Метка: Басты оқиғалар

  • Оралда терминалдан 680 мың теңге ұрлаған үш күдікті ұсталды

    Оралда терминалдан 680 мың теңге ұрлаған үш күдікті ұсталды

    Техникалық ақауды пайдаланған күдіктілер 680 мың теңгені алып кеткен.

    Полицейлер оларды анықтап, ұстады. Ақша өзара бөлінген, ал ұсталғандардың бірі бұрын сотталғаны белгілі болды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

  • Ақтауда қызды зорламақ болған ер адамды өтіп бара жатқан адамдар ұстады

    Ақтауда қызды зорламақ болған ер адамды өтіп бара жатқан адамдар ұстады

    Ақтау қаласының 15-ші шағын ауданындағы жағалауда белгісіз ер адам қызды зорламақ болды. Қыздың көмекке шақырған дауысын естіген өтіп бара жатқан азаматтар күдіктіні ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

    Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 11 наурызда орын алған. Күдікті қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталып, іс айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді.

  • Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр

    Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр

    Аталған әуе компаниясының билет бағасын негізсіз көтергені анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов мәлім етті.

    «Жуырда FlyArystan әуе компаниясына қатысты монополиялық жоғары баға мәселесі бойынша тергеу жүргізуді бастадық. Қазір тергеу жүріп жатыр, егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады», – деді Болат Сәмбетов Сенат қабырғасында өткен іс-шарада.

    Агенттік өкілінің мәлімдеуінше, аталған компанияға қатысты тергеу бұған дейін де жүргізілген.

    «Монополиялық жоғары баға дегеніміз – белгілі бір бағыт бойынша, мысалы, Алматы немесе Шымкентке билет бағасының басқа компанияларға қарағанда айтарлықтай жоғары болуы. Біз алдымен компанияның нарықта үстемдік ету факторын анықтаймыз, яғни оның әділ бәсекеге әсер ету мүмкіндігін бағалаймыз. Егер компания нарықта үстемдік етіп, негізсіз жоғары баға белгілегені анықталса, онда монополиялық жоғары баға болып саналады», – дейді ол.

    Сондай-ақ бәсекелестікті қорғау агенттігі басшысының орынбасары заңбұзушылық анықталған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатынын айтты.

    «Анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұл айналымның 5%-ын құрайды, сондай-ақ негізсіз баға айырмасы тәркіленеді. Сонымен қатар, компанияға бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі», – деп толықтырды Б. Сәмбетов.

    Айта кетсек, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Сенатта «Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияны дамыту» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

  • Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу аяқталды

    Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу аяқталды

    Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді. «Biz Birgemiz Kazakhstan» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты жуырда сот басталады.

    «Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі кезде материалдармен таныстыру процесі жүріп жатыр. Естеріңізде болса, қылмыстық істі тергеу барысында келтірілген шығын бойынша әртүрлі сома айтылған еді. Қазір 3,5 млрл теңге сомасындағы шығын анықталды», — деді Ж. Елемесов.

    Іс бойынша бір ғана сотталушы емес. Одан бөлек анасы бар. Ол кісі үйқамақта отыр. Екеуі де күдікті ретінде танылды. Анасының үстінен «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды.

  • Трамптың тарифтері: АҚШ шешімінің себептері

    Трамптың тарифтері: АҚШ шешімінің себептері

    АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Ресей мен Беларусь санкцияға ұшырағандықтан, олармен сауда жасалмайтынын айтты.

    10%-дық баж салығы 5 сәуірде, ал кейбір елдерге “айна” тарифтері 9 сәуірде күшіне енеді.

    Көптеген елдер таңданысын білдірді. Швейцария шешімді “назарға алды”, ал Қазақстан әзірге пікір білдірген жоқ.

  • АҚШ Қазақстанға 27% баж салығын енгізді

    АҚШ Қазақстанға 27% баж салығын енгізді

    Дональд Трамп 185 елден келетін тауарларға жаңа тарифтер енгізді. Қазақстан үшін баж салығы 27% болып белгіленді.

    Қытайдан әкелінетін тауарларға – 34%, ЕО елдерінен – 20%, Швейцариядан – 31%, ал Вьетнам, Камбоджа және Лаосқа 46-49% аралығында тарифтер қойылды.

    Посткеңестік елдердің көбіне 10% баж салығы енгізілген, бірақ Молдоваға – 31%, Қазақстанға – 27%. Ресей, Канада, Беларусь тізімде жоқ.

  • Қазақстанда медицина қызметкерлерінің біліктілік тапсыру тәртібі өзгерді

    Қазақстанда медицина қызметкерлерінің біліктілік тапсыру тәртібі өзгерді

    Қазақстанда медицина қызметкерлеріне біліктілік беру тәртібі өзгерді. Енді дәрігерлер мен медбикелер әр үш жыл сайын емтихан тапсырады. Емтихан ұлттық орталықтарда өтеді, ал сынақтан өтпегендер алты айдан кейін қайта тапсырады. Бұл өзгерістер мамандардың білімін арттыру үшін енгізілді.

  • Сәуірде қазақстандықтар жұлдыз жауынын бақылай алады

    Сәуірде қазақстандықтар жұлдыз жауынын бақылай алады

    Сәуірдің 21-22-сі күндері түнгі аспанда Лиридалар метеорлық ағыны шарықтау шегіне жетеді. Бұл уақытта сағатына 18-ден 100-ге дейін “аққан жұлдызды” көруге мүмкіндік бар.

    Қалай көруге болады?
    – Ең қолайлы уақыт – 22:00-ден таңға дейін.
    – Айдың жарығы бақылауға кедергі келтірмейді.
    – Қала жарығынан алыс жерлерге шыққан дұрыс.

    Сондай-ақ, 19 сәуір мен 28 мамыр аралығында тағы бір метеорлық ағын – Эта-Акваридалар күтілуде.

  • Алматы облысында “Филип Моррис” жаңа өндірісін іске қосты

    Алматы облысында “Филип Моррис” жаңа өндірісін іске қосты

    Алматы облысында темекіні қыздыруға арналған стиктерді шығаратын зауыт ашылды. “Филип Моррис” компаниясы бұл жобаны іске асыруға 150 миллион доллар инвестиция салып, 200 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

    Қазіргі уақытта алғашқы кезеңде 65 миллион доллар жұмсалып, 100-ге жуық жұмыс орны ашылды. Өнімдер Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения нарықтарына да жеткізіледі.

    Компания инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше назар аударып, қызметкерлерді халықаралық стандарттар бойынша оқытуды көздеп отыр.

  • Беларусьтік блогерден ақша талап еткен полицейлер жұмыстан қуылды

    Беларусьтік блогерден ақша талап еткен полицейлер жұмыстан қуылды

    Түркістан облысында шетелдік автоблогерден 200 мың теңге талап еткен полицейлер қызметінен босатылды. 31 наурызда әлеуметтік желіде Беларусьтен келген блогер мен оның достарын полицейлер тоқтатып, Қазақстанда техникалық тексеруден өтпегені үшін айып таққаны туралы видео тарады. Кейін олардан 200 мың теңге сұралғаны айтылды.

    Министр орынбасары Игорь Лепеха бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың басшылығына да тексеру басталды.