Метка: Басты оқиғалар

  • Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін жаңа технологиялар қолданылмақ

    Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін жаңа технологиялар қолданылмақ

    Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үдерісіне толықтырылған нақтылықтың (AR) және компьютерлік көрудің (Computer Vision) заманауи технологияларын енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа, Еуропа елдерінің табысты тәжірибесі негізінде емтихандарды қабылдау тәртібі, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу рәсімі қайта қаралатын болады.

    «Өткен жылы көлік құралдарын тіркеу саласында 3 млн қызмет көрсетілді. Сатып алу-сату шарттарына электрондық қол қою, мемлекеттік тіркеу белгілерін жедел дайындау, автосақтандыру сияқты іс-шаралар жүргізілді. Біз құжаттарды рәсімдеу жөніндегі мемлекеттік корпорацияның платформасын іске қосуды, биометриялық сәйкестендіру және автокөлік тарихын тексеру сервистерін іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

  • Алматыда Дерматология орталығының директоры сотталды

    Алматыда Дерматология орталығының директоры сотталды

    19 наурызда Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен «Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры Байсеркин Б., оның орынбасары Әбішев А. және «Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының» директоры Төлемісова А. сотталды.

    «Байсеркин өзінің орынбасары Әбішевтің көмегімен кәсіпкер Төлемісовадан медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі консорциум шарты шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді кедергісіз орындағаны үшін 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен Байсеркин мен Әбішевке әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол үкіммен Төлемісова аталған лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

    Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

  • Қостанай облысында 8 ауыл ішімдіктен бас тартты

    Қостанай облысында 8 ауыл ішімдіктен бас тартты

    Қостанай облысында 8 ауылы арақ-шараптан бас тартқаны анықталды. Бұл бастама өңірде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени қоғам» жобасының бір бөлігі болды.

    Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин есеп беру кездесуінде өткен жылы барлық қылмыстардың шамамен 27%-ы масаң күйде жасалғанын атап өтті. Бұл маскүнемдер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар және отбасылық жанжал шығарушылар сияқты қауіпті топтарға полицияның бақылауын күшейтуге үлкен себеп болды. Бұған жауап ретінде үйде де алкогольді ішуге тыйым салатын 4 мыңға жуық сот шешімі шығарылды.

    2024 жылы облыс аумағында тұрғындары алкогольден бас тартқан 6 елді мекен (Милісай, Сарысу, Әбдіғапар ,Крамское , Отынағаш , Көктал ауылдары) бар.

    Бұл ауылдарда осы күнге дейін бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жоқ.

    Биыл Ұзынкөл ауданындағы тағы екі ауыл – Абай мен Уқатқан «ішпейтін» ауылдар қатарына кірді.

    Жобаның маңызды аспектілерінің бірі-жұртшылықты тарту. Қалалар мен ауылдық елді мекендерде қоғамдық комиссиялар белсенді жұмыс істейді, олардың құрамына жергілікті билік, діни көшбасшылар мен ақсақалдар кіреді.

  • Текелідегі құтқару: Жергілікті тұрғын мен полицейлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды

    Текелідегі құтқару: Жергілікті тұрғын мен полицейлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды

    31 наурыз күні Текелі қаласында жергілікті тұрғынның қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері 22 жастағы Тимур Абдулиннің өмірін сақтап қалуға көмектесті. Ес-түссіз жатқан жігіт қаладағы кешендердің бірінің жертөлесінен табылған.

    Кешкі уақытта үйіне қайтып келе жатқан қала тұрғыны «Жетісу Резорт» кешенінің маңында танысы Тимурдың көлігін байқап қалады. Онымен амандаспақ болып ішке кіргенде, оны таба алмайды. Телефон соққанымен, жауап ала алмайды. Алаңдаған ер адам іздеу жұмыстарын бастап, жертөлеге түседі. Сол жерде Тимурдың телефонын, кілтін және киімдерін көріп, әрі қарай өтіп, оны бояу қалдықтары бар кеңістіктің ішінде ес-түссіз жатқан жерінен табады.

    Уақытты босқа өткізбей, ер адам көшеге жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан патрульдік полиция көлігін байқап, көмекке шақырады. Көмекке бірден капитан Азамат Қазыбаев пен Елдар Амангельдин, және аға лейтенант Жанатбек Ахметов келген. Полицейлер жедел әрекет етіп, зардап шеккен азаматты сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем келіп, жас жігітті дәрігерлерге табыстаған. Қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматологының айтуынша, полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекет етуі жас жігіттің өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарған.

    Айта кетейік, полиция капитаны Азамат Қазыбаев бұған дейін де батылдық танытқан. 2011 жылы ол Жапония мен Оңтүстік Корея делегациясын тасымалдаған автобусты «Ақ-Бұлақ» кешеніне қарай алып бара жатқан. Алматы – Көкпек – Көктал тасжолының 13-шақырымында қарсы бағытқа «Subaru Impreza» автокөлігі шығып кетіп, автобусқа соғылу қаупі туындаған. Сол кезде капитан Қазыбаев өз патрульдік көлігімен жолды жауып, соққыны өзіне қабылдап, үлкен апаттың алдын алған. Осы ерлігі үшін ол Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

    Жетісу облысының Полиция департаменті бей-жай қарамай, азаматты құтқаруға көмектескен тұрғынға алғыс білдіреді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салады.

  • Қазақстан туына арабша жазып алған жастар сот қаулысымен қамауға алынды

    Қазақстан туына арабша жазып алған жастар сот қаулысымен қамауға алынды

    Атырау қаласындағы мұз айдынында Қазақстан туына арабша жазып алып, суретке түскен жастардың ісі сотта қаралды.

    Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, видеомен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.

    Облыстық соттың мәліметінше, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.

    Сот қаулысымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылды.

    «Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайды ескере отырып (кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту; адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы), 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

    А.-ға әкімшілік жаза ретінде 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

    Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ», — делінген Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты хабарламасында.

  • Жалдамалы пәтерден полицейдің мәйіті табылды

    Жалдамалы пәтерден полицейдің мәйіті табылды

    Таразда адам шошырлық оқиға болды. Тәуліктік жалдамалы пәтерден полиция қызметкерінің мәйіті табылды.

    Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды. Белгілі болғандай, марқұмды пәтер иесі баспананы қабылдауға келгенде тапқан.

    Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған фактіге сәйкес, «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    «Оқиға орнына полиция департаментінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу жетті», — деп хабарлады ведомстводан.

    Құқық қорғау органдары сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін қажетті кешенді тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын қосты.

  • Тротуарда кетіп бара жатқан екі адамды көлік қағып кетті

    Тротуарда кетіп бара жатқан екі адамды көлік қағып кетті

    Қарағандыда жеңіл көлік тротуарға шығып кетіп, екі адамды қақты. Бір адам оқиға орнында көз жұмды.

    Оқиға 31 наурыз күні шамамен сағат 23:00-де Бұқар жырау даңғылы бойында болды. Audi автокөлігінің жүргізушісі Дүйсенбеков көшесіне қарай бағыт алып келе жатып, жылдамдық режимін асырып, көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен.

    «Жол апаты салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал екінші адам, сондай-ақ автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы түрлі жарақаттарымен облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Азамат Ахметов.

    Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

    Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

  • Елімізде құбылмалы ауа райы сақталады

    Елімізде құбылмалы ауа райы сақталады

    Синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде жел күшейіп, тұман түседі деген болжам жасап отыр.

    Астанада тұман болады.

    Солтүстік Қазақстан облысында жел, жаңбыр, тұман болу ықтималдығы жоғар.

    Маңғыстау, Атырау облыстарында найзағай ойнап, жел күшейеді.

    Павлодар, Петропавл, Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні 15-20 м/с күтіледі.

  • «Алматы су» қаланың әуежайын жөндеген инвесторға 122 млн теңге заңсыз айыппұл салған

    «Алматы су» қаланың әуежайын жөндеген инвесторға 122 млн теңге заңсыз айыппұл салған

    Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының «Алматы Су» мекемесі әуежайға халықаралық терминал салып, әуежайды жөндеген «TAV Қазақстан» компаниясына 122 млн теңге көлемінде негізсіз айыппұл салған.

    Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 85 млрд теңге болған, жобаны іске асыру 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

    «Алайда Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының «Алматы Су» 122 млн теңге көлемінде айыппұл және сумен жабдықтау мен су бұру қызметтеріне қосымша төлемдер жазған», — деп хабарлайды Алматының прокуратурасы.

    Түрксіб ауданының прокуратурасы осы негізгіз айыппұл мен қосымша төлемдердің күшін жойды.

  • Жамбыл облысында жер сілкінісінен 17 әлеуметтік нысан бүлінген

    Жамбыл облысында жер сілкінісінен 17 әлеуметтік нысан бүлінген

    Әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Баспаналары зардап шеккендерге атаулы көмек көрсетілетіндігі айтылды. Бүлінген ғимараттардың ішінде 11 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 2 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар. Сондай-ақ 104 тұрғыннан баспаналарына зақым келгені туралы арыз-шағым түскен.

    Тұрғын үйлерді тексеру және шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасуда. Еске салайық, 28 наурыз күні Жамбыл облысында жер сілкінісі тіркелген еді.