Метка: Басты оқиғалар

  • Алматыда 5 мыңнан астам адам қоғамдық орындарда кальян шеккен

    Алматыда 5 мыңнан астам адам қоғамдық орындарда кальян шеккен

    Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.  Спикердің сөзінше, полиция қызметкерлері 25 мыңнан астам вейпті тәркіледі.

    – Вейптерді заңсыз әкеліп және өндіргендер үшін 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Егер қылмыстық топ әрекет етсе немесе аса ірі табыс тапқан жағдайда, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК (18,46 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде қолданылады, – деді Салтанат Әзірбек.

    Сонымен қатар ол 2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5 514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

    – Заңның орындалуына бақылау күшейтілетін болады. Азаматтарды белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз, себебі бұл – өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – деді полиция өкілі.

  • Атырау облысында 28 жылқыны ұрлаған күдікті қамауға алынды

    Атырау облысында 28 жылқыны ұрлаған күдікті қамауға алынды

    Атырау облысының Индер ауданындағы Көктоғай ауылының тұрғындары 28 жылқының ұрлағаны туралы дабыл көтерді. Осыған орай облыстық полиция департаменті мал ұрлған күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

    Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подколковнигі Абай Жұмабаевтың айтуынша, ұсталған күдіктінің жасы – 45-те.

    – Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Махамбет ауданының аумағында 28 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен 45 жастағы ер адамды ұстады. Қазір күдікті қамауға алынды. Ірі көлемде мал ұрлығы дерегімен қылмыстық іс тіркелді. Кешенді тергеу амалдары басталды. Қылмысқа қатысты барлық дерек пен мән-жай тексеріліп жатыр. Айғақ заттар тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп хабарлады Абай Жұмабаев.

     

  • Әйелдерге 8 наурызға орай 9800 теңгеден беріледі

    Әйелдерге 8 наурызға орай 9800 теңгеден беріледі

    Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII қаулысымен бекітілген елорда бойынша әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлемелерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға – 36 мыңға жуық азаматқа 2,5 АЕК (9830 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілетін болады.

    Төлем көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әлеуметтік аз қамтылған аналарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Әлеуметтік төлемдер орталығының тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

    Айта кетейік, былтыр астаналық көпбалалы әйелдерге 9230 теңгеден берілді.

  • Алматыда 2027 жылдан бастап көлік қозғалысы шектелуі мүмкін

    Алматыда 2027 жылдан бастап көлік қозғалысы шектелуі мүмкін

    Кездесу барысында Ерболат Досаевтан алдағы уақытта қаладағы көлік қозғалысы қаншалықты шектелуі мүмкін екені сұралды.

    «Біз транспорттық байланыс пен қоғамдық көліктің сапасына қатысты сұрақтарды шешкеннен кейін бұл мәселені қарастырамыз. Нью-Йоркте көлікке шектеулер енгізілгеннен кейін Манхэттенде көлік трафигі азайғанын жиі айтылды. Бірақ Нью-Йорк оған көп жыл дайындалды. Біздің болжам бойынша, 2026 жылдың соңына қарай көлік жүйесінің қаңқасы құрылса, 2027 жылы біз алғашқы шектеулерді енгіземіз. Бірақ шектеулер төлем арқылы болады. Мысалы, Алматыда тіркелген көлік заманауи талаптарға сай келмесе, кей аймақтарға кіру ол үшін ақылы болады. Электрлі көліктер не заманауи талаптарға сай көліктер үшін бұл тегін болады. Бұл жүйені алдымен әзірлеу керек және бұл бағытта біз жұмыс істеп жатырмыз», – деді қала әкімі.

     

  • 225 млн теңге жымқырған күдікті Қазақстанға жеткізілді

    225 млн теңге жымқырған күдікті Қазақстанға жеткізілді

    Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Садвақасов Т.Х.-ны Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген.

    2023 жылғы шілде айында Садвақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.

    Аталған мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған.

    Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

    Кейін Садвақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған.

  • Семейде соққыға жығылған бала жабық бас-ми жарақатын алған

    Семейде соққыға жығылған бала жабық бас-ми жарақатын алған

    Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы Семейде бір топ жасөспірім соққыға жыққан баланың жағдайы туралы айтты.

    Денсаулық сақтау басқармасы оқушы 23 ақпанда қабылдау бөлімінде тексерілгенін жеткізді. Оған дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетіліпті.

    «Пациент 2013 жылы туған ұл бала. Қажетті тексерулер жүргізілді. Диагноз – жабық бас-ми жарақаты. Бастың шашты бөлігінде, шүйде аймағында гематома. Аяқ-қолдың төменгі тұсында көптеген теріасты гематомасы бар. Бала жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылауды қажет етеді», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

    Ведомство ақпаратына сай, қажетті диагностикалық тексерулер жүргізілген. Тексеру қорытындылары бойынша оқушының өміріне қауіп төндіретін себептер анықталмаған.

    «Қазіргі уақытта дәрігерлердің – педиатрдың, травматологтың және невропатологтың динамикалық бақылауында», – деп хабарлады олар.

    Еске салайық, Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын соққыға жыққан еді.

  • Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Министрлік мәліметінше, бұл шара ата-аналардың балаларын бақылауын қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар балалардың суицид, зорлық-зомбылық және буллингке қатысты қауіпті контенттерге қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.

    Балаларға арналған SIM-картаны жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен туу туралы куәлік арқылы тіркеу жоспарланған. Мұндай SIM-карталар кәмелетке толмағандармен байланысты алаяқтық тәуекелдерін азайтып, төтенше жағдайларда оқушыларды тез табуға көмектеседі.

    Жаңа ереже оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды зорлық – зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына” өзгертістер мен толықтырулар енгізу аясында ұсынылған.

  • Алматы облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты

    Алматы облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты

    26 ақпанда «Алматы-Астана» автожолының 56 шақырымында болған жол апаты оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

    Алдын ала мәліметтер бойынша, BMW-728 көлігінің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, Ford Mondeo автокөлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Ford өртеніп кеткен. Оқиға орнында Ford көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, сондай-ақ BMW-нің бір жолаушысы қаза тапты. BMW жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

    Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

  • Шерзат Болаттың өлімі: іс прокурорға жолданды

    Шерзат Болаттың өлімі: іс прокурорға жолданды

    Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды. Алматы облысының полиция департаменті мән-жайды айтты.

    Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.

    Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.

    Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.

    Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдемелер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді, тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді. Тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болды.

  • Алматы облысында бір айда жүздеген бас мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

    Алматы облысында бір айда жүздеген бас мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

    Алматы облысында бір айда жүздеген бас мал ұрлаған үш бірдей қылмыстық топ ұсталды.

    Өңірлік ПД мәліметінше, тек осы айдың өзінде Алматы облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығына қатысы бар үш қылмыстық топты ұстады. Жедел шаралардың нәтижесінде 10 адам анықталып, ұсталды, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    «Соңғы операция 22 ақпанда болды. Полицияға Ұзынағаш ауылының тұрғыны қорасынан бес жылқының ұрланғаны туралы арызданды. Келтірілген шығын 5 миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 32 және 34 жастағы екі күдікті ұсталды. Олар қамауға алынып, ұрланған мал иесіне қайтарылды», – деп хабарлады полицияда.

    Сонымен қатар, Кеген ауданында 35 жастағы жергілікті тұрғын сериялық жылқы ұрлығы үшін ұсталды. Мәліметтерге сәйкес, ол тоғыз бас малды ұрлап, оны үшінші тұлғаларға қайта сатқан. Сатып алушылар осы деректі растағаннан кейін, күдікті өз кінәсін мойындады. Жалпы шығын 4 миллион теңгеден асты.

    Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Жамбыл ауданының аумағында үш топ мал ұрылары жойылып, олар жасаған 20 эпизод дәлелденді. Аталған қылмыстың нәтижесінде 460 бас мал ұрланған.

    «Қызметкерлердің жедел жұмысының арқасында күдіктілер сатып үлгермеген мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 13 миллион теңгеден асты», – деп атап өтті ведомство.