Метка: Басты оқиғалар

  • Стамбул мэрінің ұсталуынан кейін жаппай наразылық басталды

    Стамбул мэрінің ұсталуынан кейін жаппай наразылық басталды

    Ол президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде танымал. Мыңдаған наразылық білдірушілер Анкара мен Стамбул көшелеріне шығып, кей жерлерде полициямен қақтығыс болды.

    Билік елдегі митингілер мен жиналыстарға тыйым салғанымен, халықтың қарсылығы күшейіп келеді. Имамоглуға сыбайлас жемқорлық және Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деген айып тағылған. Алайда оппозиция бұл істі саяси қудалау деп есептейді.

    Наразылықтар салдарынан түрік лирасы 10%-дан астам құнсызданып, қор нарығы 7%-ға төмендеді. Елде саяси тұрақсыздық күшейіп, жағдай ушыға түсті.

  • Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күнді белгіледі.

    Президент өкімімен ҚХА кезекті сессиясы шақырылды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын шақырды.

    Cессия 2025 жылғы 23-24 сәуір күндері Астана қаласында өтеді.

  • Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама онкүндігінің аясында бүгін Қазақстанда Ұлттық спорт күні тойланады.

    Ұлттық спорт күні қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған. Бұл күні азаматтарды спорттық дәстүрлер мен дала халықтарының бай мұрасын тануға, тән мен жан үйлесіміне ұмтылыс біріктіреді.

    Көкпар, асық ату, қыз қуу, күрес сынды дәстүрлі спорт түрлерінің тамыры сонау Ұлы Дала тарихында жатыр. Олар көшпелі халықтардың тұрмыс салты  дене күші, ептілік пен батылдықты талап еткен бұрынғы кезеңді еске түсіреді.

    «Ұлттық спорт күні» адамдарды бәсекелестік пен өзара сыйластық арқылы жақындастырады және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл спорт – қиындықтарды жеңудің, жетістіктерді бірге атап өтудің және дәстүрлі құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізудің ең ұтымды жолы.

    Табиғат пен жан-дүниеміздің жаңаруын бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау аясында бұл күні салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру және ұжымдық рухтың маңыздылығына баса назар аударылады. Ол бізді тән саулығына мән беріп, күш-қуат пен төзімділікті арттыруға және табысқа жету жолында бір-бірімізді қолдауға үндейді.

    Ұлттық спорт түрлері жай жарыс емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен құндылықтарын бейнелейтін мәдени мұраның маңызды бөлігі. Күш, ептілік, төзімділік, намыс – көшпенділер өркениетіне сіңісті болған, жас ұрпақты жігерлендіріп келе жатқан қасиеттер. Ұлттық спорттық ойындар арқылы біз рухани тамырымызды сақтаймыз және бай мәдени мұрамызды мақтан тұтамыз.

  • Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы бес жылда оқушылар арасындағы ерте жүктілік 43 пайызға төмендегенін айтты.

    Еділ Оспанның сөзінше, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік немесе қажетсіз қарым-қатынастарға байланысты проблемалар бар.

    «Сондықтан да білім беру саласында оның алдын алу үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл статистиканы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ерте жүктіліктіктің 43%-ға төмендегені туралы ақпарат бар. Денсаулық сақтау министрлігі сондай ақпарат беріп отыр. Енді бұл ненің нәтижесі деген мәселеге талдау жүргізіп көрдік. Халықтың арасында, оның ішінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының осындай нәтижеге әкелгенін көріп отырмыз. Бұл проблеманың түпкі себебі қыз балаларға қатысты зорлық екенін ашық айтуымыз керек», – деді Еділ Оспан.

    Вице-министр жылына 200-ден астам зорлық қылмысы болатынын айтты.

    «Әлеуметтік желілер арқылы қыз балалар бейтаныс адамдармен танысып, олардың бопсалауына, құрығына түсу фактілері де аз емес. Сондықтан екі бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күресуіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік желіге ата-аналардың бақылауын күшейткен жөн. Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа келер болсақ, әрине, оқу бағдарламаларының ішінде міндетті түрде жасөспірімдерге қатысты ақпараттар беріліп отырады. Оның ішінде репродуктивті денсаулық, гигиена, жеке қауіпсіздік мәселелері бар», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

  • Астанада ТҚС-ның қосалқы бөлмесінен арыстан күшігі табылды

    Астанада ТҚС-ның қосалқы бөлмесінен арыстан күшігі табылды

    27 жастағы азамат жабайы жануарды қосалқы бөлмеде заңсыз ұстап тұрғаны анықталды.

    Құқық қорғау органдары күшікті тәркілеп, жақын арада зообаққа жіберуді жоспарлап отыр. Аталған факті бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлармен заңсыз айналысу бабымен қылмыстық іс қозғалды.

    Арнайы қызметтер мұндай заңсыз әрекеттердің қайталанбауына ерекше назар аударып, алдын алу шараларын күшейтуді мақсат етеді. Тергеу барысында арыстан күшігін ұстаған тұлғаның құқықтық жағдайы мен жануарды қалай алғаны толығырақ анықталмақ.

  • «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші көз жұмды.  Жазатайым оқиға Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінде болды.

    «№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.

    Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.

    «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді», – делінген «Қазақмыс» компаниясы таратқан хабарламада.

    Айта кетейік, өткен айдың ортасында «Қазақмыс» кенішінде жеті бірдей кенші қаза тапқан болатын.

  • «Қалқаман» метро бекетінің құрылысына тағы 28 млрд теңге бөлінеді

    «Қалқаман» метро бекетінің құрылысына тағы 28 млрд теңге бөлінеді

    Қала билігі жаңа бекет 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқталады деп уәде берді. Биылғы жылы бұл құрылысқа 28 млрд теңге бөлінебекші.

    Метро құрылысы бойынша жоба 2020 жылы басталған болатын, бірақ кейінірек бірнеше түзетулер енгізілді. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аралық туннельдердің ұзындығы 1,98 км құрайды. Ал бекеттің өзі Абай даңғылының бойында, Әшімов көшесінің батысында орналасады.

    «Станция платформасының ұзындығы 98 метрге жетеді, оған іргелес аумақ абаттандырылады, оның ішінде 380 автокөлік пен 28 автобус тұрақтары қарастырылған. Жобаның бас мердігері BCN-Group (бұрынғы Bazis construction) компаниясы болып табылады», – делінген хабарламада.

    2024 жылы жобаға қаржыландыру жетпей қалған еді. Қазіргі уақытта жұмысшылар жаңа станция үшін котлован қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

    «Ағымдағы жылға 28 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ерболат Досаев сапар барысында мердігерге ағымдағы жылға бөлінген қаржыны толықтай игеру мінщдетін қойды», – деп хабарлады әкімдік.

    BCN group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович аумақта 150 маман 50 ден астам арнайы техника үш ауысыммен істеп жатыр деп сендірді. Нысан 2026 жылдың қаңтарында, жоспарланған мерзімде аяқталатынын мәлім етті.

    Айта кетейік, метро құрылысы 3 жылға жетпей аяқталуы керек еді. Бірақ жобаға қажетті қаражат дұрыс бөлінбеген.

    ■ 2020 жылы республикалық бюджеттен 190,2 млн теңге бөлінген
    ■ 2021 жылы – 600 млн теңге
    ■ 2022 жылы – 0 теңге
    ■ 2023 жылы – 9,2 млрд теңге
    ■ 2024 жылы – 2,67 млрд теңге
    ■ 2025 жылы – 28 млрд теңге
    ■ 2026 жылы – белгісіз

    Бекет құрылысына жауапты «Базис-А» компаниясы осыған дейін қаржы республикалық бюджеттен қаржыландыруылуы керек деп мәлімдеген болатын. Алайда бөліну керек ақша кешігіп жатқанын хабарлады.

  • Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері бойынша 5,8 мыңнан кеңес берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері бар 862 хабарлама түсті. Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істердің саны артып келеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз», – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Ресми өкілдің мәлімдеуінше, сыйақы қағидалармен регламенттелген және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтық қоғамды ынталандырушы тетік.

    «Сыйақы 10%-ға дейін, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат бергені үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», – дейді ол.

    Еске сала кетейік, Антикор іске қосқан WhatsApp чат-ботына жемқорлық туралы хабарласаңыз, 15,7 млн теңге сыйақы алуға мүмкіндік бар.

     

  • Арғын Нығматулинді Антикор іздеп жатыр

    Арғын Нығматулинді Антикор іздеп жатыр

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Арғын Нығматулинді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

    – Қылмыстық-процестік кодекстің 186-бабы тәртібінде 7 желтоқсанда іс Бас прокуратураның өндірісіне берілді. Осыған байланысты біз тергеу барысына қатысты түсініктеме бере алмаймыз. Бірақ Әкімшілік-процестік кодекстің 65-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іздестіру біздің құзыретімізде екенін атап өткім келеді. Аталған тұлғаны іздеу бойынша жедел шараларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр, жұмыс жалғасып жатыр, өзге ақпаратты жариялай алмаймын, – деді Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Оның айтуынша, аталған жайтқа қатысты артық ақпарат іздеудегі тұлғаның одан әрі жасырынып жүруіне әсер етуі мүмкін.

    Айта кетейік, 3 наурызда белгілі болғандай еліміздің прокуратура органдары бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жариялады.

  • Антикор LRT-ға жауаптыларды іздеуді тоқтатпайды

    Антикор LRT-ға жауаптыларды іздеуді тоқтатпайды

    Елордадағы LRT құрылысына жауапты тұлғаларды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

    – Белгілі бір ақпарат пен ілгерілеу бар, бірақ іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, қазір БАҚ-пен бөлісуге болатын жаңартылған ақпарат жоқ. Жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда хабарлаймыз, – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Еске сала кетсек, «Астана LRT» бойынша іс сотқа 2020 жылы қазанда жолданды. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы мамырда елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды. Сондай-ақ Бас прокуратура Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жұмысының тоқтамайтынын айтты. Жыл басында еліміздің Бас прокуратурасы Интерпол Талғат Арданның қайда екенін анықтамағанын хабарлады.