Метка: Басты оқиғалар

  • Оңтүстікте жер сілкінді

    Оңтүстікте жер сілкінді

    ТЖМ хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылынан 16 км қашықтықта орналасқан.

    ҚР ТЖМ «ННЦСНИ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2025 жылғы 12 наурызда Астана уақытымен 6 сағат 15 минутта жер сілкінісі тіркелді. «Жер сілкінісінің ошағы Өзбекстан Республикасының аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 684.00 км жерде орналасқан. (Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылынан 16 км қашықтықта). Келес ауданының Абай ауылында 3.0 б., Сарыағаш ауданының Сарыағаш қаласында 3.0 б. шамасында болған. Зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ», – делінген хабарламада.

    ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексерді.

    «Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Жағдай тұрақты», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

     

  • Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева дүниеден өтті

    Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева дүниеден өтті

    Суыт хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі хабарлады. 

    Дариға Тілендиева 1946 жылы Алматы облысына қарасты Көксу ауданы, бұрынғы Ақтекше ауданында дүниеге келген.

    Дариға Тілендиева ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті өнер иесі. Ол Халық қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары ғана емес, сазгердің шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға болды.

    Дариға Тілендиева «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Алты жасар Алпамыс», «Құлагер», «Ақ машина», «Жамбылдың жастық шағы», «Қоштасқым келмейді» сынды көркем фильмдері арқылы, ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырды.

  • Айыппұл төлегенде 50% жеңілдік кімдерден алынып тасталады – Бектенов жауабы

    Айыппұл төлегенде 50% жеңілдік кімдерден алынып тасталады – Бектенов жауабы

    Үкімет басшысы Олжас Бектенов жол ережесін бұзатын азаматтарға жаза қалай күшейтіліні жөнінде депутаттардың сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, мәжіліс депутаттары қазір екі үлкен заңға өзгеріс енгізгелі жатыр. Ол заңдар қолдау тауып күшіне енсе, жүргізушілерге жауапкершілік күшейтіледі.

    Бектеновтің жауабында жазылғандай, мәжіліс депутаттары «жаңа көлік түрлерінің қозғалысын реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жаңа көлік түрлерінің қозғалысын реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әкімшілік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізгелі жатыр. Заң жобалары аясында келесі түзетулер қарастырылған.

    Жыл ішінде көлік және жол шаруашылығы саласында он және одан да көп құқықбұзушылық жасаған тұлғаларды жол қозғалысы ережелері (ЖҚЕ) бойынша білімін тексеруге жіберу және емтихан тапсырғанға дейін көлік құралын басқару құқығын уақытша тоқтата тұру жөнінде ұсыныс бар. Сонымен қатар, жүргізушіні емтиханға жіберуге негіз болатын әкімшілік кодекстің баптар тізімі кеңейтіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтар енгізілмек.

    Көлік және жол шаруашылығы саласында жыл ішінде он және одан да көп құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға әкімшілік өндірістің қысқартылған тәртібін (50% айыппұл) қолдануды алып тастау жөнінде де ұсыныс қаралуда. Бұл шара жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзуының алдын алып, олардың жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

    Көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұруға негіз болатын жағдайларды нақтылау және кеңейту. Қазіргі уақытта бұл механизм тек жүргізушіні мерзімінен бұрын медициналық тексеруге жіберу кезінде қолданылады. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, жүргізушіні ЖҚЕ білімін тексеру үшін емтиханға жіберу және денсаулық сақтау органдарының ақпараттық жүйелеріндегі медициналық қарсы көрсетілімдер туралы деректер (диспансерлік есеп, медициналық тексеру қорытындысы және т.б.) негізінде де тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылған.

    Көлік құралын басқару құқығын тоқтату және қалпына келтіру құзыретін сот органдарынан ішкі істер органдарына беру. Бұл өзгеріс келесі жағдайларға қатысты:

    • жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталуы;
    • медициналық қарсы көрсетілімдердің анықталуы;
    • ЖҚЕ білімін тексеру емтиханын тапсырмау;
    • жүргізушілерді даярлау қағидаларын бұза отырып, жүргізуші куәлігін беру.

    Қазіргі уақытта бұл түзетулер үкіметтің қорытындысы аясында келісу рәсімінен өтіп жатыр.

  • 272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    Өткен жылы баласына алимент төлемегені үшін 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

    – Алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу – Әділет министрлігі тұрақты бақылауда ұстап отырған әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. Қазір өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны 272 мың болса, әйелдер саны 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңге, – деді ол.

    Ресми өкілдің айтуынша, көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

    – 2023 жылы 4 238 адам жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан астам адам болды. Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК 139-бабы (алимент төлеу міндеттерін орындамау) бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады, – деді Талғат Уәли.

    Осы ретте ол биылғы ірі көлемдегі өндіріп алулар бойынша бірер мысал келтірді. Мәселен, Астанада алимент төлемей жүрген азаматтың Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды. Ал Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды.

  • ​Павлодар әуежайы 1 сәуірде жабылады

    ​Павлодар әуежайы 1 сәуірде жабылады

    Облыс орталығының әуежайында қайта жаңғырту жұмыстары 1 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Aviasales.

    Қайта жаңғырту жұмыстарының қатарында ұшу-қону жолағын кеңейтіп, күту аймағын ұзарту, эскалатор орнатып, ұшып кету және ұшып келгенде тексеру аймақтарын бөлу жұмыстары жоспарланған.

    Бұл жаңғырту жұмыстарын жүргізбей әуежай келесі жылға ұшу сертификатын ала алмайды және рейстерге қызмет көрсете алмайды.

  • Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнатыла ма? Әкімдік не деді

    Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнатыла ма? Әкімдік не деді

    2026 жылы сәуір-мамыр айларында Алматыда ЛДПР негізін қалаушы Владимир Жириновскийге ескерткіш ашылады деген ақпарат тарады. Бұл туралы ТАСС ақпараттық агенттігі хабарлады.

    Агенттіктің мәліметінше, Саранск және Алматы қалаларында саясаткердің туғанына 80 жыл толуына орай ескерткіш орнату жоспарланған.

    «Баспада бар құжатқа сәйкес, Владимир Жириновскийге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, сәуір-мамыр айларында ескерткіштердің салтанатты ашылуы өтеді», – делінген хабарламада.

    Алматы қаласының әкімдігі ескерткіш орнату ұсынысы түспегенін мәлімдеді.

    «Алматы қаласының мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ», – деді Алматы қаласының әкімдігі.

    Айта кетейік, Жириновский 2022 жылы 6 сәуірде 75 жасында өмірден өткен. Ресейде оған арнап салтанатты рәсімдер өткізіліп, саясаткердің қызметіне байланысты кинофильмдер көрсетілген.

    Сонымен қатар, 2024 жылдың 6 қарашасында Ресей президенті Владимир Путин 2026 жылы Жириновскийдің 80 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

  • Алматыда дәмхананың бас аспазы есірткі сатумен айналысқан

    Алматыда дәмхананың бас аспазы есірткі сатумен айналысқан

    Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының бас аспазы есірткі сатқаны үшін ұсталды.

    Полицейлер есірткі сатты деген күдікпен жергілікті дәмхананың аспазын ұстады. Полицияның мәліметінше, ер адам жұмысын заңсыз заттарды сату үшін пайдаланған.

    Ол гашиш есірткі затын жұмыс орнында сатқан, дәмхананы өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін пайдаланған.

    Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралардан кейін аспаз ұсталды. Ұстау және тінту нәтижесінде есірткі және есірткінің заңсыз айналымына қатысты басқа да заттар тәркіленді. Ұсталған азамат қамауға алынды.

    Қазір қылмыстық іс-әрекеттің барлық дерегін және оған басқа адамдардың қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

  • Президент Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады

    Президент Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады

    Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

    Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған даму жоспары таныстырылды.

    Облыс әкімі жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықталды. Ал үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады.

    Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталғаны туралы баяндалды. Жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын бұл бастамалар 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде алты жоба биыл іске қосылады.

    Берік Уәли облыстағы әлеуметтік нысандардың және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, тұрғындардың сұранысына сай мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған проблемаларды, әсіресе Семей қаласының осы бағыттағы мәселелерін шешу өте өзекті.

    «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 нысанның және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынды. Облыс орталығындағы аспалы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынып жатыр. Осы ретте аспалы көпірдің жүктемесін азайтып, көлік нөпірін реттеу мақсатында Семей қаласында айналма жол салу мәселесі пысықталуда

    Мемлекет басшысы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкіміне Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін өркендету, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды лайықты деңгейде ұйымдастырудың маңызына назар аударды.

  • Шенеуніктер букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін жұмыстан қуылды

    Шенеуніктер букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін жұмыстан қуылды

    Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкерлер құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылды, деп хабарлады облыстық прокуратура.

    Қадағалау органында өткен жылдың шілде айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға толықтырулар енгізілгенін еске салды.

    Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынған, ал бұл талапты бұзған жағдайда олар теріс себептермен жұмыстан босатылады.

    Талдау барысында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны анықталды. Мәселен Ақжар ауданы әкімдігінің құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы заң талаптарын бұза отырып, жүйелі түрде букмекерлік кеңседе бәс тіккен, – деп мәлімдеді прокуратура.

    Осындай заңбұзушылықтар Уәли ауылдық округі әкімінің аппараты мен Ақжар ауданының білім бөлімі бас мамандарының да қатысуымен анықталған.

    Прокурорлық қадағалау актілері негізінде аталған лауазымды тұлғалар жұмыстан босатылып, барлық мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

  • Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

    Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

    Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21-наурызы мен 2025 жылдың 31-наурызын қоса алғанда он бір күнге жалғасады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

    Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

    театр фестивальдері мен қойылымдары;
    шеберлік сабақтары;
    қауіпсіздік сабақтары;
    мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
    спорттық ойындар;
    қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

    Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.

    Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.