Метка: Басты оқиғалар

  • Қонаевта көшпенділер қалашығына жол салынады

    Қонаевта көшпенділер қалашығына жол салынады

    Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев айтты.

    «Былтыр Көшпенділер қалашығына жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда бюджеттік өтінім беріліп, құрылысқа ақша бөлу мәселесі қарастырылады», – деді бөлім басшысы.

    Сонымен қатар Бағдат Алиев былтырғы жылғы атқарылған жұмыстармен бөлісті.
    Жолаушылар тасымалы бойынша:
    • 9 маршрут бойынша 28 дана қоғамдық көлік қатынауда. Оның 2-уі былтыр сатып алынды. Биыл автобус паркі жаңа 5 көлікпен толықтырылады деп жоспарланған;
    • Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға 2024 жылы Қонаев қаласына 602,2 млн. теңге бөлінді. Биылға келісімшарт қаңтар айында жасалады.

    Автомобиль жолдары:
    • Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-ға жетті
    • 22 көшеде шұңқырларды жабу, 9 көшеге ағымдағы жөндеу жасалды
    • 8-10-шы шағынаудандар жолын күрделі жөндеу басталды
    • «Morelux» демалыс орнына апаратын Речников көшесі ағымдағы жөндеуден өтті
    • Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 700 дана жол белгісі орнатылды, 2000-ға жуық жол белгілерінің тірегі боялды. Бұдан бөлек, 200 шаршы метр жасанды жол дөңес орнатылды.
    • 34 жаңа аялдама қойылды.

    Ал Кешенді даму жоспары аясында 16 жобаның құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

  • Алматыда алғашқы қар еріту пункті іске қосылды

    Алматыда алғашқы қар еріту пункті іске қосылды

    Жаңа пункт «Алматы Тазалық» мекемесінің көктайғаққа қарсы реагенттері сақталған бұрынғы базасында салынған. Қар еріту пункті соңғы жылдары қардың көп түсуіне және қаланың инфрақұрылымына жүктеменің артуына байланысты салынған.

    Қар еріту пунктінің жұмыс процесі қолданыстағы кәріз желісі арқылы келетін ағынды сулардың жылуын пайдалануға негізделген. Жылы су қысыммен сорғы қондырғылары және құбырлар жүйесінен өтіп, қарды ерітеді. Осыдан кейін еріген су сүзгіге түседі, құм мен қоқыстардан тазартылады. Кейін қалалық кәріз желісіне жіберіледі. Пункттің қуатылығы – тәулігіне 1200 текше метрге дейін қарды ерітеді, – деп хабарлады әкімдіктен.

    Жалпы қар еріту пунктіне Әуезов, Алмалы және Бостандық аудандарының аумақтарынан қар жеткізіледі.

  • Боранға байланысты бірнеше өңірде жолдар жабылды

    Боранға байланысты бірнеше өңірде жолдар жабылды

    Бүгін түнгі сағат 00.00-де ауа-райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі, жел) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» компаниясы.

    Ақмола облысында:

    «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған»  автожолының 232-260 шақырым аралығында (Қостанай облысы шекарасынан Сұрған ауылына дейін);

    «Жақсы-Есіл-Бұзылық»  автожолының 71-82 шақырым аралығында (Ақсай ауылынан  Бұзылық ауылына дейін) ;

    «Жезқазған-Петропавл» автожолының 536-553 шақырым аралығында (Бұзылық ауылынан Сұрған ауылына дейін);

    Қостанай облысында:

    «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» автожолының 108-232 шақырым аралығында (Әулиекөл ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін);

    «Екатеринбург-Алматы» автожолының 686-729 шақырымы(Сарыкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін);

    Солтүстік Қазақстан облысында:

    «Екатеринбург-Алматы» автожолының 729-768 шақырымы (Қостанай облысының шекарасынан Тоқсан би ауылына дейін) жолдар жабық.

  • Метапневмовирус: Мектептерде шектеу енгізіле ме?

    Метапневмовирус: Мектептерде шектеу енгізіле ме?

    Біздің елдің білім беру жүйесі кез келген сын-қатерге дайын екенін көрсетіп отыр. Бұл пандемия кезінде жинақталған тәжірибенің нәтижесі. Барлық колледждер мен мектептер мұндай жағдайларда қажетті құралдармен толық жабдықталған. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту қажет деп ойлаймын. Егер шешім қабылданса, біз әрдайым қиындықтарға дайынбыз, – деді Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте.

    Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) сұрау салғанын атап өтті.

    – ДДСҰ бізге алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Бұл вирус ұзақ уақыттан бері елдерде айналымда жүр, оны емдеу жолдары бар. Профилактикалық шараларды жүргізу қажет. Біз осыған сүйенеміз. Бұл кезеңді бірге еңсеруіміз керек, – деді ол.

  • Семейде шыршадан құлаған мұғалім ауруханадан шықты

    Семейде шыршадан құлаған мұғалім ауруханадан шықты

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Семейде шырша безендіремін деп биіктіктен құлап кеткен мұғалімге қатысты тың деректерді айтты. Ал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мұғалімнің жұмысқа тартылғаны өндірістік жарақатқа қандай жағдайда жататыны туралы түсіндіріп берді.

    «Бұл мәселемен қазір әкімдік айналысып жатыр. Бүгін таңертең ғана мұғалімнің ауруханадан сауығып шыққаны туралы маған хабар жетті. Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстап отырмын. Қазір бірінші кезектегі тиісті шаралар қабылданды. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасатын болады деп есептеймін. Жазаланатындар жазаланды. Бұл бәріне тиісті үлгі болуы керек. Тексеру толықтай аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қолданылады деп есептеймін», – деді министр.

    Министр атағандай, 2019 жылы қабылданған заң аясында мұғалімдерді өзінің мамандығына сәйкес келмейтін қандайда бір қосымша жұмыстарға тартуға болмайды.

    «Осы заң орындалуы керек. Бұл заңның жергілікті жерлерде қаншалықты орындалып жатқанында. Осыған қатысты мен тапсырма бердім. Жергілікті жерлерде сапаны қамтамасыз ететін департаменттер бар. Қазір олар тексеріс жасап, мониторинг жүргізіп жатыр. Мұғалімдерді жергілікті жерлерде, әсіресе аудандарда қажетсіз, өзінің мамандығына сәйкес келмейтін жұмыстарға тартудың бар-жоғы анықталып жатыр. Енді еріктілерге қатысты мәселе біздің министрліктің құзыретіне кіретін заңнама емес. Ұсыныс қажет болса, біз оны міндетті түрде оны көтереміз», – дейді Бейсенбаев. 

    Ал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова егер мұғалім жұмысқа құжат бойынша тартылса, оқыс оқиға өндірістік жарақат ретінде саналатынын айтты.

    «Көбіне мәселе осыған байланысты туындайды. Жұмысқа тартылса да, құжат жүзінде ол тіркелмей қалады. Сол себепті қазір еңбек инспекциясы мен білім басқармасы осы мәселені зерттейді. Егер құжат рәсімделмесе, еңбек кодексіне сәйкес актілер толтырылуы керек. Шартсыз тартылса, жұмысқа тартқан адамдар заңды бұзған. Ал келісімшарт болса, ол өндірістік жарақат болады», – дейді Тамара Дүйсенова.

  • Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды

    Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды

    Астанада Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды, деп хабарлайды қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасады (ҚК190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы) деп айыпталған астаналыққа қатысты істі қарады.

    Астаналық алаяқ дубай шоколадын сатамын деп тұрғындарды алдап, бірнеше рет олардың ақшасын иемденіп алған. Жалпы 10 адамның 301 020 теңгесін жымқырған. Алаяқтың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, банктік аударымдармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

    Прокурор 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

    Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағының санкциясы мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді. Жасаған ісіне өкіну және зиянды өтеуі жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

    Сот үкімімен астаналық алаяқ Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Оның сөзінше, былтыр Строительная саяжайына шағынаудан статусы беріліп, атауы Құрылысшы болып өзгертілді. Мұнда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, шағынауданның электр желілері толығымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ иелігіне өтті. Нәтижесінде халық табиғи монополияларды реттеу департаментімен бекітілген тариф бойынша электр энергиясына ақы төлеп отыр.

    Сондай-ақ бұл шағынауданға ауыз су және кәріз суы құбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша көшені жарықтандыру бағаналары ауыстырылып, футбол алаңы салынуда. Бұл өз кезегінде ыңғайлы қалалық ортаны құрып, балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді.

    Шаһар басшысының мәліметінше, биыл бірнеше саяжайға шағынаудан статусын беру жоспарланған. Бүгінгі таңда Құрылысшы шағынауданының тәжірибесіне сүйене отырып, 7-ші саяжайдағы трансформаторлар мен электр желілерін ТҮКШ бөліміне өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл іс-шаралардан соң желілер «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға сенімгерлік басқаруға беріледі. Аталған компания күтіп ұстауға жауапты болады. Нәтижесінде жарықтың жиі өшуі мәселесі шешіледі деп күтілуде.

    Бұдан бөлек, Қонаев қаласының Кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық саяжайларды газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.

    Асхат Бердіханов Бас жоспарға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де бөлісті.

    «Қала аумағында 7 саяжай қалды. Қазіргі таңда сәулет және қала құрылысы бөлімі кооперативтердің басшыларымен бірлесе отырып, жерді, ғимараттарды, инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Бас жоспарға саяжайлар бойынша түзетулер енгізілді. Енді оны Үкімет бекітуі тиіс. Бұл құжатқа сәйкес, қазіргі саяжайлар аумағында әкімшілік, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік ғимараттарын, көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген», – деді әкім.

    Саяжайлардағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар бірнеше жыл бойы жүргізіліп, түйткілдердің түйіні кезең-кезеңімен тарқатылады деп жоспарланған.

  • Емші 9 жасар қыздың ішінен шайтан шығарамын деп әбден қинаған

    Емші 9 жасар қыздың ішінен шайтан шығарамын деп әбден қинаған

    Жергілікті емші Кейқуат Оспанов кішкентай қызды ішінен жын шығару әдісімен емдеген. Оның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

    Видеода екі ер адам жерде жатқан қыз баланың қолын байлап, тамағынан қысып жатқанын көруге болады. Емші баланың ішіндегі «шайтанмен» сөйлескендей түр танытып, сұрақтар қойып отыр. Қиналған бала жылап жауап беріп жатыр.

    – Қызсың ғой, иә?

    – Иә

    – Не үшін кірдің, мақсатың өлтіру ме?

    – Иә

    – Сенің жасың нешеде, Ләззат?

    – 19-да

    – Мыңжылдықсың ба әлде жүзжылдықсың ба?

    – Мыңжылдық

    – Сендер нешеусіңдер?

    – 9

    – Өздерің кірдіңдер ме?

    – Өзіміз кірдік, – деген диалог жүреді.

    Кейқуат Оспанов деген адам өзін ислам медицинасының өкілі деп санайды.

    Бұл оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.

    «Жергілікті уәкілмен байланыстым. Олар мәселені қарауға алды», – деп жазды ол.

  • Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы ұсталды. Антикор қызметкерлері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы Дастан Тлеубековті ұстағаны белгілі болды.

    Шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпаратты расталды. Тлеубеков жер қойнауын пайдаланушыға жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін «BASS Gold» компаниясынан 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

    Айта кетейік, Дастан Тлеубеков 2022 жылдың қыркүйегінен бері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ол бұған дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экологиялық сараптама және рұқсат беру басқармасының басшысы болған.

    BASS Gold (бұрынғы Форпост) – алтын өндірумен айналысатын компания. Оның активтеріне Үшшоқы (Ұлытау) және Чинасыл-сай (Алматы облысы) алтын кен орындары кіреді. BASS Gold негізін қалаушылар – Шыңғыс Сәдуақасов пен Ерлан Тасболатов.

    Экология департаментінің міндеттеріне қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық бақылау және қызметке рұқсат беру кіреді.

  • Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

      «Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», – деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.

    Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

    «Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.