Метка: Басты оқиғалар

  • Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 17 наурыздағы бұйрығымен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты «Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» болып өзгертілді.

    Сонымен қатар, Шәкәрім атындағы Семей университетінің атауы «Шәкәрім университеті» болып ауысқан.

    Еске салайық, Арқалық педагогикалық институты 1972 жылы 12 сәуірде құрылды, 1977 жылы қазанда жоғары оқу орнына Ы.Алтынсаринның есімі берілді.

    Ал Шәкәрім атындағы университет 1934 жылы Семей педагогикалық институты ретінде жұмысын бастаса, 1936 жылы оқу орнына Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. 1993 жылы институтқа Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі қайтарылды.

  • Шерзаттың әпкесі неге өзіне қол салмақ болды?

    Шерзаттың әпкесі неге өзіне қол салмақ болды?

    Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова Райымбек даңғылындағы көпірден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болды. Бірақ оны полиция қызметкерлері дер кезінде байқап, құтқарып қалды.

     Бұл туралы қоғам белсендісі Жан Ахмадиев хабарлады. Белгілі болғандай, Шерзаттың туыс әпкесі Бақыт Реймова алдымен видео түсіріп, інісі Нұрқанаттың өліміне Бауыржан Абдрахманов есімді дәрігерді кінәлаған.

    Бақыт Реймованың мұндай қадамға баруына әлеуметтік желідегі қысым итермелеген.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Туыстары Нұрғанаттың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді, сол себепті әділдікті талап етуде.

  • Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пойыздардағы интернетке қатысты пікір білдірді.

    Елімізде пойыздарды интернетпен қамту жобасы қаңтар айында іске қосылды. Дамир Сейсембековтің сөзінше, республикада Тальго пойыздары 16 бағытқа жүреді.

    «Техникалық тұрғыдан осы пойыздар ғана интернетті вагондардың ішінде тарата алады. Ескі, кеңестік замандағы пойыздарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Қазір интернет «Астана – Алматы» бағытындағы пойызда ғана бар», – деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

    Бүгінде пилоттық жобаны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

    «Бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін техникалық пилоттық жобаның қорытындысы белгілі болады. Интернет бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін бағыттарға енгізілетін болады. Екіншіден, ешқандай байланыс жоқ жерлерде жүретін пойыздарға енгізіледі. Биыл бұл жұмыс жалғасады», – деді министрлік өкілі.

     

  • Алматы облысында күдікті сот залынан қашып кетті

    Алматы облысында күдікті сот залынан қашып кетті

    Адам зорлады деген күдікпен ұсталған айыпталушы Қаскелең қаласындағы аудандық сот залынан қашып кетті.

    Желіде Алматы облысындағы автожолдарда полиция қызметкерлерінің тексеріс жүргізіп жатқан бейнежазбалары тарады.

    Алматы облысының полициясы бұл деректі растады.

    «Қамауға алынған күдіктінің қашып кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қашқынды ұстау бойынша іс-шаралар кешені қабылданды. Сонымен қатар болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қызметтік тексеру тағайындалды. Азаматтардан сабырлық сақтауды және іздеуде жүрген адамның орналасқан жері туралы ақпарат болған жағдайда 102 телефоны бойынша дереу хабарлауды сұраймыз», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

  • «Qonaev Media» өңірлік телеарнасына 1,7 млрд теңге жұмсалмақ

    «Qonaev Media» өңірлік телеарнасына 1,7 млрд теңге жұмсалмақ

    Алматы облысының билігі жаңа телеарна ашуды жоспарлап отыр. Дегенмен, жергілікті билік үш жылда  БАҚ-қа арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша 3,3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсап үлгерген. Енді оған қосымша тағы 1,7 миллиард бөлмекші.

    Трансляция сынақ режимінде 2025 жылдың мамыр айында басталып, қыркүйек айында толық іске қосылады. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылып, қазірдің өзінде оған 1,7 млрд теңге жұмсалды.

    Редакция жолдаған сауалға Алматы облысының ішкі саясат басқармасы былай жауап берді: 

    Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 2025 жыллың өзіне 742 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде:

    республикалық деңгейде – 196 млн,

    облыстық баспа басылымдарына – 439 млн,

    облыстық телеарнаға – 107 млн теңге.

    Бұл Qonaev TV-ны  іске қосу және техникалық қолдау үшін бұрыннан жарияланған 1,7 миллиард теңгеге қосымша қарастырылатын қаржы. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, БАҚ мемлекеттік тапсырыс бойынша:

    2022 жылы – 1,4 млрд теңге,

    2023 жылы  – 923 млн теңге,

    2024 жылы – 926 млн.

    Есептесек, үш жылдың ішінде  3,3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жаңа телеарнаны есепке алғанда – 2025 жылы тағы кемінде 2,4 млрд теңге көзделмек. Жалпы алғанда, ақпараттық саясатқа 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

    Алайда, 1,7 миллиард теңгеге осы телеарнаны  іске қосудың қаншалықты қажеттілігі болды? 2025 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға қарамастан, үкімет үнемдеуді қамтамасыз етіп, бюджетті тек нағыз қажетті қажеттіліктерге жұмсау керек деген жоқ па?

    Айтпақшы, Алматы облысымен қатар, республика көлемінде тікелей хабар тарататын арнаға танымал тележүргізушілер жетекшілік етпек. Жаңа арнаның басшысы – Қымбат Хангельдина, ал бас продюсер қызметін Қымбат Досжан атқарады.

    Жаңалықтарға негізделген телерадио кешені қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 12 сағат хабар таратады.

    – Мамыр айында кезең-кезеңімен іске қосыла бастаймыз. Жалпы штат саны – 80 адам. Негізгі құрам анықталғанымен, әлі де телеарнаның «ыстығына күйіп, суығына тоңуға» дайын әріптестерді іріктеп, жұмысқа қабылдаймыз. Қазіргі таңда жұмыс жоспары әзірлену үстінде, – деді «Qonaev Media» телерадиокомпаниясы» ЖШС директоры Қымбат Хангельдина.

     «Qonaev Media» телерадиокомпаниясының директоры Қымбат Хангелдинаның айтуынша,  ақпараттық хабарлар күнделікті үш мезгіл эфирден беріледі, жалпы контенттің 70 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде болмақ. Ағылшын тіліндегі бағдарламалар да мүмкін.

      Қазіргі таңда «Qonaev Media» телеарнасының уақытша ғимараты Алматы қаласында орналасқан. Ал облыс орталығы – Қонаев қаласында арнайы медиаорталық ашылған кезде, арна толықтай өңірдің бас шаһарына көшпек. Болашақта арна жанынан жергілікті радио құрылып, әуе толқынында хабар тарату жоспарланып отырған көрінеді.

  • Павлодарда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

    Павлодарда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

    Павлодарда 5000-нан астам адамды алдап, 1 миллиард теңге жиналған қаржы пирамидасы анықталды. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған құрылыс жобаларын жариялап, адамдарды инвестиция салуға үгіттеген. Сот 5 адамды 6-12 жылға бас бостандығынан айырды, ал олардан алынған мүліктер мен қаржылар жәбірленушілерге қайтарылады.

  • Ақмолада көрші есебінен 1,2 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ  ұсталды

    Ақмолада көрші есебінен 1,2 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

    Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, телефонын алып, банк қосымшасы арқылы 1,2 миллион теңге рәсімдеген.

    Қазір бұл дерекке қатысты тергеу жүріп жатыр. Полиция азаматтарға жеке деректер мен банк қосымшаларына бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермеуді ескертеді.

  • Тараздағы саябақтан ер адамның мәйіті табылды

    Тараздағы саябақтан ер адамның мәйіті табылды

    Марқұмның басынан ауыр жарақат алғаны анықталды.

    Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Қазір күдіктіні анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.

    Әлеуметтік желіде марқұм бұрынғы құқық қорғау қызметкері болуы мүмкін деген ақпарат тарады, алайда полиция бұл мәліметті растамады.

  • Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жарылды

    Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жарылды

    Пхукет маңында қазақстандық және ресейлік туристер мінген катердің қозғалтқышы істен шығып, өрттен кейін жарылыс болды. Оқиға таңғы 09:00 шамасында Майтон аралының жанында болған.

    Бортта тек үш экипаж мүшесі – капитан, инженер және бір қызметкер болған. Олар түрлі жарақат пен күйік алды. Сондай-ақ үш турист пен гид зардап шекті. Барлығы жергілікті ауруханаға жеткізілді.

  • Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz электронды үкімет порталының неге жұмыс істемей қалғанын түсіндірді.

    Вице-министрдің айтуынша, электронды үкіметтің уақытша істен шығуы ата-аналардың белсенділігімен байланысты.

    «Шынымен де бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақау байқалды. Бұл мектепке құжат қабылдау қызметін қолданушылардың көптігімен байланысты болды. Платформа тез арада қайта қалпына келгенін атап өткім келеді», – деді Коняшкин Үкіметте өткен брифингте.

    Оның айтуынша, бірінші сыныпқа құжат қабылдау қызметі бүгін сағат 15:00-те басталуға тиіс болған.

    «Тиісінше сағат үште бұл қызмет жұмыс істеп тұрады және қолжетімді болады», – деп сендірді Коняшкин.