Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан наубайханадан өрт шықты.
Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт наубайхана ғимаратының шатырынан шыққан. Жалын 78 шаршы метр аумақты шарпыған.
1986 жылы туған наубайшының қолы жеңіл күйген. Зардап шеккен азамат медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Өртті сөндіруге 22 құтқарушы мен жеті техника жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті толық сөндірді.
Өрттің шығу себебі әзірге хабарланған жоқ.




