, дөрекі және қорлайтын сөздер айтуға, заңсыз немесе күш қолдануға үндейтін әрекеттерге шақыруға, Құрылтай жұмысына кедергі келтіруге және өзге қатысушыларға қоқан-лоқы көрсетуге тыйым салынады.
Көпшілік алдында сөйлеу мен БАҚ өкілдерімен қарым-қатынасқа да жеке талап қойылған. Депутаттар тек тексерілген және шынайы ақпаратты пайдалануға тиіс. Жалған немесе расталмаған мәлімет тарату да депутаттық әдепті бұзу ретінде қаралуы мүмкін.
Кешірім сұраудан жалақыдан айыруға дейін
Әдеп нормаларын бұзған депутаттарға бірнеше жаза түрі қарастырылған.
Парламентарийге сөгіс жариялануы немесе көпшілік алдында кешірім сұрау міндеттелуі мүмкін. Сонымен қатар оны бір немесе үш отырыста сөз сөйлеу құқығынан айыруға, бір немесе үш отырыстан шығаруға, сондай-ақ бір күндік жалақысынан айыруға болады.
Азаматтар мен ұйымдардан түсетін шағымдарды Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды.
Кеңес депутаттардың сұхбаттарын, мақалаларын және басқа да жария мәлімдемелерін, соның ішінде интернет платформалардағы жазбаларын да бақылауға құқылы.
Өзіне қатысты шағым түскен депутатқа түсініктеме беруге және өз ұстанымын жеткізуге мүмкіндік беріледі.
Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатта болады. Жаза қолдануға қатысты материалдарды Орталық сайлау комиссиясы дайындайды, ал нақты шара қолдану туралы шешімді Құрылтай төрағасы қабылдайды.
Құрылтайдың жабық отырыстары да болады
Жалпы тәртіп бойынша Құрылтайдың пленарлық отырыстары ашық өтеді. Алайда заңнамада жабық отырыстар өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.
Мұндай формат, соның ішінде мемлекеттік құпияға немесе қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа қатысты мәселелер талқыланған кезде қолданылуы мүмкін.
Ашық отырыстардың бейнежазбалары мен стенограммалары Құрылтай сайтында жарияланады.
Жабық отырыстарға Президент, Вице-Президент, Премьер-Министр және Үкімет мүшелері, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, ҰҚК төрағасы және Президент Әкімшілігінің басшысы қатыса алады.
Құрылтай мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды тұлғаларын отырысқа шақырып, олардан түсініктеме талап ете алады. Бұл норма Президент пен Вице-Президентке қолданылмайды.
Журналистерді баспасөз орталығына бағыттады
Парламент журналистерінің жұмыс тәртібінде де өзгеріс бар.
Бұған дейін БАҚ өкілдері депутаттарды отырыстан кейін дәлізде кездестіріп, бірден сұрақ қоя алатын. Енді Құрылтай ғимаратындағы журналистер мен депутаттар арасындағы негізгі байланыс арнайы баспасөз орталығы арқылы ұйымдастырылады.
Депутаттар мен Үкімет өкілдері брифинг өткізу үшін осы жерге шақырылады.
Құрылтай аппараты мұндай шектеуді ғимараттың күзетілетін нысан болуымен түсіндірген. Дегенмен журналистердің депутатпен жеке сұхбат өткізуге алдын ала келісу мүмкіндігі сақталады.
Депутаттарға KPI енгізілмейді
Құрылтай депутаттары үшін жеке тиімділік көрсеткіштерін енгізу жоспарланбайды.
Дания Еспаеваның айтуынша, парламенттің жұмыс ережесінде де, Құрылтай регламентінде де депутаттарға арналған KPI қарастырылмаған.
Сонымен бірге заң жобаларына енгізілген түзетулердің авторлары жасырын қалмайды. Қай депутаттың қандай түзету ұсынғанын заң жобасының салыстырмалы кестесінен көруге болады.
Алайда заң қабылданғаннан кейін оның мәтінінде сол түзетуді ұсынған депутаттың аты-жөні көрсетілмейді.




