Таяу Шығыстағы жағдай шегіне жетті: әлемдік мұнай тасымалының 20%-ы өтетін негізгі бағыт — Ормуз бұғазына қауіп төнді. Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшылығы бұғаздың жабылғанын жариялап, оған кірген кез келген кемені өртеп жіберетінін айтып сес көрсетті, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұғазды техникалық тұрғыдан толық жабу қиын болғанымен, бұл қоқан-лоқының өзі нарықты дүрліктіруге жеткілікті болды. Maersk, MSC және Hapag-Lloyd сияқты ірі логистикалық алпауыттар аймақ арқылы тасымалдауды шектеді немесе тоқтатты. Енді кемелер Африканы айналып, Қайырлы үміт мүйісі арқылы жүруге мәжбүр.
Бағыттың өзгеруі тауар жеткізу мерзімін бірнеше аптаға ұзартады. Сарапшылар әуежайлар мен порттарда кептеліс болып, «дәл уақытында» басқару жүйесі істен шығады деп болжап отыр. Тек шикізат емес, автокөлік, электроника және дәрі-дәрмек жеткізілімі де тоқтап қалуы мүмкін.
Геосаяси шиеленіс логистика құнына әсер етіп үлгерді. Marsh сақтандыру брокері жақын күндері кемелерді сақтандыру бағасы 50%-ға өсетінін болжауда. Тасымалдаудың қымбаттауы мен ресурстардың тапшылығы жаһандық инфляцияның өсуіне әкеп соғады.
Энергия ресурстары бағасының өсуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Қымбат мұнай бензин мен дизель отынының бағасын көтеріп, тұтынушылардың шығынын азайтады. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикалық өсімді баяулатады.
Жоғары инфляция мен өндірістің тоқырауы «стагфляция» сценарийін тудырады. Бұл АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты орталық банктерді тығырыққа тірейді. Ұзаққа созылған қақтығыстың экономикалық салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Бұғаз арқылы мұнайдан бөлек алюминий, тыңайтқыш пен қант тасымалданады. Бұл тізбектің үзілуі көптеген елдердің, соның ішінде жаһандық хабтарға тәуелді Қазақстанның да ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібіне соққы болады.
Қазіргі уақытта халықаралық қауымдастық Иранның әрекетін жіті бақылап отыр. Бұғазды нақты жабу әрекеті Таяу Шығыс шикізатына тәуелді ірі экономикалар тарапынан қатаң жауап қайтаруға түрткі болуы мүмкін.
Дональд Трамп Иранға қарсы операция мерзімін атады
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция төрт-бес аптаға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, белсенді...









