Метка: Басты оқиғалар

  • Жұмыссыз қазақстандықтарға еңбекке орналасу туралы SMS жолданады

    Жұмыссыз қазақстандықтарға еңбекке орналасу туралы SMS жолданады

    Қазақстанда қиын жағдайға тап болған жұмыссыз азаматтарға еңбекке орналасу жөнінде SMS-хабарлама жіберілетін болады, деп хабарлайды Sona.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, бүгінде елімізде 24 790 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

    Министрліктің ақпаратына сай, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарынан басқа өңірлердің тұрғындары 1414 қызметінен ауыл шаруашылығы санағына қатысушы интервьюер ретінде уақытша жұмысқа шақыру туралы хабарлама алады. Ауыл шаруашылығы санағы 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында жүргізіледі.

    Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметов 2030 жылға дейін 3,3 миллион адамды жұмыспен қамту жоспарда бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше, жастар санының артуына байланысты жыл сайын еңбек нарығына түсетін жүктеме күшейіп отыр: 2035 жылға қарай жас мамандардың жылдық саны 360 мыңға жетуі мүмкін.

  • Хасан Қасымбаев ісі: сот БАҚ-қа процестің кейбір материалдарын жариялауға тыйым салды

    Хасан Қасымбаев ісі: сот БАҚ-қа процестің кейбір материалдарын жариялауға тыйым салды

    Талғар аудандық сотында «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы ретінде аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот отырысының басында судья Айнагүл Тұқубаева жәбірленуші мен басқа да қатысушылардың жауаптарын жариялауға сот тергеуі аяқталғанға дейін шектеу қойды. Оның айтуынша, бұл шешім әлеуметтік желілерде алдыңғы мәліметтердің жариялануы куәлардың болашақтағы жауаптарына әсер етпеуі үшін қабылданған.

    Журналистер сот залынан шығарылып, оларға баспасөз орталығынан онлайн-трансляция ұсынылды. БАҚ өкілдері қатысушылардың тізімі қолжетімсіз екенін айтып наразылық білдірген. Кейін соттың баспасөз қызметі толық тізімді ұсынып, Қасымбаевтың бес қорғаушысы бар екені анықталды.

    Қылмыстық іс аясында адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып алу фактілері қаралуда. Жәбірленушілер ретінде ММА спортшысы әрі бапкер Арман Алимов және Арипжан Тәжіев танылды. Прокурор Алимов алған жарақаттарға қатысты сараптама қорытындысын оқып берді. Ал Қасымбаев өз кінәсін мойындаған жоқ.

    Айта кетейік, Қасымбаев 2024 жылғы 5 қарашада қамауға алынған. Оның есімі Талғарда болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты істе де аталған еді.

  • БҚО-да 6 жастағы қызды ұрлап, зорлаған күдікті ұсталды

    БҚО-да 6 жастағы қызды ұрлап, зорлаған күдікті ұсталды

    22 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында ауыр оқиға болды, деп хабарлайды Sona.kz БҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, анасы қызымен үйге қайтып келе жатқанда жолда таныс ер адамды кездестірген. Ол баласына балмұздақ әперуді ұсынған. Алайда бірнеше сағат өткен соң қыз оралмаған. Осыдан кейін ата-анасы полицияға жүгінген.

    23 тамызда полицейлер 32 жастағы күдіктіні қолға түсірді. «Ол қыздың қай жерде екенін көрсетті. Балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді», – деді ПД баспасөз қызметі.

    Белгілі болғандай, күдікті екі жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеден шыққан. Қазір ол кәмелетке толмағанға қатысты зорлау дерегі бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда.

  • Қонаев маңында алғаш рет қауын егіліп, гектарына 40 тонна өнім жиналуда

    Қонаев маңында алғаш рет қауын егіліп, гектарына 40 тонна өнім жиналуда

    Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде күзгі жиын-терім жүріп жатыр. Бұған дейін негізінен пияз егумен танылған өңір шаруалары соңғы жылдары ауыл шаруашылығын әртараптандыруға (диверсификация) бет бұра бастады.

    Соның айғағы ретінде биыл «Марьям» шаруа қожалығы алғаш рет қауын егіп отыр. Жалпы 280 гектар жерді игеріп отырған қожалық, 2 гектарға 4 түрлі қауын отырғызып, гектарына 40 тоннадан өнім алынуда.

    «Қауын еліміздің оңтүстігінде көп өсіріледі. Биыл біз де тәжірибе ретінде егіп көрдік. Өнім өте сапалы болып шықты. Тәттілігіне өзге кәсіпкерлер де таңғалып, мақтап отыр. Өнімді негізінен Алматыдағы ірі базарларға жөнелтеміз. Ендігі жылы қауын алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деді қожалық басшысы Бекзат Заманбеков.

    Қожалық бұдан бөлек, 220 гектарға жүгері, 20 гектарға бақша дақылдарын, 14 гектарға пияз, 30 гектарға жоңышқа еккен. Алдағы уақытта егістік аумағын 500 гектарға дейін кеңейту көзделіп отыр.

    Сонымен қатар шаруашылық иесі мемлекет тарапынан инфрақұрылымды дамытуға субсидия алу үшін құжаттар рәсімдеп жатқанын айтты. Бұған дейін «Кеңдала-2» бағдарламасы арқылы 40 млн теңге несие алған.

    Шеңгелдіде пияз егумен айналысатын «Бауыр» шаруа қожалығы биыл 70 гектар аумақты игерген. Қазір 20 гектардан 1600 тонна өнім алды. Күзгі жиын-терім жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғасады.

    Жалпы 2025 жылы Шеңгелдіде 11 769 гектар жер игерілді. 13 шаруа қожалығы 2000 гектар аумақта су үнемдеу технологияларын қолдануда (900 гектар – жаңбырлатып, 1100 гектар – тамшылатып суару). Биылғы науқан кезінде 315 тонна бидай, 3127 тонна арпа, 1750 тонна картоп, 1950 тонна пияз, 4430 тонна бақша дақылдары және 21 247 тонна мал азығы жиналды. Күзгі жиын-терім нәтижесі туралы кейінірек қосымша ақпарат беріледі.

    Күзгі дала жұмыстарына 119 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруалармен келісімшарттар жасалды.

  • Қонаевта жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

    Қонаевта жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

    Бұл туралы ШЖҚ «Жылу Орталығы» МКК директоры Ержан Шоқан мәлімдеді.

    Мекеме басшысының сөзінше, биыл жылу желілерінің 2,6 шақырымы жөнделеді. Қазіргі таңда оның 1,5 шақырымында жұмыстар аяқталған.

    «26 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қалада ыстық су өшіріледі. Бұл шара жөнделген аумақтарды тексеру үшін жасалады. 20 күн ішінде жұмыстарды аяқтауға тырысамыз. Осы уақыт аралығында қазандықтар мен оның жабдықтары да ағымдағы жөндеуден өтпек. Аталған іс-шаралар 2025-2026 жылғы жылыту маусымын үзіліссіз өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде жоспарланған жұмыстың 72%-ы орындалды», — деді Ержан Шоқан.

    Ал 2026 жылы жаңа 4 қазандық іске қосылады деп жоспарлануда.

    Жалпы орталықтандырылған жылыту жүйесіне 32 мыңнан астам абонент қосылған. Оның ішінде 29 мыңы көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар болса, қалғаны жеке сектор. Жылу орталығында 10 қазандық орналасқан.

    Үйлері қатты отынмен жылытылатын тұрғындардың назарына айта кетсек, Сейфуллин көшесіндегі көмір тұйығы жұмыс істеп тұр. Онда қаражыра көмірі сатылуда, бағасы тоннасына 21-22 мың теңгені құрайды.

    Тұрғындарға, пәтер иелері кооперативтеріне, қарапайым серіктестіктерге жылыту маусымына 100 пайыз дайындалу қажет екенін ескертеміз. Жылыту батареяларын, сорғыларды, элеваторды тексеріп шығу керек.

  • Қуандық Бишімбаевтың ағасы амнистияға ілікті

    Қуандық Бишімбаевтың ағасы амнистияға ілікті

    Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаевтың ағасы Бақытжан Байжановқа амнистия қолданылды, деп хабарлайды Sona.kz Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Ресми дерекке сәйкес, Бақытжан Байжановқа тағайындалған жаза мерзімі қысқартылып, ол енді колонияда 1 жыл 4 ай 17 күн өтейді. Соттың шешімі заңды күшіне енді.

    Еске салсақ, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның ағасы істі жасырып қалғаны үшін бастапқыда 4 жылға сотталған болатын.

  • Қонаевта жыл соңына дейін екі зауыт ашылады

    Қонаевта жыл соңына дейін екі зауыт ашылады

    Қонаев қаласында биылдың соңына дейін екі жаңа зауыт іске қосылады.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдерге инвестиция тарту және өнеркәсіп орындарын көбейту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Қонаев қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

    Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалаға 308,8 млрд теңге инвестиция құйылды. Оның нәтижесінде «Оспанова Девелопмент» балық өңдеу зауыты ашылып, үш түрлі өнім шығаратын зауыт жаңғыртылды. Сонымен бірге қонақ үйлер мен демалыс аймақтары салынып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

    Ресми деректерге сәйкес, Қонаевтың инвестициялық портфелінде 2024–2030 жылдары жүзеге асатын 39 жоба бар. Оның 11-і туризм саласына бағытталған. Жалпы құны 2,4 трлн теңгеге бағаланған бұл жобалар іске асса, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

    Қала әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, жыл соңына дейін «Run Planet» сусын шығаратын зауыт пен «Қапшағай бидай өнімдері» май, құрама жем және ұн өндіретін кәсіпорны іске қосылады.

    2026 жылы әлеуметтік маңызы бар нысан – 48 орындық кардиологиялық орталық ашылмақ. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Орталық заманауи диагностикалық құрылғылармен және ота жасау кабинеттерімен жабдықталмақ.

    Қазір қалада 12 өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Олар өңір құрылғаннан бері 410,2 млрд теңгенің өнімін шығарған.

  • Қонаевта «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында мектеп тауарларының  жәрмеңкесі өтті.

    Қонаевта «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті.

    Аталған іс-шарада қала кәсіпкерлері мектепке қажетті оқу құралдары мен тауарларды төмендетілген бағамен ұсынды.

    «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

    Акцияның мақсаты — жетім балалар мен ата-анасының қомқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша мектепке келмеуінің алдын алу.

    Қонаев қаласының кәсіпкерлері мен демеушілерін аталған игі шараға белсенді қатысуға шақырамыз!

  • «Қазақ Робин Гуды» ісі: алғашқы жәбірленуші сотта куәлік берді

    «Қазақ Робин Гуды» ісі: алғашқы жәбірленуші сотта куәлік берді

    Алматыда Ілияс Сариевке қатысты сот процесінде алғашқы жәбірленуші куәлік берді. Ол өзін «Қазақ Робин Гуды» деп атаған Сариевке қарсы істе жәбірленуші ретінде танылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Гүлбахор Туреева отбасында бес мүгедекті бағып отырғанын айтып, Сариев алғашында оларға пәтер алып беруге уәде еткенін жеткізді. Кейіннен ол әйелден құжат рәсімдеуге және басқа да шығындарға ақша сұрай бастаған. Барлығы шамамен 800 мың теңге берілген.

    Айыптау тарабы Сариев пен оның сыбайласы Актоты Дүйсееваның әрекеттерінен 26 эпизод анықталғанын, жәбірленушілердің жалпы саны – 26 адам екенін мәлімдеді. Зиян көлемі шамамен 25 млн теңгені құрайды.

    Сот процесі 4 қыркүйекке шегерілді. Сариев айыбын тек алты эпизод бойынша ғана мойындады, ал Дүйсеева да кейбір істер бойынша кінәсін жартылай мойындаған.

  • ҚМДБ: әйелге күш көрсету – шариғатқа да, заңға да қарсы

    ҚМДБ: әйелге күш көрсету – шариғатқа да, заңға да қарсы

    Әлеуметтік желіде дінтанушы Ризабек Батталұлының 9 жыл бұрынғы видеосы қайта тарап, қоғамда наразылық тудырды. Оған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Аталған бейнежазбада Батталұлы әйелдерге қатысты орынсыз пікір айтқан. Кейін, 2018 жылы ол өз қателігін мойындап, кешірім сұраған.

    «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл пікірлерді қолдамайды. Исламда әйелге құрметпен қарау, ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықтан сақтау – басты талаптардың бірі. Әйелге күш көрсету – шариғатқа да, еліміздің заңдарына да қарсы әрекет. ҚМДБ әйелдердің құқығын қорғауды, отбасындағы өзара сыйластық пен мейірімділікті арттыруды қолдайды», – делінген мәлімдемеде.