Метка: Басты оқиғалар

  • Жеті кеншінің қазасына кімдер кінәлі?

    Жеті кеншінің қазасына кімдер кінәлі?

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішіндегі апатты тергеудің алдын ала қорытындылары қаралды.

    Тергеу аясында 8 кіші комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларының сарапшылары мен мамандары да тартылды.

    Тергеу барысы туралы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, комиссиялар мен кіші комиссиялардың мүшелері оқиғаны көзімен көрген куәгерлер арасында сауалнама жүргізді, өндіріс технологиясын зерттеп, техникалық құрылғылар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын тексерді, тиісті сараптамалар жүргізілді.

    Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды.

    «Жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев апатта қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік қолдау мен көмек көрсету және өтемақы төлеу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

    Қазіргі уақытта «Жомарт» кенішінің жұмысы тоқтатылды. Комиссия қауіпті өндірістік объектілерде осындай оқиғалардың алдын алу шараларын әзірледі.

    Кеңес қорытындысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бұзушылықтарды жою мен апаттардың алдын алу бойынша, оның ішінде кеніштегі қауіпсіздікті арттыру, ауадағы газ құрамын анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, бейнебақылау орнату және басқа да бірқатар тапсырма берді.

    Тергеу жұмыстары жалғасуда әрі ұдайы бақылауда болады», — делінген Үкіметтің хабарламасында.

  • Төреғали Төреәлі концерттерін неге тоқтатты?

    Төреғали Төреәлі концерттерін неге тоқтатты?

    Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі еліміздің төрт қаласында өтетін концерттерінің уақытын өзгертті. Ол  денсаулығына байланысты кейінге қалдырғанын жеткізді. 

    Отандық әншінің жағдайы туралы әкесі Төреәлі Төлепов 3 наурыз күні Instagram парақшасында жазды.

    Жоспар бойынша  концерттер 7 наурыз күні – Астанада, 9-ы Алматыда, 10-ы Шымкентте, 11-і Таразда өтуі керек еді.

    «Төреш баламыздың денсаулығына байланысты алдағы күндерге жоспарланған концерттерімізді кейінгі уақытқа шегердік. Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады деген», – деп жазды әншінің әкесі.

  • Зеленский Трамппен қайта келіссөздер жүргізуге ниетті

    Зеленский Трамппен қайта келіссөздер жүргізуге ниетті

    Украина президенті Владимир Зеленский Ақ Үйде Трамппен кездесу өзі жоспарланғандай болмағанын, бірақ Трамппен жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

    Украина соғысты ертерек тоқтатуды, бейбітшіліктің үстемдік құруын қалайды. Алғашқы қадамдар ретінде ол тұтқындарды босатуды және зымырандық соққылар мен энергетикалық шабуылдарды болдырмайтын «әуе мен теңіздегі бітімгершілікті» ұсынды.

    Зеленский АҚШ-пен бейбіт келісімге келуге үміт білдірді.

    «Ешқайсымыз шексіз соғысты қаламаймыз. Украина мүмкіндігінше тезірек келіссөздер үстеліне отыруға дайын, бұл тұрақты бейбітшілікке жақындатады», – деп мәлімдеді ол.

     

  • БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарар қабылданды

    БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарар қабылданды

    Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    «Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады.

    Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі. Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктес мемлекеттерге ризашылық білдірді.

    Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады», – деп жазды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Өткен жылдың желтоқсан айында болған Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты ресейлік сақтандыру компаниясы Azal әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағы үшін өтемақыны толығымен төледі, деп хабарлайды Malim.kz. 

    Сондай-ақ ресейлік компания мерт болған және аман қалған жолаушыларға төлем төлеуді бастады. Бұл туралы компания бас директорының авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі орынбасары Илья Кабачник мәлімдеді. 

    Ұшақ үшін төлем ақпан айында толық көлемде жасалды, – деді ол.

    Алайда өтемақы мөлшері қанша болғаны айтылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл шамамен 25-30 миллион доллар болуы мүмкін

  • Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды.

    Тергеу кезінде Д. есімді азаматтың депозиттік есепшотынан 28,4 млн теңге белгісіз адамдардың есепшоттарына заңсыз аударылғаны анықталды.

    Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана қаласында үш адам ұсталды.

    Олардың екеуі – Ақтау қаласының, біреуі – Қарағанды облысының тұрғыны.

    Тергеу нәтижесінде күдіктілердің есепшотына жәбірленушінің ақшасы түскені белгілі болды.

    Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Ақтау қаласының тұрғыны жасырынып жүрген жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қазір тергеу жалғасып жатыр.

  • Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Осы жылы тағы 53 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

    Министрдің айтуынша, осы күнге дейін 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен.

    «Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі қажет», — деді Қарабаев Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісін салу; екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін модернизациялау; «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр.

    «Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге көлемінде мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді. Барлық жоба бойынша биыл сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді министр.

     

  • Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды

    Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды

    Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды. Университет қайтарылған активтерді басқару компаниясына ауысты. 

    Былтыр күзде Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінің ісіне қатысты сот басталған болатын. Істі Алматының прокуратурасы қозғаған еді. Динара Құлыбаева басқаратын қор ешқандай заңсыз әрекет болмағанын айтады. Қаңтарда сот медиацияны жүргізу үшін процесті тоқтатқан болатын.

    Университет «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қорына» тиесілі. Ал қорға Динара Құлыбаева басшылық етеді. 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пайда болған Қазақстан-Британ техникалық университеті 2003 жылы «Қазмұнайгаздың» активтерінің бірі болған. Ұлттық компания 15 жыл бойы университетке иелік еткен.

    Прокуратура ең алдымен университет ұлттық компаниядан Құлыбаеваның қолына арзан бағамен өтіп кеткен деп санайды. Бағаны Baker Tilli Kazakhstan Advisory инвестициялық брокерлік компаниясы қойған.

  • Айбек Смадияров – Қазақстан СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы һәм ресми өкілі

    Айбек Смадияров – Қазақстан СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы һәм ресми өкілі

    Қазақстан СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкілі ретінде Айбек Смадияров тағайындалды.

    Айбек Смадияров 1983 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

    Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстандағы Қытай банкі» АҚ Административтік департаментінің маманы ретінде бастаған. 2006 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы ретінде қызмет атқарды.

    2008-2010 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің атташесі және үшінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

    2010-2012 жылдар аралығында Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде үшінші хатшы қызметін атқарды.

    2012 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, ал 2013-2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды.

    2014 жылдан 2018 жылға дейін Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы қызметінде жұмыс істеді.

    2018-2019 жылдары ҚР СІМ Баспасөз қызметін басқарып, 2019-2023 жылдар аралығында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – Баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.

    ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалғанға дейін 2023 жылғы маусымнан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры – Ресми өкілі болды. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

     

  • Қазақстанда құжат ауыстыру онлайн жүргізілуі мүмкін

    Қазақстанда құжат ауыстыру онлайн жүргізілуі мүмкін

    Қазақстанда мерзімі өткен жеке куәліктер мен төлқұжаттарды ауыстыру онлайн форматта жүргізілуі мүмкін. Тиісті пилоттық жобаны Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірледі.

    Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

    «Жобаның мақсаты «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызмет көрсетуді, атап айтқанда, қолданыстағы тәртіпке балама нұсқа ретінде онлайн форматта қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты жеке куәлік беру», – делінген түсіндірме жазбада.

    Қазақстандықтар мерзімі өтіп кеткен құжаттарды электронды үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы онлайн режимінде ала алады.

    Қызмет жеке куәліктің мерзімінің аяқталуына 30 немесе одан аз күнтізбелік күн қалғанда немесе оның мерзімі өтіп кеткен, бірақ 10 күнтізбелік күннен аспайтын жағдайда ғана қолжетімді болады.

    Құжат 19 наурызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.