Шымкент қаласында полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамды ұстады. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, қазір жедел-іздестіру және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні болған. Пышақ жарақаттарының салдарынан 40 жастағы ер адам көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен және суық қаруды қолданумен байланысты болған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаментінде күдіктілерді анықтау және ұстау үшін барлық күш пен құралдар жұмылдырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын, сондай-ақ іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Істің тергелу барысы полицияның бақылауында.









