Метка: Басты оқиғалар

  • Гүлнәр Каримованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады

    Гүлнәр Каримованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады

    6 ақпанда Ташкентте Өзбекстанның әділет министрі Акбар Ташкулов пен Швейцарияның Өзбекстандағы және өкілетті елшісі Константин Оболенский «Тәркіленген мүлікті бөлу туралы келісімге» қол қойды, деп хабарлайды Өзбекстан әділет министрлігі.

    «Келісім аясында Өзбекстанға шамамен $182 млн қаражат қайтарылады. Бұл қаражатты Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары заңсыз иемденген және олар 2012 жылы Швейцария бас прокуратурасы Г.Кәрімоваға қарсы қозғалған қылмыстық істің аясында толығымен тәркіленген», — делінген хабарламада.

    Қаражат Біріккен Ұлттар Ұйымының Uzbekistan Vision 2030 көп серіктестік траст қоры арқылы қайтарылады.

    Айта кетейік, бұдан бұрын, 2022 жылдың 16 тамызында Швейцарияның Берн қаласында Өзбекстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында «Швейцария Конфедерациясының аумағында тәркіленген заңсыз алынған мүлікті Өзбекстан Республикасы халқының мүдделері үшін қайтару әдістері туралы келісімге» қол қойылған болатын. Бұл келісім БҰҰ-ның Uzbekistan Vision 2030 деп аталатын көп серіктестік траст қоры арқылы заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару механизмін, сондай-ақ негізгі қағидаттар мен мақсаттарды белгілейді.

    Осы жұмыс аясында 2022 жылдың тамызында қол қойылған бірінші келісім Өзбекстанға шамамен 131 миллион доллар қайтаруды көздейді. Жаңа келісімге қол қойылғаннан кейін Өзбекстан халқының игілігіне қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 313 миллион долларға жетеді.

  • ​Солтүстік Қазақстанда кооператив басшысы 50 млн теңге субсидияны заңсыз алған

    ​Солтүстік Қазақстанда кооператив басшысы 50 млн теңге субсидияны заңсыз алған

    Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Мемлекет жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін сүт-тауар фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандыруда.

    Алайда  өндірістік кооперативінің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған.

    Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген.

    Нәтижесінде сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды.  Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамға рәсімделген.

    Соттың санкциясымен аталған автокөлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты сот 2 айға «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады.

  • Қайтарылған активтер: Жетісуда жаңа мектеп салуға 1,4 теңге бөлінді

    Қайтарылған активтер: Жетісуда жаңа мектеп салуға 1,4 теңге бөлінді

    Мемлекет басшысының қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан облыстың Кербұлақ ауданы Көксай ауылында жаңа мектеп құрылысын бастамақ.

    Қазіргі уақытта елді мекенде бір мектеп жұмыс істейді, онда екі ауысымда 53 бала оқиды. Бұл ретте оқу орнында спорт және акт залдары, асхана жоқ, пәндік кабинеттер жетіспейді. Жаңа мектеп 60 орынға арналған. Ғимарат заманауи білім беру стандарттарына сәйкес жабдықталған. Нысанның құрылысы білім берудің қолжетімділігі мәселесін және мектепте орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді: қазір ауылда 7 жасқа дейінгі 28 тұрғын бар.

    Бүгінгі таңда Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға 58 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, 5 мектеп, оның ішінде бір музыкалық, 2 спорт кешені, көпфункционалды аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша және жедел медициналық жәрдем стансасы бар. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде.

  • Қырғызстан экс-министрі мен оның ұлы 8 жылға сотталды

    Қырғызстан экс-министрі мен оның ұлы 8 жылға сотталды

    Қырғызстан Республикасының бұрынғы табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Динара Құтманова мен оның ұлы Кемелбек Құтманов 8 жылға сотталды.

    Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының үкімі бойынша Динара Құтманова Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оның мүлкі тәркіленіп, үш жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

    Оның ұлы Кемелбек Құтманов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, үш жыл мерзімге жеке кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Екеуі де табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінде қызмет атқара отырып, Қырғызстандағы ең ірі «Құмтор» кен орнын игеруден түскен қаражатты заңсыз пайдаланған.

    2023 жылдың жазында анасы мен ұлының 2021 жылдан бастап жыл сайын 3 млн 700 мың доллар шамасында қаражат жымқырып келгені анықталды. Бұл ретте, Қырғызстанның есеп палатасының қорытындысына сәйкес министрлік 720 млн сомды мақсатсыз пайдаланған. Ал  мемлекетке келтірілген залал 192 млн сомды құрады.

    Экс-министр 2023 жылдың шілдесінде ұсталды. Ол министр қызметін 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың наурызына дейін атқарды. Ал ұлы – Кемел Құтмановқа халықаралық іздеу жарияланды. Күдікті Түркияда ұсталып, 2023 жылдың қазан айында Қырғызстанға экстрадицияланды.

     

  • Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының деңгейі ойдағыдай болмай тұрғанын айтты.

    «Республикада 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Талдау директорлардың біліктілік деңгейін көтеру керектігін көрсетіп отыр. Олардың тек 9 пайызында ғана «жетекші-көшбасшы» санаты бар. Осы жағдайды шешу үшін 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келе жатыр. Бүгінгі күні 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілді. Жоба іске қосылғанына қарамастан, 740 мектепке директор жетіспейді, оның 81%-ы ауыл мектебі», – деді Ғани Бейсембаев.

    Директорлар тапшылығы әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген көрінеді.

    «Резвервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған. Яғни басшылық лауазымға 12 кадрдың екеуі, Шымкентте 23-тің үшеуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында ревервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған. Бұл білім басқармалары тарапынан өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Басқаша айтсақ, стратегиялық маңызы жоба бетімен жіберілген. Мәселе тек жаңа директорлар дайындауда ғана емес, бүкіл директорлар құрамын сапалы менеджментке оқыту қажеттігі туындап отыр. Сонда ғана білім беру саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткіземіз», – деді министр.

  • Шығыс Қазақстанда май зауыты өртенді

    Шығыс Қазақстанда май зауыты өртенді

    ШҚО Глубокое ауданына қарасты Предгорное ауылындағы май зауытында өрт шықты, — деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    – Предгорное ауылында май зауытының аумағында қабық пен шротты түйіршіктеу цехының қабықты шығару нориямында өрт шығып, түтін 4-ші мен 6-шы қабаттарға тарады. Күнбағыстың қабығы өртенді. Объектінің қызметкерлері үй-жайдан уақытылы шығып кеткен.  Шақырту орнына барған өрт сөндіру есептоптары қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, шығудың жоғары дәрежесі бойынша жұмыс істеді.

    50 шаршы метр алаңға тараған өрт сөндіріліп, өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында объектінің негізгі жабдықтары құтқарылып қалды, – делінген ақпаратта.

  • Жетісу облысында аудандық сот төрағасы қамауға алынды

    Жетісу облысында аудандық сот төрағасы қамауға алынды

    Алдын ала болжам бойынша, Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Садықұлы Шаймерденов пара алды деген күдікке ілінді.

    2002 жылдан бастап Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот отырысының хатшысы болып жұмыс істей бастады. Одан кейін Алматы облыстық сотында сот приставы, жетекші маман қызметін атқарды.

    Мемлекет басшысының 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Алматы облысы Талғар аудандық сотының судьясы болып тағайындалды, ол 2021 жылдың қарашасына дейін жұмыс істеді. Одан кейін Алматы облысы Ақсу аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

    Нұрлан Шаймерденов 1979 жылы 21 ақпанда Алматы облысында дүниеге келген.

    Отбасылық жағдайы: үйленген, екі баласы бар.

  • Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформаның кімдерге қатысы жоқ екенін түсіндірді.

    Министр пікірін Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистер сұрағына берген жауабында айтты. «Осы бастамалар аясында (салық реформасы) көптеген сарапшы пайда болғанын көрдік, түрлі мәлімдемелер жасады. Мәселен, кеше ғана өңірлердің бірінде дүкен иелері пікірін айтқан… Біз үнемі халықпен тікелей жұмыс істейтіндердің барлығына – бөлшек сауда нысандарына, яғни соның ішінде үй жанындағы дүкендерге, дүңгіршектерге, мейрамханалар мен шаштараздарға бұл реформа әсер етпейтінін айтып келеміз. Олар бөлшек сауда режимінде жұмыс істеген тәртіпте қызметін жалғастыра береді. Атап айтқанда, олар үшін өзгермейді», – деді Серік Жұманғарин.

    Осы орайда ол ҚҚС мәселесі қай бағытты қамтитынын айтты.

    «Бұл реформа бөлшектеніп кеткен бизнестің белгілі бір бөлігіне ғана қатысты. Отбасын асырап, халықпен жұмыс істеп, базарда сауда жасайтындарға бұл реформаның әсері жоқ, бөлшек сауда салығы өзгеріссіз қалады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

    Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Серік Жұманғарин қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет екенін түсіндірген болатын.

    Үкімет қосылған құн салығын 20 пайыз көтеру туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

  • Шымкентте үшем дүниеге келді

    Шымкентте үшем дүниеге келді

    Шымкенттің 22 жастағы тұрғыны Жамиля 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкелді. Нәрестелердің салмағы 2 770, 2 410 және 2 095 грамм болды. Бұл – отбасындағы тұңғыш сәбилер.

    Дәрігерлер кесарь тілігі арқылы ота жасап, босандырып алған. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге жансақтау бөлімінің мамандары тарапынан ерекше күтім жасалды. Қазіргі таңда жағдайлары бірқалыпты.

    Биылғы алғашқы үшем мен анасын дәрігерлер бүгін перзентханадан салтанатты түрде шығарып салды. Айта кетейік, 2024 жылы Шымкентте 28 936 сәби дүниеге келген – 14 837 ұл бала және 14 099 қыз бала.