Метка: Басты оқиғалар

  • 8 жасар қызына қорлық көрсеткен әке өмір бойына сотталды

    8 жасар қызына қорлық көрсеткен әке өмір бойына сотталды

    Солтүстік Қазақстанда сегіз жасар қызын зорлаған әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

    Halyqstan мәліметінше,  Петропавлдың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 29 жастағы Әділхан Сәкеновке қатысты үкім шығарды. Ол 121-бап «жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет» бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

    Сот жабық есік жағдайында өтіп, қылмыстың жай-жапсары ресми түрде жарияланбады. Дереккөз мәліметінше, Сәкенов сегіз жасар қызын зорлап, оны видеоға түсіргені анықталған.

    «Сот Әділхан Сәкеновті 121-баптың 4-бөлігі, яғни қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін шығарды», – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріп.

    Анықталғандай, сотталушының жоғары білімі мен жұмысы бар, ресми түрде некеде болмаған. Үкімді жариялаған кезде Сәкенов ешқандай эмоция білдірмеген.

    Сонымен қатар, Сәкенов Мұсабаеваға, яғни оның 8 жасар қызының заңды өкіліне  моральдық зиян келтіргені үшін 3 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

  • FIFA вице-президенті Қазақстанға келді

    FIFA вице-президенті Қазақстанға келді

    Іс-сапар барысында Федерация президенті Марат Омаров Шандор Чаньиге ҚФФ кеңсесінде таныстыру экскурсиясын өткізіп, федерацияның қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ, футбол үйіндегі манежді көрсетті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстанда футболды дамыту, FIFA және UEFA ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.

    Бұған қоса, футбол бастамаларын жүзеге асыруда өзара қолдау көрсету қажеттігі жайлы өзекті мәселелерді талқыланды.

    Шандор Чаньи жаңадан ҚФФ президенті болып сайланған Марат Талғатұлын қызметімен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың жемісті болатынына сенім білдірді.

    Сондай-ақ, FIFA мен UEFA Қазақстанда футболдың дамуын жан-жақты қолдауға дайын екенін ерекше атап өтті.

  • Жаңа Төтенше жағдайлар вице-министрі тағайындалды

    Жаңа Төтенше жағдайлар вице-министрі тағайындалды

    ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен бұрын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы болған Камалов Рамиль Фаткулович Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды.

    1976 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі арнайы жоғары.

    Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылғы қыркүйектен бастап қызмет атқаруда. Мемлекеттік өрт қадағалау инспекторынан Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарды. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.

  • Науқастарға жәрдемақысын бермей қойған онкологиялық аурухана бастығы жазаланды

    Науқастарға жәрдемақысын бермей қойған онкологиялық аурухана бастығы жазаланды

    Алматыда жәрдемақы алмай қалған онкологиялық науқастардың құқықтары қорғалды. Алматыда онкологиялық науқастарды әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігінен айырған емхана басшылары жауапқа тартылды.

    Алматы прокуратурасының мәліметінше, онкологиямен ауыратын науқастар жәрдемақы алу мүмкіндігінен айырылған.

      – Қала прокуратурасы онкологиямен ауратын науқастарға мүгедектікті рәсімдемей, кепілдендірілген әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігінен айырған бірнеше емхананы анықтап, оның жолын кесті, – деп хабарлады прокуратурадан.

    Қадағалау актісі бойынша қалалық емханалардың 9 басшысы тәртіптік жауапқа тартылды, 8 пациентке І-топ мүгедектігі берілді.

  • Шығыс Қазақстандағы екі ауданда жұмыс уақыты 1 сағатқа кері шегерілді

    Шығыс Қазақстандағы екі ауданда жұмыс уақыты 1 сағатқа кері шегерілді

    Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында жұмыс уақыты 1 сағатқа кері шегерілді.

    24 ақпаннан бастап Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында өңірдің табиғи жағдайларына бейімделген жаңа жұмыс уақыты енгізілді. Енді жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталады, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін.

    – Бұл өзгерістер таңның ерте атуы мен кешкі батуымен байланысты. Осылайша, тұрғындарға күндізгі уақытты тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беріледі. Шешім жұртшылықпен талқыланғаннан кейін қабылданды. Сондай-ақ облыстық басқарма басшыларынан құралған мобильді топ бұл бастаманы жер-жерде талқылады, – деп хабарлады аудан әкімдіктерінен.

    Айта кетейік, бұған дейін мұндай өзгеріс Катонқарағай ауданында енгізілген. Қазір ондағы 40 мекеме аптасына бес күн сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін жұмыс істейді.

     

  • Руслан Берденов жаңа қызметке тағайындалды

    Руслан Берденов жаңа қызметке тағайындалды

    Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, тағайындау туралы шешім Президент Әкімшілігімен келісе отырып қабылданған.

    Руслан Берденов Шымкент қаласының тумасы. 39 жасында мемлекеттік қызмет пен бизнесті мол тәжірибесі бар.

    Қазақ, ағылшын, орыс, түрік, азербайжан тілдерінде еркін сөйлейді.

    Білімі жоғары, 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП Университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.

    Еңбек жолын 2005 жылы «Алматы құс» ААҚ («Сеймар» тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.

    2007 жылғы ақпан-2010 жылғы шілде-Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.

    2010 жылғы шілде-2012 жылғы қараша – «Eastcomtrans» ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.

    2012 жылғы қараша-2018 жылғы мамыр – «Ақ ниет» ЖШС Бас директоры.

    2018 жылғы қараша-2019 жылғы сәуір – «Ақ ниет» ЖШС Байқау кеңесінің мүшесі.

    2019 жылғы сәуір-2023 жылғы наурыз-Aq niet Group Байқау кеңесі төрағасының орынбасары.

    2023 жылғы 29 наурыздан бастап – «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. 2023 жылғы наурыздан бастап VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланды.

    2022 жылы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы ерекше жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін « Қазақстанның Еңбек ер» атағы – үздік дәрежесі берілді.

  • Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кетті

    Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кетті

    Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кеткені белгілі болды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға 23 ақпан күні сағат 11:28-де Железинка ауданының Михайловка ауылында болған.

    «Жекеменшік тұрғын үйде тұрмыстық газ баллонды қауіпсіз пайдалану талаптарын бұзу нәтижесінде газ-ауа қоспасының жануы орын алып, 70 шаршы метр алаңды өрт шарпыды.

    Өрт орнына жедел түрде 16-ӨСБ өрт сөндірушілері жіберілді (өрт сөндіру бөлімінен 98 км қашықтықта орналасқан), сонымен қатар Михайловка ауылының жергілікті атқарушы органдарының өрт сөндіру бекеті жұмыс жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекетінің күшімен (4 адам және 1 техника) 1959 жылы туған үй иесінің денесі табылды.

    Сағат 14.00-де өрт толықтай сөндірілді. ТЖД күштері мен құралдарынан 3 қызметкер және 2 бірлік техникасы, сонымен қатар ЖАО 4 адам және 1 техника жұмылдырылды», – делінген ТЖД хабарламасында.

    Павлодар облысының ТЖД өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау туралы ескертеді.

  • Қызылорда облысында шетелдіктерді елге заңсыз тартқан күдікті топ ұсталды

    Қызылорда облысында шетелдіктерді елге заңсыз тартқан күдікті топ ұсталды

    Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында заңсыз көші-қонды ұйымдастырған күдікті бір топ адам қолға түсті.

    Алдын ала деректер бойынша, олар жақын шетел азаматтарына Қазақстанда уақытша тұруға 80-нен астам заңсыз рұқсат ресімдеген.

    «Тінту барысында заттай дәлелдемелер тәркіленген. Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігі, 394-бабының 2-бөлігі және 366-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

    Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.

  • Қазақстан шетелге жұмыртқаны сатуға шектеу енгізуі мүмкін

    Қазақстан шетелге жұмыртқаны сатуға шектеу енгізуі мүмкін

    ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және Сауда желілері одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

    Бұдан өзге, тараптар жұмыртқа импортына тыйым салу мәселесін де талқылап жатыр. Ал, меморандумның ең басты мақсаты — әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру.

    Меморандум аясында Құс өсірушілер одағы мен Қауымдастық құс фабрикаларының қоймалары мен фирмалық дүкендерінде баға тұрақты болу керек. Өз тарапынан, Сауда желілері одағы заңнама талаптарына сәйкес сауда үстемесі мөлшерін сақтайды және осы санаттағы жұмыртқаларды сатудан сыйақы талап етпейді.

    «Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті өндірушілерді қорғау мақсатында жұмыртқа импортына шектеу енгізу мәселесін қарастырып, Сауда және интеграция министрлігі заңсыз импорттық жұмыртқалардың нарыққа шықпауын, оларды айналымнан алу жөнінде бақылау шараларын қабылдайды», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

  • Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Компьютерлік залда құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды.

    Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

    Агенттіктің мәліметінше, қатысушылардан ақшалай бәс банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан.

    Қылмыстық топтың жалпы табысы 77 млн теңгеден асты. Күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражаттың 36 млн теңгесіне екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

    Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді.