Метка: алаяқ

  • Астанада 70-тен астам азаматты алдаған әйел сотталды

    Астанада 70-тен астам азаматты алдаған әйел сотталды

    Астанада Оңтүстік Кореядан арзан бағаға автокөлік әкелемін деп уәде беріп, 70-тен астам адамды алдаған әйелге қатысты сот үкімі жарияланды. Залалдың жалпы сомасы 420 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Sona.kz Астана қаласы прокуратурасының ресми дерегіне сілтеме жасап

    Прокуратура мәліметінше, күдікті шетелде байланыстары барын айтып, азаматтарға толық алдын ала төлем арқылы автокөлік сатып алуды ұсынған. Алайда ол көрсеткен машиналар автопрокаттан жалға алынған болып шықты. Әйел алғашқы уақытта жалдау ақысын төлеп, қылмыстық әрекетін бүркемелеп келген.

    Мәселен, ол бір жәбірленушіден төрт автокөлік жеткізіп беремін деп 14,5 млн теңге алған. Көліктерді ресми түрде қайта рәсімдеу «кейін» жасалады деп уәде бергенімен, шын мәнінде оның ешқандай мүмкіндігі болмаған.

    Сотта прокурорлар айыпталушының жалға алу келісімшарттарын қасақана қылмыстық мақсатпен жасасқанын, ал алынған қаржыны жеке қажетіне жұмсағанын дәлелдеді. Ол өз кінәсін толық мойындады.

    Сот үкімімен әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
    Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

    Прокуратура азаматтарды ресми өкілеттігі мен құжаттары жоқ адамдармен келісімшарт жасаспауға шақырады.

  • Күйеуін тексермек болған әйел алаяқтардың құрбаны болды

    Күйеуін тексермек болған әйел алаяқтардың құрбаны болды

    Қостанайда күйеуінің опасыздығын дәлелдемек болған әйел керісінше алаяқтардың торына түсті, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Әйел Instagram желісінен өзгенің чаттарын «ашып беретін» қызмет туралы жарнаманы көрген. Сілтеме оны Telegram-дағы жеке аккаунтқа апарып, өзін Полина деп таныстырған оператор күйеуінің хат-хабарларын «оқып беру» қызметін ұсынған.

    Қызмет құны ретінде алдымен 26 мың теңге талап етілген. Ақша аударылғаннан кейін алаяқтар «мәлімет көлемі үлкен, ішінде фото мен видео бар» деген сылтаумен тағы 20 мың теңге сұраған. Қосымша ақша түскен соң Полина диалогты өшіріп, әйелді бұғаттап тастаған.

    Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары азаматтарды интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және жеке деректерге қатысты заңсыз ұсыныстардан сақ болуға шақырады.

  • “Жоғары табысқа уәде берді”: БҚО тұрғыны 45 миллион теңгесінен айырылды

    “Жоғары табысқа уәде берді”: БҚО тұрғыны 45 миллион теңгесінен айырылды

    Батыс Қазақстан облысында 45 миллион теңге көлемінде алаяқтық жасаған әйел ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    ҚР ІІМ мәліметінше, 34 жастағы Орал қаласының тұрғыны Бөрілі ауданының тұрғынын “табысыңды еселеймін” деп сендіріп, оның ақшасын ұзақ уақыт бойы иемденіп келген. Тергеу деректеріне сәйкес, ол жәбірленушіні 2023 жылдың шілдесінен 2025 жылдың қазанына дейін жүйелі түрде алдаған.

    Күдікті алған қаражатты өз қажетіне жұмсап, уәде етілген табысты қайтармаған. Полиция оның бұған дейін де ұқсас қылмыстар үшін сотталғанын анықтады. Қазір әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы орган азаматтарды қаржылық мәмілелер кезінде сақ болуға шақырды.

  • Астанада дәрігер мүгедектік рәсімдеп беремін деп алты адамды алдаған

    Астанада дәрігер мүгедектік рәсімдеп беремін деп алты адамды алдаған

    Астанада клиникалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігерге сот үкімі шықты. Ол азаматтарға мүгедектік рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, алты науқасты алдаған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz дерегіне сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, медицина қызметкері мұндай ұсыныстарды жұмыс орнында жасаған, алайда оған мұндай қызметпен айналысуға ешқандай өкілеттік берілмеген. Ол пациенттерден 4 миллион теңгеден астам қаражат алып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Прокуратура ұсынған дәлелдер толық расталған соң, сот айыпталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді. Үкім заңды күшіне енді.

     

  • Атырауда алаяқтық дауы: адал сатып алынған көліктерді тартып жатыр

    Атырауда алаяқтық дауы: адал сатып алынған көліктерді тартып жатыр

    Атырауда көлік сату кезіндегі алаяқтыққа байланысты ірі дау шықты. Полиция дерегінше, бұл қылмыстық схемаға жүзге жуық адам алданған, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап.

    Зардап шеккендердің айтуынша, тұрғындар көліктерін автосалонға сату үшін тапсырған, алайда оларды да, ақшаны да қайтарып алмаған. Ал көлікті заңды түрде сатып алғандар да шығынға батты — олардың көліктері қылмыстық істің айғағы ретінде тәркіленіп жатыр.

    Астаналық Дмитрий 12 тамызда Toyota Prado көлігін 14 миллион теңгеге сатып алған. Оның сөзінше, көлік сарапшы арқылы тексерілген, барлық құжат заңды болған. Бірақ 21 тамызда полиция автокөлікті арестке қойған. «Маған құжатты тек телефоннан көрсетті, нөмірлерді алып, көлікті пломбаладылар. Нақты себепті түсіндірмеді», — деді ол.

    Атыраулық Наурызбек те осындай жағдайға тап болды. Ол көлікті тексеріп, есепке қойып үлгерген, алайда араға апта салып, бұрынғы иелері келіп, көліктікі өздерінікі екенін мәлімдеген. Белгілі болғандай, олар бұл көлікті сатуға сол автосалонға өткізген, бірақ ақшасын ала алмаған. Соңында Наурызбектің көлігі айыптұраққа жіберілді.

    Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған факт бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сот шешімімен екі күдікті қамауға алынды. «Бүгінгі таңда полицияға 98 жәбірленуші арызданды. Келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр, жаңа жәбірленушілерді анықтау жұмысы жалғасуда», — делінген ресми мәлімдемеде.

    Бұған дейін көліктерін автосалонға өткізген тұрғындар даусыз қалғандарын айтқан еді. Олар менеджерлердің сөзіне сеніп, көліктерін тапсырғанымен, ақырында темір тұлпарсыз қалған.

    Қазір көліктерді арестке алу жалғасуда. Заңды түрде сатып алған адал иелер де темір тұлпарынан айырылып қалуы мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда көлікті қайтарып алу өте қиын, себебі меншік құқығы сот арқылы қаралады.

    Мамандардың пікірінше, бұл жағдай Қазақстандағы қолданыстағы көлік нарығының қаншалықты осал екенін көрсетті. Барлық тексерулерге қарамастан, сатып алушылар алаяқтық схемалардың құрбаны болып отыр, ал мәселені шешудің жалғыз жолы — сот.

  • Алматыда блогер Ілияс Сәриевке 26 алаяқтық эпизод бойынша айып тағылды

    Алматыда блогер Ілияс Сәриевке 26 алаяқтық эпизод бойынша айып тағылды

    Алматыда «Елге көмек» қорының жетекшісі әрі өзін «Қазақ Робин Гуды» деп таныстырған блогер Ілияс Сәриев пен оның сыбайласы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, қайырымдылық көмектің атын жамылып, азаматтардың қаржысын иемденген. Қылмыстық істе барлығы 26 эпизод бар.

    Бір жағдайда шетелде ем қабылдау үшін 35 млн теңге іздеген әйел блогерден көмек сұраған. Сәриев қаражат жинау үшін 1,5 млн теңге талап етіп, оның бір бөлігін алған.

    Сонымен қатар, айыпталушылар қажылық сапарына элиталық жағдайдағы бөлмелермен небәрі 500–600 мың теңгеге жолдама ұсынған. Нәтижесінде бір әйел 1 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды.

  • Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде көлік тіркеуге көмектесемін деп, бірнеше азаматты алдап кеткен ер адам сотталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, ол 2023 жылдың мамыр айында мамандандырылған ХҚКО-да жәбірленушілердің біріне жолыққан. Құжат рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, 665 мың теңге талап еткен. Оның 450 мыңын қолма-қол, қалған 215 мыңын банк қосымшасы арқылы алған. Алайда алған қаражатын жеке мақсатқа жұмсап, уәдесін орындамаған.

    Осы әдіспен ол тағы төрт азаматты алдап, жалпы шығын көлемі 3 миллион 360 мың теңгеге жеткен.

    Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі жәбірленушілердің айғақтары мен ақша аударымдары арқылы дәлелденді. Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

  • Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде пәтер іздеген тұрғындар Telegram арқылы алаяқтың құрбанына айналды. Олар жалған хабарландыру бойынша алдын ала төлем жасап, кейін хабарсыз қалған.

    Жәбірленушілердің шағымынан кейін полиция 18 жастағы қызды ұстады. Тергеу барысында оның кемінде бес адамды алдағаны белгілі болды. Алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Полиция азаматтарды тексерілмеген хабарландырулардан сақ болуға шақырады.

  • Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісу облысында 19 жастағы жігіт ұйымдасқан алаяқтар тобымен бірігіп, 67 млн теңге жымқырған. Олар жалған call-орталық ашып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды зиянды қосымша орнатуға итермелеген. Осы арқылы азаматтардың телефонына қашықтан кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеп, ақшаны Telegram арқылы сатып алынған жалған шоттармен қолма-қол ақшаға айналдырған. Бір жәбірленушінің өз атынан 20 млн теңгеден астам несие рәсімделген. 2006 жылғы күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

  • 10,5 млн теңгені қалтасына басқан күдікті Албанияда қолға түсті

    10,5 млн теңгені қалтасына басқан күдікті Албанияда қолға түсті

    Алматыда жалған мектеп ашып, дайындық курстары арқылы адамдарды алдаған күдікті Албанияда ұсталды. Ол 2023 жылы 10 адамнан 10,5 млн теңге жинап, ізін суытқан.

    Күдікті Тирана қаласында Интерпол желісі арқылы қолға түсті. ІІМ мәліметінше, ол жоғары оқу орындарына түсуге көмектесемін деп уәде беріп, оқыту курстарын арзан бағада, ерекше әдіспен өтеміз деп сендірген.

    Министрлік алаяқтардың белгілеріне назар аударуды ескертеді:
    • лицензия мен тіркеудің болмауы;
    • оқытушылар мен бағдарлама туралы нақты ақпарат жоқ;
    • келісімшартсыз алдын ала толық төлем талап ету;
    • тәуелсіз пікірлер мен ұсынымдардың болмауы.

    Қазір ұсталған азаматты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.