Метка: Басты оқиғалар

  • Шу қаласында көпқабатты үй өртеніп, 180 адам эвакуацияланды

    Шу қаласында көпқабатты үй өртеніп, 180 адам эвакуацияланды

    Кеш хабарланғандықтан, өрт үлкен аумақты қамтыды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

     «Өрт сөндірушілер келген кезде өрт үйдің шатырына таралып кеткен еді. Кеш хабарланғандықтан, өрт үлкен аумақты қамтып үлгерді. Қызметкерлер өртті сөндіруге кірісті. 180 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ 4 газ баллоны далаға шығарылды. Өрт орнында үздіксіз су беру ұйымдастырылды. Оқиға орнынан 1 шақырым қашықтықта мектеп базасында эвакуациялау пункті ашылды. Қабылданған шаралардың арқасында оттың бесінші қабатта орналасқан пәтерлерге таралуына жол бермей, 750 ш. м. алаңда сөндірілді», – делінген өңірлік ТЖД хабарламасында.

    Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.

    Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

  • Шетелдік туристер алаяқ такси жүргізушілеріне алданбайтын болды

    Шетелдік туристер алаяқ такси жүргізушілеріне алданбайтын болды

    Туризм және спорт министрлігі TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтеріп отыр.

    «Бүгінгі таңда туристке қызметтерді брондауға қажетті барлық сервисті біріктіретін бірыңғай экожүйе қарастырылмаған. Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді.  Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектке негізделген көмекші. Яғни, туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады. Аталған жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілді. Енді оны қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді министр Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

    Ербол Мырзабосынов әзірге жылдам шешім ретінде туристерге арналған QR код жүйесі енгізіліп жатқанын айтты.

    «Кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады. Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды СИМ-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды», – деді ол.

    Бұл QR кодтар еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған.

    «Қазіргі таңда аэропорттар QR кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрап отыр. Осыған орай тәжірибені кең тарату үшін тиісті әкімдіктер мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет. QR кодты барлық әуежайларға, вокзалдар мен шекара өткелдеріне орналастыру керек», – деді Туризм және спорт министрі.

  • «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 28 жоба пайдалануға берілді

    «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 28 жоба пайдалануға берілді

    Жетісу облысының Қытаймен шекаралас аумағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында.

    Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл туралы жуырда Панфилов ауданында ұйымдастырылған пресс-тур барысында белгілі болды.

    Журналистер «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы инвестициялық жобалармен танысты. Оның аумағында күн панельдерін, болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрама жем, подгузник, кофе және тағы басқаларын шығару өндірісі жолға қойылғалы бірнеше жыл болған.

    «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да Сингапур брендімен танымал «MacCoffee» 3х1 шай және кофе шығаратын «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС компаниясы 6 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаны іске асыруда. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, содан кейін бірқатар таяу шетелдерге экспортталады.

    Ал «Майами Solar» ЖШС компаниясы күн батареяларын өндіруге 1,260 млрд теңге инвестиция салды. Зауытта 67 адам жұмыспен қамтылған. Күн панельдерін шығаруда еуропалық ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылады. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Алғашқы дайын тауар легі наурыз айында АҚШ-қа жөнелтілді.

    Арнайы экономикалық аймақта орналасқан нысанның бірі – жылдық қуаты 60 мың тоннадан асатын «SSA Feed Mills» ЖШС құрама жем зауыты. Бір айда мұнда жүгеріден, бидайдан, бидай кебегінен, арпадан, соядан және т. б. 20-дан астам шикізат түрінен 250 тоннадан астам сапалы өнім шығарылады.

    «Standard Steel KZ» ЖШС металл плиткаларын, гофрленген тақтайшалар мен металлосайдинг шығарады. Жобаның құны — 37 млрд теңге. Толық қуатына шыққанда зауыт тәулігіне 10 тонна металл бұйымдарын өндіреді деп жоспарланып отыр.

    Баспасөз турының соңында тілшілер қауымы Қазақстан-Қытай шекарасындағы Алтынкөл теміржол станциясына барды. Бұл теміржол магистралі – еліміздің көлік саласының халықаралық маңызы бар орасан зор жобасы, әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол өткелі. Станция тасымалдау көлемін ұлғайта отырып, Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнерлер жібереді.

    Атап өтсек, бүгінгі таңда «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 70 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды, жаңа өндірістер іске қосылғаннан кейін олардың саны 5000-нан асады деп күтілуде. Өндірілген өнім көлемі 81,6 млрд теңгені, ал түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдері 9 млрд теңгеден асты.

  • Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртау қаласында қарт кісінің үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соққан жасөспірімдер екі айға қамауға алынды.

    Теміртау қаласында зейнеткерге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

    Күдікті ретінде танылған 9 адамның барлығы, оның ішінде  кәмелетке толмаған 7 адам, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

    Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды.

    «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтынын атап өту қажет.

    Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде.

    Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізілуде.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

  • Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында 16 мың гектардан астам пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік меншікке қайтарылды.

    Басқарма деректеріне сәйкес, биыл жыл басынан бері нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жалпы көлемі 50 083 гектар 446 жер учаскесі анықталды. Оның ішінде аудан және қала әкімдіктері тарапынан 36 923,64 гектарды қамтитын 358 жер учаскесі тіркелді. Бұл жерлер бойынша материалдар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салықтық жүктемені 20 есеге арттыру және жерді қайтару шаралары қабылдануда.

    Қазіргі таңда 8 214 гектар 71 жер учаскесі бойынша материалдар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, жұмысқа қабылданған. Сонымен қатар, 23 747 гектар аумақтағы 37 жер учаскесі бойынша талап-арыздар сот қарауында, ал жалпы көлемі 1 926,73 гектар болатын учаскелер бойынша сот шешімі шығып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

    Жыл басынан бері ерікті түрде мемлекет меншігіне 5 505,63 гектар жер қайтарылды. Ең көп қайтарылған аумақтар Жамбыл (2 720,9 га), Балқаш (1 009,62 га) және Райымбек (681,8 га) аудандарына тиесілі. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі 16 967 гектар болды.

  • Зеленский Қазақстандағы елшісін тағайындады

    Зеленский Қазақстандағы елшісін тағайындады

    Украина президенті Владимир Зеленский Қазақстандағы жаңа елшіні тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

    Украина президентінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес:

    Майко Виктор Анатольевичті Қазақстан Республикасындағы Украина Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп тағайындау жөнінде жарлық шыққан.

    Майко Виктор Анатольевич 1960 жылдың 6 шілдесінде Украинадағы Днепропетровск қаласында дүниеге келген. Тарас Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін тәмамдаған. Білімі бойынша – журналист.

    1999 жылы экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.

    2005 жылдан 2010 жылға дейін – Украина Республикасының Түрікменстандағы елшісі, сондай-ақ Ауғанстандағы елшілік қызметті қоса атқарған.

    2010 жылдан 2020 жылға дейін – Украина Сыртқы істер министрлігінің басшысы қызметін атқарған.

    2020 жылдан бастап Түрікменстандағы елші қызметіне қайта оралған.

  • Бюджеттен 272 млн теңге жымқырғандар сотталды

    Бюджеттен 272 млн теңге жымқырғандар сотталды

    Ақтөбе қаласының №2 сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

    Бас прокуратураның мәліметінше, осыған дейін Ақтөбе қаласының прокуратурасы бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

    Тергеу барысында Ақтөбе қаласының Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры жеке кәсіпкермен алдын ала сөз байласып, мемлекеттік сатып алу аясында жол таңбаларын салу бойынша 272 млн теңгеден астам сомаға жалған келісімшарт жасағаны анықталды.

    Алайда іс жүзінде жұмыстар орындалмаған, ал ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, иемденілген. Нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген.

    Осы факті бойынша ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

    Іс сотқа жолданды. Сот ұсынылған дәлелдемелерді қарап, мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескере отырып, сотталған тапсырыс берушіні мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Ал мердігерге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

     

  • Дженнифер Лопес Қазақстанға келеді

    Дженнифер Лопес Қазақстанға келеді

    Бұл туралы әншінің Instagram желісіндегі ресми дереккөзден белгілі болды.

    Америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопес гастрольдік сапары аясында 1 тамызда Астанада Astana Arena-да өнер көрсетеді.

    Тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде: Анталья мен Ыстанбұл, Мадрид пен Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест, Әбу-Даби және т.б. бар.

    — Барлық халықаралық JLovers үшін айтарым, мен осы жазда бірнеше таңдаулы орында өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізді көргенше асықпын. Бұл таңғажайып жаз болады, — деп түсіндірді Дженнифер Лопес алдағы тур туралы.

     

  • Алматыда электросамокат мінген бойжеткен жол апатынан көз жұмды

    Алматыда электросамокат мінген бойжеткен жол апатынан көз жұмды

    Адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы Әбіш Кекілбаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров көшелерінің қиылысында болды. 18 жастағы қыз бала ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

    Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

    Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Торайғыров көшесімен шығыс бағытта келе жатқан BYD көлігінің жүргізушісі Кекілбаев көшесінің қиылысында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Белгілі болғандай, бойжеткен Торайғыров көшесімен оңтүстік бағытта электросамокатпен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан. Қыз бала жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай алған жарақаттарынан қайтыс болды, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

  • Министрлік 2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінетінін айтты

    Министрлік 2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінетінін айтты

    Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы қандай мамандықтарға грант басымдықпен бөлінетінін мәлімдеді.

    Кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ел экономикасының салаларына қажетті кадрларға қатысты орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады.

    Министрлік мәліметінше, Еңбек министрлігі сұранысқа ие және тапшылық байқалатын мамандықтар бойынша талдау жүргізіп, ел мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін ескере отырып, еңбек ресурстарына деген сұранысты бағалайды.

    Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері, салалардағы экономикалық үрдістер мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары да ескеріледі.

    2025 жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше басымдық берілмек. Жаңа үлестірімге сәйкес, техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60 пайызға дейін артпақ. Ал гуманитарлық сала – 28%, медицина – 8%, шығармашылық мамандықтар – 4% деңгейінде қалады, – делінген министрліктің берген жауабында.