Метка: Басты оқиғалар

  • Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Сауд Арабиясында өткен келіссөздер бір қадам болсын соғысты тоқтатуға жақындата ма?

    – Украина АҚШ-тың екі тараптың өзара келісімімен ұзартуға болатын 30 күндік уақытша бітім енгізу туралы ұсынысын қабылдауға дайын екенін көрсетті. Бұл бітім Ресей Федерациясының келісімі мен оны бір мезетте орындауына тәуелді, – делінген Жиддадағы келіссөздерден соң жарияланған АҚШ-Украина бірлескен мәлімдемесінде.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ұсынысты Мәскеуге дереу жеткізетінін айтып, «Ендігі кезек – Ресей тарапында» деді. Егер Кремль бұл келісімге қол қоймаса, «бейбітшілікке кім кедергі келтіріп отырғанын анық білеміз» деп нақтылай түсті ол.

    – Бүгін біз әлемге бейбітшілікті қалайтынымызды көрсеттік. Әділетті және ұзақ мерзімді бейбітшілік керек, – деді келіссөздерден кейін Украина Президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак. 

    Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыса алмаған Украина президенті Владимир Зеленский ел ұстанымын тағы да қайталады.

    – Біздің ұстанымымыз өте айқын. Украина соғыстың алғашқы күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып келеді. Біз оны мүмкіндігінше тез әрі сенімді түрде жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бізге соғыстың ешқашан қайталанбағаны керек, – деді ол.

    Егер Ресей толықтай атысты тоқтату шарттарын қабылдайтын болса, сол сәттен бастап тыныштық орнауы мүмкін.

    – Украина бейбітшілікке дайын. Енді Ресей де соғысты тоқтатуға дайын екенін көрсетуі тиіс. Немесе оны жалғастырғысы келе ме? Ақиқат ашылатын уақыт келді, – деп сөзін қорытындылады Зеленский.

    Екі ел өкілдерінің Сауд Арабиясында прайдалы қазбалар бойынша келісімге келу мүмкіндігін талқылағаны да белгілі болды. Бірлескен мәлімдемеде бұл келісім көп ұзамай жүзеге асатыны айтылған.

  • Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев еліміздегі бірыңғай уақыт белдеуінің әсері жөнінде пікір білдірді.

    «Уақыт белдеуіне қатысты мәселеге қысқаша тоқталғым келеді. Тәжірибе көрсеткендей, өңірлердің басым бөлігі айтарлықтай кері әсердің жоқ екендігін айтып отыр. Адам денсаулығына, балалардың оқу сапасына, коммуналдық шығындарға, жол қозғалысына және қылмыстың өсу динамикасы өзгеріске ұшырамаған. Кейбір өңірлерде, әсіресе, шығыста адаптация процесі жалғасуда. Тұрғындарға тиімді болу үшін жұмыс уақыты өзгертіліп, ол қазір бес жарымға таман аяқталады. Нәтижесінде қалған уақытты тұрғындар жеке басына, отбасына, балаларына арнауға көбірек мүмкіндік алып отыр», – деді Е. Көшербаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

    Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Парламент бұл сұрақты жан-жақты қарады.

    Еске сала кетсек, елімізде  2024 жылы 1 наурыздан бастап уақыт бір сағат артқа жылжыды.

  • «Декретке миллионмен» курсын шығарғандар жазалануы мүмкін

    «Декретке миллионмен» курсын шығарғандар жазалануы мүмкін

    Олар бұған дейін жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдісін үйрететін консультациялық қызметтердің үстінен шағым түсірген еді.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БАҚ өкілдеріне жүктілік пен босану төлемдерін шамадан тыс рәсімдеген 113 адамға 16 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Журналистер «Осы қылмыстық істердің арасында «Декретке миллионмен» курсының авторлары бар ма?» деп сұраған.

    – Бүгінде біз әлеуметтік желілерде үшінші тұлғалардың тарапынан әртүрлі консультациялық қызметтің, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілері мен декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отырған әйелдер арасында «формалды» еңбек шарттарын жасасу арқылы әлеуметтік төлемдерді жоғары мөлшерде алу тәсілдерінің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз, – делінген жауапта.

    Қазіргі уақытта құзырлы органдар өз жұмысын атқарып жатқан көрінеді.

    – Аталған мәселе бойынша министрлік пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өзінің құзыреті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізу үшін құқық қорғау органдарына бірқатар өтінішке бастамашылық жасады. Қозғалған қылмыстық істер шеңберінде жедел тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді, – деп жазылған жауапта.

  • Мейрамханалар ауызашар бағасын шарықтатып отыр – Мүфтият

    Мейрамханалар ауызашар бағасын шарықтатып отыр – Мүфтият

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) еліміздегі мейрамхана, кафе иелерін қасиетті Рамазан айында халыққа қолжетімді бағамен ауызашар ұйымдастыруға шақырды.

    Дінбасылардың айтуынша, соңғы жылдары ауызашар мәзірінің бағасы шарықтап, қарапайым халық үшін қолжетімсіз болып барады.

    «Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

    Діни басқарма қасиетті айда дастарқан жайып, ауыз бекіткен жандарға ас беру – үлкен сауап екенін атап өтті. Алайда соңғы жылдары елімізде бірқатар мейрамханалар ауызашар мәзірінің бағасын тым жоғары қойып, халықтың наразылығын тудырып отыр.

    «Ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс. Қасиетті Құранда: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят)», – деп еске салды ҚМДБ өкілдері.

    Дін мамандары ауызашар дастарқаны қарапайым болуы тиіс екенін айтып, кәсіпкерлерді көпшіліктің қалтасына сай қолжетімді мәзірлер ұсынуға шақырды. Сондай-ақ мұсылман жамағатын жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға ауызашар ұйымдастырып, қайырымдылық жасауға үндеді.

    ҚМДБ қасиетті Рамазан айының берекесі саудамен емес, шынайы сауаппен келетінін еске салып, халықты рухани тазаруға шақырды.

  • Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Соңғы үш айда Талдықорғанда газ-ауа қоспасының екі рет жарылысы болды. Sona.kz редакциясы тергеу барысы мен осындай төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы білу үшін редакция әкімдікке сауал жолдаған болатын.

    Алайда, билік өз жауабында тергеудің егжей-тегжейі туралы ақпарат беруден гөрі алдын алу жұмыстарын тізіп берген.

    Әкімдіктің ресми жауабында 2025 жылы қалада газбен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бес профилактикалық іс-шара жүргізілгені хабарланды. Тексерулерге тұрғын үйлер, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық нысандары – дәмханалар, мейрамханалар мен жанармай құю станциялары қамтылды. 

    Осы іс-шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салатын 10 хабарлама беріліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған үш дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сондай-ақ әкімдікте қала тұрғындарына газды қауіпсіз пайдалану туралы жаднамалар таратылып, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда бұл шаралардың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

    Тергеу барысы туралы әкімдіктің ресми жауабы да қысқа болды: Қылмыстық іс Жетісу облыстық полиция департаментінің тергеу бөліміне берілді. Қазіргі уақытта іс  аяқталмаған.

    Осылайша, жергілікті билік алдын алуды басты назарда ұстайтынын айтса да, бірақ бұл шаралар нақты нәтиже бере ме немесе болашақта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау мүмкін бе?

  • Перизат Қайраттың «Biz birgemiz» қоры ресми түрде жабылды

    Перизат Қайраттың «Biz birgemiz» қоры ресми түрде жабылды

    Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады.

     Іс материалдарына сәйкес, осы заңды тұлғаны бастапқы мемлекеттік тіркеу 2021 жылғы 11 қазанда өткізілді. Бірлестіктің құрылтайшылары – 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген. Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ының атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған.

    «Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін. ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады. Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады», – делінген ауданаралық экономикалық сот үкімінде.

    Шешім заңды күшіне енген жоқ.

  • Шерзат Болаттың ісі осы аптада сотқа түседі

    Шерзат Болаттың ісі осы аптада сотқа түседі

    Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша материалдар алдағы күндері сотқа жіберілетінін хабарлады.

    Бұл туралы ол журналистердің сұрағына жауап берген кезінде айтты. Алайда негізгі сот процесінің қашан басталатынын нақтылай алмады.

    Шерзаттың ісі қазір прокуратурада қаралып жатыр. Алдағы күндері, осы аптада сотқа жіберіледі деп күтеміз. Бұл – соттың прерогативасы. Сот ісін қарайтын судья тағайындалады. Кейінірек бұл мәселеге қатысты соттың өзі түсініктеме бергені дұрыс деп есептеймін, – деді ол.

    Санжар Әділов сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын, ол істе ешкім күдікті ретінде танылмағанын айтады. Бұған дейін Шерзат ісі бойынша тергеудің аяқталғаны хабарланған болатын.

    Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Бұған дейін тергеу толық аяқталып, іс прокурорға жолданғанын хабарлаған едік. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.

    Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.

    Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.

  • Грузияның экс-президенті Саакашвили 9 жылға сотталды

    Грузияның экс-президенті Саакашвили 9 жылға сотталды

    «Эхо Кавказа» мәліметінше, Грузияның экс-президенті мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталған.

    Сонымен қатар, сот арнайы күзет қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашияны қызмет бабын асыра пайдаланды деп танып, 300 мың лари көлемінде айыппұл салды.

    Прокуратураның мәліметінше, 2009 жылдың 1 мамырынан 2013 жылдың 25 ақпанына дейін Саакашвилидің ұйымдастыруымен мемлекеттік бюджеттен 9 миллион лари жұмсалған. Бұл сол жылдардағы шамамен 5,4 миллион доллар. Ақша жеке мақсаттар үшін жұмсалған.

    Айыптау актіндегі мәлімет бойынша, Саакашвили мемлекет қаржысына пенжек (пиджак), пәлте сатып алып, ақшаны басқа да жеке мақсаттарына жұмсаған.

    Саакашвили 2021 жылдың 1 қазанында Грузияда ұсталды. Қазіргі уақытта ол жазасын өтеп жатыр. Ол екі іс бойынша сотталды: Сандро Гиргвлианиді өлтіргендерге рақымшылық жасағаны үшін және депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жыққаны үшін. Екі жағдайда да ол сырттай сотталды.

  • Қонаев қаласы: Қоғамдық орындарды ластаған 39 азаматқа айыппұл салынды

    Қонаев қаласы: Қоғамдық орындарды ластаған 39 азаматқа айыппұл салынды

    Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһардағы тазалық мәселесіне аса көңіл бөлінуде. Заңсыз қоқыс үйінділерін жою, ҚР заңнамасы шеңберінде бекітілген ережелерді бұзған тұлғалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, айыппұл салу шаралары қолға алынған.

    Мысалы, 1-8 наурыз аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, 39 хаттама толтырылып, 766 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сай, 92 жеке және заңды тұлғаға 943 680 теңге айыппұл салынды.

    Қонаевта «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кестеге сай, күнделікті сенбіліктер ұйымдастырылуда. Әкімшілік нысандардың, мектептердің, кәсіпкерлік нысандардың төңірегі тазартылуда. Одан бөлек, пәтер иелері кооперативтері аулаларды қоқыстан тазартуда. Жалпы Қонаевта 109 бірыңғай байланыс нөмірі іске қосылған. Тұрғындардан тазалық бойынша түскен өтінімдер коммуналды қызмет көрсетуші компаниялармен бірден орындалуда. Азаматтардан қоқысты арнайы орындарға тастауларын сұраймыз. Аталғандардан басқа, полиция басқармасы ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-бабына сәйкес, хаттамалар толтырып, ережені бұзғандарға айыппұл салуда. Бұл шараның барлығы азаматтар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін қолға алынған.

    Аталған бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады.

  • Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кетті

    Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кетті

    Ақсу ауданында «Жансүгіров-Матай» автожолының 34-шақырымында су өткелінің тозуына байланысты темірбетон құбыры мен жол төсемінің бір бөлігі қирады.

    Ақсу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ТҮИ бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов бұл ақпаратты растады.

    «Облыстық маңызы бар Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы автомобиль жолында орналасқан көпір күннің күрт жылынуы себепті, қар суы көпірді шайып кетті. Қазіргі уақытты тиісті жол қозғалысы шектелді, қалпына келтіру шаралары бойынша мамандар жұмыс істеуде», – деді ол.

    Кейіннен аудандық бөлім басшысы жол қозғалысы қалпына келтірілгенін мәлім етті.

    –  Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы жол қалпына келтірілді. Қазіргі таңда арнайы белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жол ашық. Құрметті жолаушылар аталған жол учаскесінде жылдамдықтың қатаң сақтауды сұраймыз, – деп ескертті Нұрахметов.