Метка: Басты оқиғалар

  • Семейдегі бұзақылық: Мектеп директоры жұмыстан босатылды

    Семейдегі бұзақылық: Мектеп директоры жұмыстан босатылды

    Абай облыстық Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, Семейдегі оқиғаға байланысты бірнеше мектептің басшылық құрамына тәртіптік жаза қолданылды.

    №9 мектеп директоры қызметінен босатылып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді.

    Сондай-ақ, іске қатысы бар жеткіншектер оқитын басқа білім ордаларының басшылары да жауапқа тартылды.

    – Семей қаласының №15 мектеп директоры мен Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейі интернатының директоры сөгіс алды. Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтарына тәртіптік жаза қолданылды, – делінген ақпаратта.

  • Семейдегі әлімжеттік: Берік Уәли істі егжей-тегжейлі тергеуді тапсырды

    Семейдегі әлімжеттік: Берік Уәли істі егжей-тегжейлі тергеуді тапсырды

    Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдеге жасөспірімдер арасындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, баланы ұрып-соғу фактісі бойынша егжей-тегжейлі қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.

    Шенеуніктердің, полиция мен прокуратура өкілдерінің, сондай-ақ балалар омбудсменінің қатысуымен өткен кеңесте жаңа әкім жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдану керегін айтты.

    «Аймақтың барлық мектептерін қатаң бақылауда ұстау керек. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп оқушылармен және олардың ата-аналарымен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Облыстың оқу орындары үшін тәуекелдер картасы, сондай-ақ мұндай жағдайларда жедел әрекет етудің нақты алгоритмі әзірленуі тиіс», –  деп міндеттеді Берік Уәли.

    Қазіргі таңда полиция тергеу жүргізіп жатыр, ал балалар құқықтарын қорғау комиссиясы ұрып-соғуға қатысы бар төрт жасөспірімді арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылдады. Құқық бұзушылардың ата – аналары әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

    «Зардап шеккен адамға облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетеді. Облыстың білім басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылды. Қазір қызметтік тергеу жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша мектеп басшылығының тәрбие және профилактикалық жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылу туралы мәселе қаралатын болады», – деп атап өтті әкімдіктегілер. 

  • Екі рет кісі өлтірген қазақстандық Бішкекте ұсталды

    Екі рет кісі өлтірген қазақстандық Бішкекте ұсталды

    Балқашта екі рет кісі өлтіру ісі бойынша іздеуде жүрген 33 жастағы Қазақстан азаматы Бішкекте ұсталды.

    ІІМ-нің мәліметінше, ер адам 6 жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған екен.

    «Қазақстан ІІМ Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс — қимылы нәтижесінде Бішкек қаласында 2018 жылдан бері іздеуде жүрген 33 жастағы азаматты ұстады», – деп хабарлады ІІМ.

    Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адамды Қазақстанға экстрадициялау туралы мәселе қаралып жатыр.

  • 1,3 млрд теңге салық төлеуден жалтару әрекетінің алдын алды

    1,3 млрд теңге салық төлеуден жалтару әрекетінің алдын алды

    «S» ЖШС 1,3 млрд теңге салық міндеттемелерін төлемеу үшін сотта даулауға тырысты, деп хабарлайды Алматы облыстық прокуратурасы.

    Облыс соттары талап қоюды қанағаттандырып, салық органының бюджетке қосымша құн салығын өндіріп алу туралы әрекетін заңсыз деп таныды.

    Алайда, облыс прокуратурасының өтінішхаты бойынша бұл жалтару әрекеті Жоғарғы Сотта тоқтатылды. Қазіргі таңда компанияның бюджетке берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдануда.

  • Жарты жыл бұрын жоғалып кеткен қыз бен жігіт табылды

    Жарты жыл бұрын жоғалып кеткен қыз бен жігіт табылды

    Алматыда былтыр күзде із-түссіз жоғалып кеткен қыз бен жігіт жарты жылдан кейін табылды.

    2024 жылы 24 қыркүйекте 17 жастағы Лағыл  Бұланбаева мен 22 жастағы Айбек Базарбаев із-түссіз жоғалып кеткен. Таңғы сағат 6-да Еңбекшіқазақ ауданы, Кировец СО, 14-линия көшесі, 1-ғимарат мекенжайынан жігіт пен қыз бірге шығып кеткен. Сол кеткеннен қайтпады.  Еріктілердің айтуынша, жоғалғандар 21 ақпанда табылған. Жастардың осынша уақыт қайда болғаны әзірге белгісіз.

  • Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

    Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

    «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі 2021 жылдың 11 қазанында Астана қаласындағы әділет департаментінде тіркелген.

    «Осы жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, мәжбүрлеп таратуды көздейтін талап-арыз берілді. Сот талабын беруге Қаржылық мониторинг агенттігінің «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеуді жою рәсіміне бастамашылық жасау туралы хаты негіз болды. Себебі бірлестік құру кезінде жойылмайтын сипаттағы, яғни сот шешімі бойынша заңды тұлғаны таратуға негіз болатын заңнамалық бұзушылықтарға жол берілген», – делінген министрлік хабарламасында.

  • Cот-медициналық сараптама үшін мәйіт «сойылмайтын» болды

    Cот-медициналық сараптама үшін мәйіт «сойылмайтын» болды

    Cот-медициналық сараптама шараларын дәстүр мен дінге сай ету үшін «виртуалды аутопсия» енгізілмек, бұл мәйітті компьютерлік томография көмегімен зерттеуге мүмкіндік береді.

    Бұл туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкімет отырысында айтты.

    «Сот-медициналық сараптама жұмысында қиындықтар туындап тұрады. Атап айтқанда діни көзқарасына байланысты көбі мәйітті сойып, оның ішкі ағзаларын зерттеуге қарсылық білдіреді. Мұндай жағдайда олар арыз жазып, оның өліміне не себеп болуы мүмкін екенін дәлелдеп, марқұмның денесін алып кетуге құқылы», – деді Сәрсенбаев.

    Министр сондай-ақ жақын арада Қазақстанда бірнеше сараптама түрлері автоматтандырылатынын айтып, бұл адам факторымен байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

    «Бұл сарапшының зерттеу барысында жасаған әрекеттерін қадағалауға, сондай-ақ зерттеу, әрекеттер мен әрекетсіздіктен туындаған ауытқуларды алдын ала ескертуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зерттеулерді жүйе ішінде жүргізу және адам факторы «қателіктерін» болдырмау үшін арнайы функция қарастырылады», – деп түсіндірді ол.

  • Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларына қатысты іс бойынша үкім шықты

    Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларына қатысты іс бойынша үкім шықты

    Тергеп-тексеру ісі Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен жүргізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

    Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.

    Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды.

    Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған.
    Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты.

    Сонымен қатар, күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, қайынен есіне ресімдеген.

    Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген.

    Дегенмен, тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.

    Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.

    Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды.

    Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

    Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді.

     

  • Наурыз мерекелеріне қарсы қосымша пойыздар жолға шығады

    Наурыз мерекелеріне қарсы қосымша пойыздар жолға шығады

    Көктемгі мерекелер қарсаңында жолаушылар ағынының артуына байланысты Ұлттық тасымалдаушы қосымша пойыздарды іске қосып, орын санын арттырады.

    Жалпы, Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы кезінде жолаушыларға 58 мыңнан астам қосымша орын ұсынылады, деп хабарлайды Rail-news.kz.

    Халықаралық әйелдер күніне орай сұранысы жоғары бағыттарға 265 қосымша тіркеме вагоны қосылып, қала маңы пойыздарының жүру жиілігі артады:

    №6811/6812 «Астана-1- Бурабай курорты» – 7, 8, 9, 10 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №6868/6869 «Теміртау-Ақадыр» – 7, 8, 9, 10 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Жалпы пойыздарда 8 наурыз мерекесіне 18 мыңнан астам қосымша орын бөлінеді.

    Наурыз мейрамы кезінде жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында 3 пойыз қосымша  жолға шығады:

    №201/202 «Астана (НЖ)-Алматы-1» – 20, 21, 23, 24 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №203/204 «Астана-1-Шымкент» – 21, 22, 24, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №257/258 «Ақтөбе-Астана (НЖ)» – 16, 18, 20, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Сонымен қатар, қала маңы бағыттарында қосымша электр пойыздары іске қосылады:

    №6811/6812 «Астана-1-Бурабай курорты» – 21, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №7553/7556 «Қарағанды-Астана-1» – 21, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Наурыз мейрамы кезінде сұранысы жоғары бағыттарға 432 қосымша тіркеме вагоны қосылып, 20 мыңнан астам орын ұсынылады.

    Билеттерді ҚТЖ сайтынан және теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөмірі арқылы алуға болады.

  • Астанадағы ірі сауда орталығынан өрт шықты

    Астанадағы ірі сауда орталығынан өрт шықты

    Оқиғаға қатысты қалалық төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.

    «Осы сәтте Астана қаласы өрт сөндірушілері Нұра ауданы Тұран даңғылы бойында орналасқан Сауда-ойын сауық орталығындағы өртті сөндіруде. Құтқарушылар жоғары дәрежемен жұмыс жасауда», – делінген ТЖМ хабарламасында.

    Тілсіз жаудан зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, сауда орталығындағы өрт оқшауланған.

    «Өрт СОО негізгі ғимаратына және ғимараттың қаптамасына 2 қабатты қосымша ғимаратта орын алуда. Құрылыс материалдарын талдау мен су төгу жұмысы жүргізілуде», – деп қосты министрлік.