Метка: Басты оқиғалар

  • Қонаевта қоқыс тастағандарға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

    Қонаевта қоқыс тастағандарға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

    Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Оның бірі – тазалық мәдениетін қалыптастыру. Ескертулер мен әкімдіктің ресми хабарламаларына қарамастан, қалада тазалық ережесін бұзушылар өте көп.

    Мысалы, 22-28 наурыз аралығында Қонаев қалалық полиция бөлімі ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, 24 хаттама толтырып, 943 680 теңгеден астам сомаға айыппұл салды.

    Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сай, 67 хаттама толтырылып, 235 920 теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұл сомасы 1 179 600 млн.тг. құрады.

    Қала халқына «Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, ірі көлемді қоқыстар мен құрылыс қалдықтарын шығаруға тұрғындар жауапты екенін жеткіземіз. Жалпы, жыл басынан сенбіліктерге 3000-нан астам адам қатысты. Бұл көрсеткішті ұлғайту мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады.

    Сіз де заңбұзушылықтың куәгері болсаңыз, 102 немесе 109 нөміріне хабарласыңыз.

  • Динара Сәтжан Forbes тізіміндегі олигархқа тұрмысқа шықты

    Динара Сәтжан Forbes тізіміндегі олигархқа тұрмысқа шықты

    Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан Forbes тізіміндегі олигарх Жұмабек Жанықұловқа тұрмысқа шыққанын растады.

    Бүгін тележүргізуші әлеуметті желідегі парақшасында Жұмабек Жанықұловпен түскен суретін жариялап, желідегі қауесетке нүкте қойды. Тележүргізуші жазбасында тегі өзгергенін меңзегендей болып «Динара Жанықұл», – деп жазды.

    Жұмабек Жанықұлов – қазақстандық кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат. 2022 жылы ол Forbes журналының нұсқасы бойынша «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» рейтингінде 46-орынға ие болды.

    Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, Жанықұловтың бірнеше кәсібі бар.

    •  Karazhal Operating – Қарағанды облысындағы барит кенін өңдеумен айналысатын компания. Бұл жоба америкалық Halliburton компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.
      •    Global Chemicals Company – Тау-кен байыту және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған арнайы химикаттарды жеткізуші компания.
      •    Saryopan Operating – Бельгиялық Carmeuse Group компаниясымен бірлесіп құрылған химиялық реагенттер өндіретін зауыт.
      •    Тараз металлургиялық зауыты – Жанықұлов убыточты жағдайда сатып алып, қайта жандандырған ферросплав өндірісімен айналысатын кәсіпорын.
      •    Nova Medical Centre – Қазақстанның бірнеше қаласында 11 филиалы бар медициналық-диагностикалық орталықтар желісі.

    Жұмабек Жанықұлов – «Кемел Ұрпақ» қоғамдық қорының президенті және жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы PARYZ ұйымының президиум төрағасы.

  • Енді көліктен басын шығарғандар айыппұл төлейді

    Енді көліктен басын шығарғандар айыппұл төлейді

        – Бізде кейбір кезде жастар көліктен басын шығаратын қауіпті жағдай болып жатады. Осы бойынша да әкімшілік кодекске және заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұл норма ең алдымен жолаушыларды тасымалдау кезінде өмірі мен денсаулықтың қауіпсіздігіне бағытталған. Мектеп бітіру кештерінде, үйлену тойлары кезінде көптеген кісі өздерінің қауіпсіздігіне мән бермей, осындай әрекеттер жасап отыратыны рас, – дейді Сұлтанбаев.
    Енді қозғалыс кезінде көліктің терезесінен басын шығарғаны үшін 10 АЕК – 39 320 теңге, (1 АЕК – 3 932 теңге) айыппұл салынады. Бұл кезде жауапкершілік жолаушыға да, жүргізушіге тең дәрежеде әсер етеді.
  • Перизат Қайраттың миллиардтарды қайда жұмсағаны белгілі болды

    Перизат Қайраттың миллиардтарды қайда жұмсағаны белгілі болды

    «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының басшысы Перизат Қайрат миллиардтан астам теңгені қолма-қол ақшаға шығарып, өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 млрд теңге болды. Жөндеу, жол жүру, жиһаз және киім-кешек шығындарының ішінде 6,9 миллион теңгеге сатып алған Rolex сағаты бар.

    Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің сөзінше ол Rebel гүл дүкенін 23 миллион теңгеге сатып алды. Нәтижесінде бұл кәсіп оған 69 миллион теңге пайда әкелген.

    «Сонымен қатар, ұрланған ақшаға ол төрт көлік, төрт пәтер, екі тұрақ, бір үй, жер телімін және ғимарат сатып алған. «Олар одан жалпы құны 158 миллион теңге тұратын зергерлік бұйымдарды, аяқ киім мен сөмкелерді тәркілеген», – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

  • Әйелін 10 жыл бойы ұрып-соққан дипломат Сәкен Мамаш қамалды

    Әйелін 10 жыл бойы ұрып-соққан дипломат Сәкен Мамаш қамалды

    Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеген дипломат Сәкен Мамаш Астанада қамауға алынды.

    Ақпаратты елорда полициясы растады.

    «Былтыр елшінің бұрынғы кеңесшісінің үстінен некедегі әйелін жүйелі түрде ұрып-соққаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция жедел-тергеу тобын құрды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті сараптамалар кешені жүргізілді, дәлелдер базасы жеткілікті жиналып, бекітілді. Тергеу соты күдіктіге қатысты тергеу қорытындысы бойынша қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етілуге жатпайды», — деді полициядан.

  • Сүйіктісін соққыға жыққан актер Шәріп Серік қара тізімге енді

    Сүйіктісін соққыға жыққан актер Шәріп Серік қара тізімге енді

    Sәlem Entertainment компаниясы актер Шәрип Серікпен әріптестік қарым-қатынасын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жариялады.

    «Соңғы оқиғаларға байланысты, Sәlem Entertainment ұжымы Шәрип Серікті «қара тізімге» енгізіп, онымен кез келген ынтымақтастықты толығымен тоқтатты. Бұған дейін жарияланған «Шакал» сериалы мен «Qarga» сериалының үшінші маусымы ресми түрде жабылды. Сонымен қатар, актер «Meow» сериалының екінші маусымында басты рөлдердің бірін сомдауы тиіс болған, алайда ол жобадан толықтай алынды», — деп жазды компания желідегі ресми парақшасында.

    Сондай-ақ «Патруль: последний приказ» фильмінің шығармашылық ұжымы актер түскен жерлердің бәрін кесіп жатыр. Актермен барлық келісім-шарттар тоқтаған.

    Еске салсақ, отандық актер Серік Шәріптың бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева өзінің зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, желіге жазба мен видео жариялаған, сонымен бірге шындықты айтқан соң, өзінің қауіпсіздігі үшін қатты алаңдап отырғанын жеткізген.

    Өз кезегінде Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

  • Қызыл кітаптағы қар барысы фототұзаққа түсіп қалды

    Қызыл кітаптағы қар барысы фототұзаққа түсіп қалды

    Мемлекеттік «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінде қар барысы тағы да фототұзаққа ілінді.

    «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ерекше оқиға болды: сирек кездесетін қар барысы қайтадан фототұзаққа түсіп, жабайы табиғаттың ерекше сұлулығын көрсетті. Кадрлар 7-13 ақпан аралығында түсірілген.

    – Ғылыми инспекторлардың маңызды еңбегін атап өткен жөн, олар тәулік бойы парктің аумағын бақылап, биоалуантүрлілікті сақтау бойынша зерттеулер жүргізеді. Олардың қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында фототұзақтар дұрыс жерлерге орнатылып, осындай әсерлі нәтижелерге қол жеткізілді, – деді парк өкілдері.

    Қар барысы – ең сирек кездесетін ірі жыртқыштардың бірі. Бұл жануардың «қар барысы» деп аталуы бекер емес: ол таулы аймақтарда, жыл бойы қар басып жататын биік таулы аймақта өмір сүретін мысықтар тұқымдасының жалғыз өкілі.

    Қазақстанда қар барысы 1978 жылы Қызыл кітапқа енгізілген.

  • 21 адамды алдап, 101 млн теңге пайда көрген алаяқ сотталды

    21 адамды алдап, 101 млн теңге пайда көрген алаяқ сотталды

    Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 21 адамды алдап соққан алаяқ 6 жарым жылға түрмеге қамалды.

    Зайсан аудандық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Белгілі болғандай, ол таныстарына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қомақты несие алатынын, бірақ соған ақша құю қажеттігін айтқан. Сол кезде алған ақшасын екі есе қылып қайтарып беретіндігіне сендірген.

    – 2022 жылдың сәуір айынан бастап 2024 жылдың наурыз айына дейін 21 адамнан жалпы мөлшері 101 563 988 теңге алған. Сот барысында жәбірленушілер айыпталушыдан материалдық шығынды өндіріп беруді және қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған екі баласының болуы іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жай деп танылды, – деп хабарлады ШҚО сотының баспасөз қызметінен.

    Сот шешімімен Қ. есімді 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын толықтай өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

     

  • Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды

    Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды

    «Қазгидромет» РМК синоптиктері ертең, 4 сәуірде елдің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

    Қызылорда облысының батысында, орталығында шаңды дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, күші 15-20, күндіз облыстың орталығында екпін 25 м/с күтіледі.

    Шығыс Қазақстан облысында жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20, күндіз екпіні 23 м/с.

    Абай облысының батысында, солтүстігінде найзағай, облыстың батысында, солтүстігнде, орталығында шаңды дауыл күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында 15-20 м/с, күндіз екпіні 23-28 м/с.

    Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауыспалы жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысында екпіні 15-20, Алакөл көлдері ауданында кей уақыттарда 23-28 м/с күтіледі.

    Ақтөбе облысында солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың шығысында екпіні 15-18 м/с күтіледі.

    Түркістан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай, облыстың солтүстігінде, батысында шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, таңертең және күндіз облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында және таулы аудандарында 15-20, кей уақыттарда екпіні 23-28 м/с.

    Шымкентте күннің соңында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, таңертең және күндіз 15-20, екпіні 23 м/с.

    Астанада оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, кей уақыттарда екпіні 15-20 м/с.

    Павлодар облысының солтүстігінде қатты жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз күші 15-20, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с күтіледі.

    Қостанай облысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), облыстың оңтүстігінде кей уақыттарда қатты жауын-шашын (көбінесе жаңбыр) күтіледі. Түнде облыстың солтүстігінде тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың шығысында 15-20 м/с, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, орталығында кей уақыттарда қатты жаңбыр, облыстың оңтүстігінде, шығысында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с, күндіз 15-20 м/с, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с күтіледі.

    Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, орталығында найзағай күтіледі. Түнде және таңертең облыстың орталығында тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с күтіледі.

    Алматы облысында оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың батысында, шығысында, таулы аудандарында екпіні 15-20, кей уақытта 25 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысында күндіз оңтүстігінде, шығысында кей уақытта қатты жаңбыр күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20, облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с, таңертең және күндіз екпіні 23-28 м/с күтіледі.

  • Антикордың бұрынғы бастығының ағасы 11 жылға сотталды

    Антикордың бұрынғы бастығының ағасы 11 жылға сотталды

    Шымкент соты Дәуренбек Қожабаевқа үкім шығарды. 2023 жылы оның бауыры – Мақсат Қожабаев пара алғаны үшін сотталған болатын.

    Дәуренбек Қожабаев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі бойынша – «өте ірі мөлшерде пара алу» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот оны 11 жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Бұрынғы шенеунік жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді, деп мәлімдеді Шымкент соттарының баспасөз қызметі.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

    Дәуренбек Қожабаев – бұрынғы Антикор төрағасының орынбасары Мәксәт Қожабаевтың ағасы. Мәксәт Қожабаев 2023 жылдың қараша айында «өте ірі көлемде алаяқтық жасағаны» үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол 2021 жылдың шілдесінен 2022 жылдың сәуіріне дейін Антикор басшысының орынбасары қызметін атқарған.

    2023 жылдың шілдесінде Дәуренбек Қожабаевқа халықаралық іздеу жарияланды. Оған Шымкенттегі мектеп директорынан аса ірі көлемде пара алған деген айып тағылды. Қожабаев параға мектеп басшысын қылмыстық жауапкершіліктен босатамын деп уәде берген.

    Ол 30 қараша күні ұсталды.