Метка: Басты оқиғалар

  • Қорғаныс министрлігі үндеу жариялады

    Қорғаныс министрлігі үндеу жариялады

    Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық шаралары басталады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

    13 наурыздан бастап әскери техниканы тасымалдауға байланысты еліміздің кейбір аймағындағы жолдардың жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында әскери авиацияның жаттығуы үшін Астана қаласында әуе кеңістігін пайдалануға қысқамерзімді шектеу қойылады, — делінген мәлімдемеде.

    Ведомство сонымен қатар әуе рейстерінің кестесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкіндігін еске салды.

  • Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.

    2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы SIM-карта енгізу бастамасын көтерді.

    Бұл – балалардың мобильді құрылғыларды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге және ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған арнайы тарифтік жоспар. Балаларға арналған SIM-карталардың басты артықшылықтары:

    ​•​ Ата-ана бақылауы

    ​•​ Зиянды және қалаусыз контенттен қорғау

    ​•​ Баланың орналасқан жерін бақылау (геолокация)

    «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, балаларға арналған SIM-карталар байланыс операторлары тарапынан қолдау тауып, цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бастамалармен қатар жүреді. Бұл ата-аналарға балалардың телефонды қолдануын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда байланыс операторлары балаларға арналған, білім беру ресурстарына шектеулі қолжетімділік беретін тарифтерді ұсынғанымен, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты толық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Министрліктің бұл бастамасы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналарға олардың онлайн кеңістіктегі қорғанысын қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі қолдау көрсетеді», – деп мәлімдеді Еділ Оспан.

  • Ата-аналар балаларын Тiktok-тан бұғаттай алады

    Ата-аналар балаларын Тiktok-тан бұғаттай алады

    Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сәйкес, Тiktok қауіпсіздік механизмдерін жақсартуды жалғастырып,  «отбасылық баптаулар» жүйесіне жаңа «Белсенді емес уақыт» функциясын енгізді. Бұл құрал ата-аналарға жасөспірімдерге қосымшаны қолдануға тыйым салатын уақыттарды белгілеуге мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, платформа жастардың цифрлық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа мүмкіндікті ұсынды. Егер жасөспірім TikTok-ты кеш уақыта қолданса, қосымша оған үзіліс жасауды ұсынады. Бұл шара әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың ұйқы сапасына және жасөспірімдердің жалпы жағдайына әсерін азайтуға бағытталған.

    TikTok-тың ата-аналық бақылау жүйесі бес жылдан бері жұмыс істейді және сарапшылардың ұсыныстары мен ата-аналардың пікірлері негізінде үнемі жаңартылып отырады. Жаңа енгізілімдерге платформаның қолжетімділігін кеңейтілген басқару мүмкіндіктері кіреді. Енді ата-аналар:

    • TikTok-ты қолдануға шектеу кестесін орната алады;
    • Цифрлық детокс үшін қайталанатын кестелер жасай алады;
    • Бұғатталған кезеңдерде қосымшаға кіру туралы жасөспірімдердің сұраныстарын мақұлдай немесе қабылдамай алады.

    Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың белсенділігін бақылау үшін қосымша құралдар беріледі. Олар баласының кімге жазылғанын және оның аккаунтын кім бақылап отырғанын көре алады. Сондай-ақ, жасөспірім бұғаттаған пайдаланушыларды бақылау мүмкіндігі де пайда болады.

    Жақын арада TikTok платформаның ережелерін бұзатын контент туралы жасөспірімдерге ата-аналарға хабарлауға мүмкіндік беретін тағы бір функцияны енгізуді жоспарлап отыр. Бұл опция ата-аналық бақылау қосылмаған жағдайда да қолжетімді болады.

  • Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалалық орталық ауруханаға сушидан уланған 22 адам жатқызылды.  Оларға «тағамдық токсикоинфекция» диагнозы қойылған.

    «Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Барлығы оқшауланған палаталарға жатқызылып, ем тағайындалды, дәрі-дәрмек жеткілікті», – деп мәлімдеді басқарма.

    Осы жағдайдан кейін Түркістан қаласының полиция басқармасы дәмхананы мөрлеп, жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

    Ондағы қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмай шықты. Кейбірінің құжатының мерзімі өткені анықталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал жағдайы біршама жақсарған науқастар үйіне қайтарылды.

  • «Жетісу» әйелдер волейбол командасы 9-шы рет Қазақстан чемпионы атанды

    «Жетісу» әйелдер волейбол командасы 9-шы рет Қазақстан чемпионы атанды

    Бүгін Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстанның XXXIII чемпионаты мәресіне жетіп, финалда Шығыс Қазақстанның «Берел» командасынан басым түскен «Жетісу» командасы ел чемпионы атанды. Сөйтіп «Жетісу» КВК Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер волейбол командалары арасында 9 дүркін чемпион болып отыр.

    Осылайша «Жетісу» волейбол қыздар командары 2024-2025 жылдардағы маусымда үшінші жеңісіне қол жеткізіп отыр, яғни ҚР Чемпионатын тоғызыншы рет, сол сияқты Кубогын да тоғызыншы мәрте, Суперкубокты төртінші мәрте ұтып алды. Суперкубок иеленуінің арқасында Филиппинде 18-28 наурызда өтетін волейболдан клубтар арасындағы Азия Чемпионатына жолдама алды.

    Еске салсақ, Ұлттық лиганың волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстанның 33-ші Чемпионатының Плей-офф ойындары Өскемен қаласында 1 наурызда басталған болатын. 6-7 наурыз күндері «Жетісу» алдымен «Тұран» командасын екі мәрте жеңіп финалға шыққан еді. Финалда «Берел» командасымен  үш ойын өткізді. Бүгінгі шешуші ойында қорытынды есеп 3:1, «Жетісудың» пайдасына шешілді.

    Осылайша биылғы чемпионатта «Жетісу» командасы алтын медальға ие болып, 9 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Бұл ретте жеке номинация бойынша «Жетісу» командасынан Дарья Шаргородская үздік байланыстырушы, Мадина Бекет үздік қорғаушы атанса, жалпы чемпионаттың үздік ойыншысы Карина Денисова деп танылды.

    Чемпионат аяқталғаннан кейін «Жетісу» командасының бас бапкері Марко Гршич ой бөлісті:

    — Ең алдымен команда ойыншыларына ризамын. Кешегіден кейін бүгінгі ойын оңайға түскен жоқ. Бірақ біздің қыздар өзінің мықтылығын көрсетті. Бұл ретте бізді соңына дейін қолдаған жанкүйерлерімізге де алғыс білдірімемін. Бұл маусым – «Жетісу» командасының маусымы деп мақтанышпен айта аламыз, — деді ол.

    Жалпы Талдықорғанда «Жетісу» волейбол кәсіби клубына арналған жаттығу орталығы жұмыс істеп тұр. Онда ерлер мен әйелдер командалары және жастардың қосалқы құрамы жаттығады.

  • 1200 тұтқын мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін — ІІМ

    1200 тұтқын мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін — ІІМ

    Қазақстанда есірткі қылмысы үшін жаза өзгерді. Заң бойынша «есірткі таратушылар» (закладчик) жазасы жеңілдетілді.

    Енді есірткі жасырумен айналысқан жастар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға (ШТМБ) үміттене алады. Ресми деректерге сүйенсек, қазір 16-30 жас аралығындағы шамамен 1200 адам осы қылмыс үшін қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.

    Полицейдің айтуынша, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған заңға қол қойған. Бұл заң 3 наурыздан бастап күшіне енді.

    Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 297-бабы есірткі сатумен айналысатындар, соның ішінде таратушылар үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтап қалды. Алайда, егер қылмыс алғаш рет жасалса және есірткіні өндіру, қайта өңдеу немесе жасау әрекеттері болмаса, жаза жеңілдетіледі.

    «Яғни, енді есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен таратушылардың жауапкершілігі ажыратылды. Бұрын олар бірдей баппен сотталатын және жаза бірдей болатын. Президенттің тапсырмасымен ІІМ, мемлекеттік органдар және депутаттар қауымдастығы бірлесіп, өзгерістер енгізді. Осы өзгерістерге сәйкес, есірткі өндіру, қайта өңдеу және жасаумен айналысатындар үшін жаза қатаңдатылып, ал есірткіні байланыссыз (онлайн) тәсілмен тарататындарға жаза жеңілдетілді», – деді Әлжанов.

    Жалпы, алғаш рет қылмыс жасаған есірткі таратушылардың жаза мерзімі қысқартылды.

    ҚК 297-бабы 1-бөлігі бойынша жаза 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды (бұрын 10 жылға дейін болған). Бұл аз мөлшердегі есірткіге қатысты. 2-бөлім бойынша жаза 6 жылдан 12 жылға дейін болса, енді 10 жылға дейін қысқартылды (ірі мөлшердегі есірткіге қатысты). 3-бөлім бойынша бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылса, енді 7 жылдан 12 жылға дейін қысқартылды. Бұл – мемлекет тарапынан рақымшылықтың бір түрі.

    Сондай-ақ, заңға сәйкес, сотталған «есірткі таратушыларға» шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШТМБ) және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір жағдай жеке қаралатын болады.

    «Бұл тәсіл қазіргі уақытта қамауда отырған жастарға ертерек босап, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Жаза мерзімін қысқарту олардың әлеуметтік бейімделуін жеделдетуге және қылмыстық ортаға бейімделуін болдырмауға көмектеседі», – деді Қуандық Әлжанов.

    Сонымен қатар, заң есірткі қылмысын ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасағандарға, кәмелетке толмағандарға және білім беру мекемелерінде есірткі сатқан адамдарға жазаны күшейтуді қарастырады.

    Қызметтік жағдайын пайдаланып есірткі қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар үшін де жауапкершілік күшейтілді. Енді олар 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін тартылады.

  • Қонаевтағы Бөлек ата кесенесі мемлекетке қайтарылды

    Қонаевтағы Бөлек ата кесенесі мемлекетке қайтарылды

    Аталған нысанды орналастыру үшін алаңы 1,5941 га жер учаскесі 2004 жылы Қапшағай қаласы (қазіргі Қонаев) әкімінің қаулысымен жеке меншікке «Бөлек батыр Жалайыр» Қоғамдық қоры ЖШС-не берілген.

    Ал 2022 жылғы 26 тамыздағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Бөлек батыр Жалайыр» қоғамдық қоры мәжбүрлі түрде жойылған. Арада бір жыл өткен соң нысан иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

    Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі сотқа жүгінген. Әкімдік нысанды иесіз және коммуналдық меншікке түскен деп тану туралы уәж айтқан. Ал үшінші тұлғаның өкілі бұл талаппен келісіп, мемориалды кешеннің маңызы зор және оны күтіп ұстау үшін шығындар қажет екенін, қазіргі таңда кешеннің қараусыз екенін көрсеткен. Сот ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, әкімдіктің талабын қанағаттандырып, нысанды мемлекет меншігіне қайтаруды ұйғарды.

    Бұл кешен мәдениет бөлімінің иелігіне өтіп, мемлекет қорғауында болады.

  • Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Қылмыстық іс туралы сол ауылдың тұрғындары хабарлаған. Ал осы оқиға бойынша Orda.kz редакциясы Жетісу облысының полиция департаментінен жауап алды.

    «Ескелді ауданының полиция бөлімі ішімдік ішу кезінде жасалған кісі өлтіру туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталды және қамауда отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», – деп жауап берді олар.

    Сондай-ақ, құқық қорғау органдары алкогольді шамадан тыс пайдалану қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

  • Алматыда қылмыстық топ мүшелері сотталды

    Алматыда қылмыстық топ мүшелері сотталды

    Сот отырысы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ерлан Болатовтың төрағалығымен өтті.

    Аталған іс бойынша 22 адам айыпталушы деп танылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2017-2023 жылдар аралығында жұмыс істеген. Оның құрамында психиатр-дәрігерлер, нотариус, риелторлар және бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген қызметкерлер болған.

    Оларға адамдарды ұрлау, кісі өлтіру және психикалық ауытқуы бар қарттарға зорлық-зомбылық көрсетіп, баспанасынан айыру бойынша айып тағылды. Істе барлығы 37 эпизод бар.

    Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот үкімі бойынша күдіктілер 3 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

     

  • Алматыда Владимир Жириновскийге ескерткіш қойылмайды

    Алматыда Владимир Жириновскийге ескерткіш қойылмайды

    Бұған дейін Жириновскийдің 80 жылдығына орай 2026 жылы Алматыда ескерткіш қойылуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.

    Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Алматыда ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге ескерткіш орнату мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді.

    Ол «Әрине, болмайды», – деп қысқа қайырды.

    Еске салсақ, Владимир Жириновскийдің 80 жылдығына орай бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Ресейлік ТАСС агенттігінің мәліметінше, жоспарға бірнеше қалада ескерткіш орнату да енгізілген, оның ішінде Алматы да аталған. Алайда, кейінірек Алматы әкімдігі қалада Жириновскийге ескерткіш қою туралы ешқандай ұсыныс түспегенін мәлімдеді.