Метка: Басты оқиғалар

  • «Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің несиесін өтеп беруге 90 млн теңге бөлді

    «Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің несиесін өтеп беруге 90 млн теңге бөлді

    «Қазақмыс» корпорациясы Ұжымдық шарт пен өмірді сақтандыру бағдарламасының міндеттемелерін орындау аясында кеншілердің отбасына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруда. Компания қаза болған кеншілердің отбасыларына толықтай несиелерін өтеп беруге көмектесті.

    «Жомарт» кенішінде қаза болған жұмыскерлердің отбасыларының екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы негізгі борыштарының қарызы толығымен төленді.

    «Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 90 млн теңгені құрады. Әрі қарай отбасылар қаржы ұйымдары алдындағы қарызды өз бетінше өтеуі тиіс. Бұған дейін Қазақмыс барлық отбасыға 10 жылдық жалақы мөлшерінде (84 млн теңгеден 142 млн теңгеге дейін) өтемақы және жерлеу рәсіміне 550 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде жәрдемақы төледі. Сонымен қатар «KM Life» АҚ сақтандыру компаниясы жерлеу рәсімін атқару үшін әр отбасына 100 АЕК төледі», – деп мәлімделген Қазақмыс Корпорациясының хабарламасында.

    Сондай-ақ балалары 23 жасқа толғанға дейін ай сайын 524 мыңнан 921 мың теңгеге дейін асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемі тағайындалады. Көрсетілген сомалар жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі.

    Бұған қоса қазір туыстарын жұмысқа орналастыру және қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студент балаларының оқу ақысын төлеу мәселесі қарастырылуда.

  • Трамп Зеленскийден хат алғанын хабарлады

    Трамп Зеленскийден хат алғанын хабарлады

    АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте сөйлеген сөзінде Украина президенті Владимир Зеленскийден Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге күш салу туралы хат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды The Hill.

    – Хатта Украинаның мүмкіндігінше тезірек келіссөз үстеліне отыруға дайын екендігі айтылған. Осы хатты жібергені үшін мен оған ризамын. Мен оны жаңа ғана алдым, – деді Дональд Трамп.

    Дүйсенбі күні Трамп Сопақ кеңседегі сәтсіз кездесуден кейін АҚШ-тың Украинаға әскери көмегін тоқтатты.

    АҚШ президенті Зеленскийді бейбітшілікке дайын емес деп айыптады, ал Трамп шенеуніктері келіссөздерден кейін АҚШ пен Украина арасындағы сирек кездесетін металдар туралы келісім талқыланбағанын айтты.

    Зеленский Трамптан ресми түрде кешірім сұраудан тартынып, сейсенбі күні Ақ үйдегі кездесуді «өкінішті кездесу» деп атады және Украинаның Ресеймен келісім үстеліне отыруға дайын екенін айтты.

    Трамп АҚШ-тың келісімді қайта қарайтыны туралы ештеңе айтпады.

     

  • Түркістан облысында полиция қызметкері қаза тапты

    Түркістан облысында полиция қызметкері қаза тапты

    Түркістан облысында құқық бұзушыны қуу кезінде жол-патрульдік полиция инспекторы көз жұмды.    

    Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

    Қызметтік міндетін атқару барысында құқық бұзушыны қуу кезінде қаза тапқан Түркістан облысы полиция департаментінің жол-патрульдік полиция инспекторы, полицияның аға лейтенанты Қанат Ғабитовтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

  • «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев 9 жылға сотталды

    «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев 9 жылға сотталды

    2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластарына үкім шығарды.

    Марат Әбиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы (ұйымдасқан топ құру және басқару), 197-бабы (мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау, тасымалдау және өңдеу) және 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу және қоғамдық бірлестіктерді құру мен басқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды.

    Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімімен айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, контрабандалық жолмен алынған 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.

    Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары  Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметовке қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

    2018-2022 жылдар аралығында олар Ақтөбе облысындағы мұнай өңдеу зауытында ұйымдасқан топ құрып, ЕАЭО аумағында 50,6 мың тонна сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген. Бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылып, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылған.

    Сонымен қатар, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс «Genesis» (немесе «Болашақ сәулетшілері») атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметін қаржыландыруға жұмсалған. Марат Әбиев 2023 жылдың 21 тамызында осы әрекеті үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

    Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Жамбыл облысында 57 шенеунік сапасыз жолдар үшін жауапқа тартылды

    Жамбыл облысында 57 шенеунік сапасыз жолдар үшін жауапқа тартылды

    Жамбыл облысында 57 лауазымды тұлға жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

    Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың алғашқы екі айында Жамбыл облысының жол-техникалық инспекциясы қызметкерлері жалпы ұзындығы 5 мың шақырым болатын көлік жолдарында 668 тексеру жүргізген.

    «Тексерулер нәтижесінде облыс аумағындағы автожолдардан 2709 ақау анықталды. Жол мекемелерінің басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға бұл кемшіліктерді жою жөнінде 668 ұйғарым жіберілді», – делінген хабарламада.

    Жамбыл облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Азамат Бақытұлының айтуынша, жолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп ұстау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу бойынша 57 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Сонымен қатар жол-техникалық инспекциясының нұсқамаларын орындамағаны үшін, автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты жеке мердігерлік мекемесінің лауазымды тұлғасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

  • Астана, Алматы және Шымкентте бірыңғай дизайн-код енгізіледі

    Астана, Алматы және Шымкентте бірыңғай дизайн-код енгізіледі

    Мәжілістің жалпы отырысында елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлданды.

    Заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Ол жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған.

    «Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлауда. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді.  Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген», – деді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

    Қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер ұсынылды:

    республикалық маңызы бар қалалардың, астананың стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын дизайн-кодты, сондай-ақ стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту;

    елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;

    ғимараттардың меншік иелеріне талаптарға сәйкес емес орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жасау жөніндегі шарттарды қолдану;

    ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;

    тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу.

    Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу мәселесі де пысықталып жатыр.

    Республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, дизайн-кодты бекіту нормасын енгізу ұсынылады. Ал әкімдіктердің құзыретіне тұрақты емес нысандарды орнату және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту енгізілмек.

  • Астанада ақылы автотұрақтардың саны көбеюі мүмкін

    Астанада ақылы автотұрақтардың саны көбеюі мүмкін

    Астанадағы ақылы автотұрақтар 100 пайыз мемлекеттік мекемеге өтуге дайын. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлім етті.

    «Қазір ақылы автотұрақтар кеңістігін әкімдіктің балансына өткізу туралы мәселе қаралып жатыр. Арадағы келісімшартты бұзатын құжатқа қол қойылды. Енді автотұрақтардың мәселесімен 100 пайыз мемлекеттік мекеме айналысады», – деді бүгін Мәжілістің кулуарында ол.

    «Коммуналдық балансқа өткеннен кейін астаналықтар үшін не өзгереді?» деген тілшісінің сұрағына жауап берген ол алдағы жоспар қоғамдық кеңес және мәслихат депутаттарымен талқыланатынын айтты.

    «Сондай-ақ, қаланың өсуіне байланысты тұрақ сандары көбеюі мүмкін», – деді ол.

    «Тұрғындар да, депутаттар да тұрғын үйлер мен саябақтардың жанындағы тұрақтарды алып тастау керек екенін жиі айтады. Сол мәселені қарастырасыздар ма?» деген сұраққа жауап бере келе Өтебаев мәселе талқыланатынын айтты. Бірақ, оның пікірінше, жеке тұрғын үйлердің алдына ақылы автотұрақ орнату дұрыс мәселе.

    «Оларды алып тастай ма, тастамай ма әзірге нақты айта алмаймын. Бірақ, меніңше дұрыс деп есептеймін. Бірақ, қазіргі таңда ол үйдің иелеріне тұрақ тегін. Егер ол мүлкін түұрғынның атында болса, өз атына тіркелген көліктерге тегін болады. Бірақ, ол үйге келген басқа адамдар үшін ақылы болады», – деді Өтебаев.

  • Астанада бір пәтерге тіркеуге болатын адам санына шектеу қойылады

    Астанада бір пәтерге тіркеуге болатын адам санына шектеу қойылады

    Келешекте Астанада «резеңке» пәтерлер болмайды, себебі елордада тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту ұсынылып отыр. Тиісті норма «Кейбір заңнамалық актілерге астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы көзделген.

    Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң жобасы аясында елордадағы көші-қон процесі реттеледі.

    «Әлемдегі ірі қалаларда сапалы білім мен медицина, дамыған инфрақұрылым, инновациялар мен технологиялар шоғырланған. Бұл өз кезегінде урбанизацияға әсер етеді. Осы процесс біздің  елімізге де тән. Қазір халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынуда, бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеген», – деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

    Осы проблеманы шешу үшін пәтерге тіркелетін адам санына шектеу қою ұсынылып отыр.

    «Елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихатпен алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиісілі екені белгіленеді. Астана аумағында бір мекенжайда нормативтен артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізіледі.  Бұл ретте, тіркеу нормативтері тұрғын үй иесі мен оның жұбайының жақын туыстарына қолданылмайды», – деді министр.

    Сондай-ақ, тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі.

  • БҚО-да шенеунік пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

    БҚО-да шенеунік пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

    Орал қаласында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А. Ташенбаевқа, оның қарамағындағы – бас маман Н. Ғатауға және «Алиханстройпроект» ЖШС директорының орынбасары А. Купбаевқа қатысты үкім шығарды.

    Тәшенбаев аз қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер салу бойынша эскиздік жобаларды келіскені және сауда-саттықсыз жер учаскесін заңсыз беру жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін Купбаевтан жалпы сомасы 1,5 млн теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Ғатау жер учаскесін іріктеу актісін келіскені үшін Купбаевтан 500 мың теңге сомасында пара алғаны және мемлекеттік қызметтер порталына құрылыстың болмауынсыз жер учаскесін кеңейту туралы құжаттарды заңсыз енгізу жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

    «Тәшенбаев пен Ғатау тиісінше 7 және 3,5 жылға, ал пара беруші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылған.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», — делінген Антикор хабарламасында.

  • Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартты

    Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартты

    Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Жалғызтал ауылының тұрғындары ішімдік ішуден толықтай бас тартты.

    150 тұрғыны бар 30 үйден тұратын елді мекен ресми түрде «ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алды.

    «Бұл бастама қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Жергілікті тұрғындар дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту үшін саналы түрде ішімдіктен бас тартты», – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті.

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Полицейлер құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мас күйінде жасалатынын атап өтіп, Жалғызтал тұрғындарының бастамасын қолдайтынын айтты.

    Жалғызтал – облыста алкогольден ресми түрде бас тартқан алтыншы ауыл. Жергілікті халық бұл шешімді тыныш әрі салауатты өмірге жасалған маңызды қадам деп есептейді және олардың бастамасы басқа қазақстандықтарға үлгі болады деп сенеді.