Метка: Басты оқиғалар

  • Елдос Сметов Лондонға оқуға кетті

    Елдос Сметов Лондонға оқуға кетті

    Спортшы өзінің Instagram парақшасында әйелімен бірге ұшақ ішінде түскен суретімен бөлісті.  Жақындары мен достары оған ақ жол тіледі.

    Бұған дейін спортшы ағылшын тілін үйренгісі келетінін айтқан болатын. Тіл білмеуі оған халықаралық жарыстарда үлкен кедергі жасаған.

    Айта кетейік, Елдос тіл үйрену арқылы Халықаралық дзюдо федерациясына ағылшын тілінде сұхбат беруді жоспарлап жүр.

  • Жапония қазақстандық компанияға қарсы санкция жариялады

    Жапония қазақстандық компанияға қарсы санкция жариялады

    Жапония Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қосымша санкциялар енгізуді мақұлдады. Жапондық шектеулер қазақстандық бір компанияға да әсер етті.  Бұл туралы Жапония министрлер кабинетінің отырысында белгілі болды.

    Экспорттауға тыйым салынған тауарлар тізіміне 335 позиция қосылды. Олардың ішінде кран қозғалтқыштарына арналған бөлшектер, басқа да арнайы жабдықтар мен шағын мотоциклдер бар, бұл Ресейдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруы мүмкін. Сондай-ақ, химиялық қару жасауға пайдаланылуы мүмкін капсаицин сияқты химиялық заттарға да экспорттық тыйым салынды.

    Бұл тауарларды экспорттауға тыйым 23 қаңтардан бастап күшіне енеді.

    Үкіметтің шешімінде санкцияларды айналып өтуге ықпал етті деп күдікке ілінген алты елдің 31 ұйымына экспорттауға тыйым салу қарастырылған. Бұл ұйымдар Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Қытай, Қырғызстан, Таиланд және Түркия елдерінде орналасқан.

    Санкция салынған ұйымдардың атаулары есепте көрсетілмеген. Осыған байланысты қосымша ақпарат алу үшін Қазақстанның Индустрия және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сұрау жіберілді.

    Сонымен қатар, тыйым салынған активтер тізіміне Ресейден 11 жеке тұлға, 29 ұйым және 3 банк қосылды. Активтерді бұғаттау бір ресейлік емес жеке тұлға мен бір банкке де қатысты болады.

    Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсимаса Хаяши баспасөз мәслихатында Жапонияның Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге халықаралық қауымдастықпен, оның ішінде жеті ірі экономика (G7) елдерімен ынтымақтаса отырып, халықаралық күш-жігерге өз үлесін қоса беретінін мәлімдеді.

  • Мұхтар Мағауиннің қайда жерленетіні белгілі болды

    Мұхтар Мағауиннің қайда жерленетіні белгілі болды

    Қазақстандық IT маман Тимур Бектұр қазақтың халық жазушысы АҚШ-та қашан жерленетінін жазды.

    «АҚШ-та жүргендер болса, рәсімдері осындай, қаңтардың 9-ы бейсенбі ақшамда дүние салған Мұхтар Мағауиннің жаназасы ертең, яғни қаңтардың 11-і сенбі күні сағат 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде оқылады. Қонақасы да сол орында 13:00-де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00-де Parklawn Memorial зиратында өтеді», – деді ол.

  • ІІМ-нің лауазымды қызметкері ұсталды – ҰҚК

    ІІМ-нің лауазымды қызметкері ұсталды – ҰҚК

    Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығын ұстады.

    «Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді», — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде.

    Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы – Мұхит Джавгашев. Облыстық әскери тергеу басқармасының кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан.

  • Шерзат Полаттың ісі: тергеу әлі аяқталмады

    Шерзат Полаттың ісі: тергеу әлі аяқталмады

    Былтыр Ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын хабарлаған еді.

    Алайда Ішкі істер министрлігі бұл іс бойынша тергеу жұмыстары қазіргі уақытта да жалғасып жатқанын хабарлады.

    – Алматы облысының Полиция департаментінде Талғарда кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Одан бөлек ұрлық, бұзақылық, қорқыту және қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша қосымша 8 қылмыстық іс тіркелді. Істің 11 қатысушысына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, – делінген ІІМ-нің жауабында.

     

  • Қонаевта мәдениет пен спорт саласының жұмысы қорытындыланды

    Қонаевта мәдениет пен спорт саласының жұмысы қорытындыланды

    Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі 2024 жылдың қорытындысын шығарды.

    Мәліметтерге сүйенсек:

    • қалалық Мәдениет үйінде өткен шаралар саны – 376;
    • Шеңгелді ауылдық Мәдениет үйінде өткен шаралар саны – 91;
    • Сондай-ақ ауылда 10 адамға эстрада-вокал, жыр-терме бойынша 14 адамға, домбыра үйрету бойынша 20 адамға, хореография бойынша 30 адамға үйірме өткізілді;
    • қалалық кітапхана мен Шеңгелдідегі кітапханада 156 іс-шара өтті. Оның қатарында кездесулер, ұлы тұлғаларды еске алу, әдеби кештер, кітап көрмесі секілді шаралар бар.

    Аталғандардан басқа, былтыр Қонаевта креативті индустрияны дамытып, мәдени ортаны қалыптастыру үшін алғаш рет кең ауқымда «Qonaev таланттары», «Жайдарлы Jaidarman» шаралары ұйымдастырылды. Жыл соңында әр саланың мамандарына қала әкімінің «Жыл үздігі» марапаты табысталды. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай, қаладағы орталық саябаққа оның жазушының шағын сәулеттік нысаны қойылды.

    Тілдерді дамыту бойынша да бірқатар жұмыс атқарылып, Центральная көшесіне Б.Соқпақбаевтың, Фрунзе көшесіне Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі берілді.

    Сонымен қатар былтыр Жеңіс паркінде Тәжік-ауған соғысына қатысқан ардагерлерге арналған мемориалды тақта ашылды.

    Ал спорт саласына келер болсақ, 2024 жылдың басынан 196 спорт шарасы өтті. Оған барлығы 12 260 адам қатысты. Бұл шараларда барлық жас санаттары қамтылды. Ірі спорттық шаралардың қатарына футболдан өткен «Qonaev Cup» жарысын, Кроссфит алаңының ашылуына байланысты өткен жарыс пен Қонаев қаласы әкімінің түрлі спорт түрлерінен өткен кубогын қоссақ болады. Туризмді дамыту мақсатында былтыр ашық суда жүзуден «Oceanman» халықаралық жарысы 2-ші мәрте ұйымдастырылды.

    Ең маңыздысы – Қонаев қаласының спортшылары түрлі біріншіліктерден 121 алтын, 90 күміс, 103 қола жеңіп алды.

    Қарттардың уақытын тиімді пайдалануы үшін былтыр қалада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істей бастады.

  • Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та көз жұмды

    Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та көз жұмды

    Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден озды. Қаралы хабарды оның ұлы Едіге Мағауин естіртті.

    «Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)»,- деп жазды Едіге Мағауин.

    Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983-84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984-86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, 1988-2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

    Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).

  • «Жын шығаратын» емші қинаған қыз небәрі 5 жаста болып шықты

    «Жын шығаратын» емші қинаған қыз небәрі 5 жаста болып шықты

    Қыздың анасы емшіні қорғап, видеоүндеу жасаған.

    Әйел қызының қазіргі жағдайы жақсы екенін айтып, емшіге алғысын жаудырып отыр.

    «Қызымның жасы бесте. Кейқуат ағаға өзім алып бардым. Ол кісіні Instagram-нан көріп қалдым. Өзім расымен де халық емшісін іздеген едім. Қызым кішкентай болғанымен, өзіне жараспас қылықтары болған соң, уайымдап, қызымды апарып жақсылап қаратып жіберейін деп өз еркіммен алып бардым. Ол кісі ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпей, көз алдымда әдемілеп сүре оқып, қарап берді. Қызым өте жақсы», — дейді қыздың анасы.

    Әйелдің айтуынша, ішідегі «жынын шығаруға» келген клиенттің саны 200-ден асады.

    «Өте көп адам кезекте тұрды. Ішінен жын шығарған қаншама адамды көрдім», — дейді әйел.

    Естеріңізге сала кетсек, Кейқуат Оспанов Алматы облысындағы Шалқар ауылынан келген әйелдің кішкентай қызының ішінен «шайтан шығармақ болып» қинаған.

  • Шавкат пен Белал мамыр айында кездеседі

    Шавкат пен Белал мамыр айында кездеседі

    Бұл Белал Мұхаммедтің жартылай орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегі болмақ, ал Шавкаттың шаршы алаңдағы 20-шы кездесуі. Қазіргі уақытта UFC 315 турнирінің қай жерде өтетіні туралы ресми ақпарат жоқ. Әдетте, UFC оқиғаның өтетін орнын бірнеше ай бұрын хабарлайды.

    Жанкүйерлер, пікір алаңында Шавкатқа сақ болу керектігін, Белалды Хабибтің дайындап жатқанын айтып ойларын жазуда.

    Еске сала кетейік, Шавкат пен Белал 2024 жылы 7 желтоқсанда Лас-Вегаста жекпе-жек өткізуі керек еді, бірақ Мұхаммед аяғына микроб жұқтырғандықтан келісім тоқтаған болатын.

  • Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді

    Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді

    2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шеңберінде 31 халықаралық және 27 өңірлік жеткізу арнасын жойып, 32 жасырын есірткі зертханасының қызметін бейтараптандырды.

    Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр сабаны шикізаты және «синтетика» жасау үшін қолданылатын 18 тонна химиялық реагенттер тәркіленді.

    «Қара нарықта» тәркіленген есірткінің құны 36 миллиард теңгеден аса бағаланады.

    Есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 164 адам сотталды. Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдау арналарының жолын кесу бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен 25 халықаралық операция жүзеге асырылды.

    Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда.