Метка: Басты оқиғалар

  • Қонаев көшелеріне 1020 «ақылды шам» орнатылды

    Қонаев көшелеріне 1020 «ақылды шам» орнатылды

    Қонаев қаласында электр желілерінің тозуы 40%-ды құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткішті төмендету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мұны Қонаев қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев мәлімдеді.

    Оның айтуынша, соңғы бір жыл ішінде қаладағы негізгі көшелердің бойына 1020 «ақылды шам» орнатылды. Бұл шамдар автоматты түрде өздігінен қосылып, сөнеді. Сондай-ақ энергияны үнемдейді. Алдағы уақытта осындай шамдардың 3500-і тағы орнатылады деп жоспарланған. Былтыр тротуарлар бойындағы 284 дана, жаяу жүргіншілер көпіріндегі 47 дана сәндік шамдар жаңартылды.

    Ал тозығы жеткен желілерді жаңғырту мақсатында 18,19,20, Спутник, Рауан ықшамаудандарында трансформаторлар ағымдағы жөндеуден өтті. 8-10 шағынауданда 3 трансформатор орнатылып, 4 трансформаторына жөндеу жұмыстары жүргізілде, 8000 метр электр сымдары жаңартылды. Сонымен бірге Арна, Гүлдер, Восточный, 8,10,12А,12Б шағынаудандарын электрмен жабдықтаудың сапасы мен тұрақтылығын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін орталық тарату пунктіне (ЦРП) күрделі жөндеу жасалды.

    «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 жарық бағанасы қойылып, 47 шақырым желі тартылды. 7-ші саяжайдың 21 көшесін электр энергиясымен қамтып тұрған РУ-04 құрылғысының желілері ауыстырылды. Бұл шара да үздіксіз жарық таратып, тозу көрсеткішін азайту мақсатында қолға алынған», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы.

    Оның ақпаратынша, былтыр Энергетическая, Набережная көшелері мен 1,2,3,4,5-ші шағынаудандарға, қалалық жағажайға көше жарығының 68 бағанасы орнатылып, жарықтандырылды. Мира, Октябрьская, Соболева, Қазыбек би, Гүлдер, Ақжол, МО-25 көшелеріндегі 70 дана шам орнатылды.

    «Рауан шағынауданында электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау бойынша жобалалық сметалық құжаттамасының әзірленуі аяқталуда. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығына жоспарланған. Биыл Спутник шағынауданындағы көше жарығы жоқ жерлерге бағаналар орналастыру көзделуде», — деді Тимур Ақмырзаев.

    ТҮКШ бөлімінің басшысы Кешенді даму жоспары аясында электр желілерімен қамту бойынша 13 жоба жүзеге асатынын айтты. Барлық шаралар нәтижесінде желілердің тозуы айтарлықтай төмендейді деп жоспарланған.

  • Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды

    Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

    Бұған дейін ол Конституциялық сот судьясы қызметін атқарған. Алматы облысы Талғар ауданының тумасы.

  • Азамат Есқараев әділет министрі лауазымынан босатылды

    Азамат Есқараев әділет министрі лауазымынан босатылды

    Азамат Есқараев Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

    – Мемлекет басшысының Жарлығымен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымынан босатылды, – деп мәлімдеді Ақорда.

    Ол 2023 жылы 4 қаңтарда Әділет министрі болып тағайындалған.

  • Қарағандыда өрттен 2 бала қаза тапты

    Қарағандыда өрттен 2 бала қаза тапты

    Қарағандыда өрт кезінде екі бала қаза тапты. Тағы екі бала жанып жатқан үйден өздігінен шыққан. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

    Ресми ақпаратқа сәйкес, түнде қаладағы Пришахтинская көшесінде орналасқан екі пәтерлі тұрғын үйден өрт шыққан. Шатыр, төбе және үй ішіндегі заттар өртке оранған. 2 және 4 жасар екі бала қаза тапты.

    «ТЖМ күштерімен өрт 50 ш.м. алаңда толығымен жойылды. Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылы туған екі бала өз бетінше шығып үлгерген. Олар ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

    Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 60 жастағы әйелді құтқарды,  ол ауруханаға жатқызылды. Өрттің алдын ала себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы делінген. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

  • Телефоннан ақша аударған азаматтардың бәрі салық төлей ме?

    Телефоннан ақша аударған азаматтардың бәрі салық төлей ме?

    Жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына салық салынбайды. Азаматтардың есепшотына 3 ай қатарынан 100 түрлі тұлғадан аударым түссе ғана Салық комитеті бақылауға алады. Бұл ретте түскен қаржының мөлшері маңызды емес. 

    Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістері әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.

    «Мобильді аударымдар – кәсіпкерлердің емес, жеке тұлғаларға арналған құрал. Оларға салық салынбайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мобильді көп пайдаланып кетті. Сондықтан салықтан жалтарғандарды анықтап, олардың кірісіне салық төлеуді міндеттеу және кәсіппен айналысса да, тіркелмей жүргендерді дара кәсіпкер ретінде тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылаймыз», – деді ол.

    Салық комитетінің өкілі 3 ай қатарынан 100 аударым емес, 100 түрлі адамнан аударым түссе ғана тексеру жүретінін атап өтті.

    «Мәселен, жеке адамның каспиіне қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпанда да 100 адам, наурыз да да 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілінеді», – деді Ерсайын Көптілеуұлы.

    Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары 255 мың теңге шек әлі заңмен бекітілмегенін мәлімдеді. Бұл – Қаржы министрлігінің ұсынысы. Комитет өкілі 255 мың теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп өтті.

    «Бізде Кәсіпкерлік кодексінде 12 ең төменгі жалақы деген түсінік бар. 12 ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапсаңыз, сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылысыз. Ал енді 255 мыңға келсек, бұл – үш айдағы ең төменгі жалақы. Бір жылда 12 ай бар деп есептесек, 3 ай бойынша ең төменгі жалақы көлемі 255 мың болады. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. 3-ті 85 мыңға көбейтсеңіз 225 мың болады», – деді.

    Салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға көшіп жатыр. Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі, ал екінші рет қайталанса, 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

  • Қонаевтағы орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді

    Қонаевтағы орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді

    Былтыр балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Қонаевта ұлы тұлғаны есімі әлі де ұлықталуда. Орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді.

    Бұл саябақ 2023 жылы 25 қазанда күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген болатын. Аумағы – 8 гектар. Паркте субұрқақтар, сахна, көрермен орны, дүңгіршектер, түрлі шағын сәулеттік нысандар қойылған.

    Саябақ заманауи стильдегі жабдықтармен жабдықталған. Оның қатарында орындықтар, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері бар. Сондай-ақ күрделі жөндеуден өткенде мұнда қосымша 584 түп ағаш егілген. Бұл саябақта спорт алаңы мен футбол алаңы да салынған. 2024 жылдың соңында орталық саябақта Б.Соқпақбаев пен оның танымал туындысы «Менің атым Қожаның» шағын сәулеттік нысаны ашылса, 11 қаңтар күні мұз айдыны қолданысқа берілмек. Сонымен қатар қаладағы Центральная көшесіне жазушының есімі берілген болатын.

    Айта кетейік, Б.Соқпақбаев (1924-1991) – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосқан.

  • Ақтаудағы қыздың өлімі: прокуратура сотқа аппеляциялық шағым түсірді

    Ақтаудағы қыздың өлімі: прокуратура сотқа аппеляциялық шағым түсірді

    Маңғыстаудың облыстық прокуратурасы резонанс тудырған жас қыздың суицидіне қатысты сот шешімімен келіспей, жоғарғы сатыларға аппеляциялық шағым түсірді.

    «Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылғы 19 желтоқсанда жәбірленушіге қарсы жасалған қылмыстар үшін басты айыпталушыны 20 жылға, ал оның төрт сыбайласын 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Өз кезегінде прокурор жарыссөзде басты айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал қалған қатысушыларды 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады», – деп хабарлады прокуратура.

    Сот өзге шешім шығарғандықтан, облыстық прокуратура жаза мерзіміне келіспей, 5 қаңтарда аппеляцияға берген. «Қазіргі таңда іс аппеляциялық кезеңде қаралып жатыр» делінген хабарламада.

  • Алматыда төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

    Алматыда төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

    Жаңа жыл түні Алматының Медеуінде бір топ шетелдік студент жаппай төбелескен болатын. Бұл туралы  Сенат депутаты, ІІМ-нің бұрынғы бірінші орынбасары Марат Қожаевтың пікір білдірді.

    «Біздің елге келген кез келген шетелдік біздің заңды, біздің дәстүрді, біздің ережелерді сақтауы керек. Бұл әлем бойынша солай. Біздің заңнама бойынша сол елдің тәртібін бұзған шетелдіктер елден депортацияланады. Соның ішінде, елімізде заңсыз жүргендер депортацияланады. Олар ішке одан кейін бес жыл бойы кіре алмайды», – деді Қожаев.

    Айта кетейік, Алматы полициясы осы іс бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.

  • Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті.

    Қазақстанда аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

    Бұл норма бірнеше жылдан бері тұрғындардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет.

    Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

    – Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор. 

    Ал ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді.

    ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.

    Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.

  • Грузияда 9 қаңтар аза тұту күні деп жарияланды

    Грузияда 9 қаңтар аза тұту күні деп жарияланды

    5 қаңтарда Саберио ауылындағы Чолария отбасында болған өрт салдарынан бес бала көз жұмды. Бұл туралы елдің Үкімет әкімшілігі мәлімдеді.

    «Грузия Үкіметі өрттен қайтыс болған балалардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтады», – делінген ақпаратта.

    Алдын ала мәлімет бойынша, трагедияның себебі абайсыздық. Пеш тұтатпақ болған қария бензин мен керосин құйылған ыдыстарды шатастырып алған. Салдарынан от лезде үйді шарпыды. Көршілері тек әйел адамды аман алып қалды. Ол қазіргі уақытта Кутаисиде емделуде.