Метка: Басты оқиғалар

  • Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Алматы облысы Талғар ауданында Мемлекеттік рәміздер қоқысқа тасталды. Аталған дерек бойынша аймақ полициясы қылмыстық іс қозғады.

    Жергілікті блогерлердің бірі Instagram-да Еркін ауылында өрескел жағдай орын алғанын айтып, бейнені жариялады. Қоқыс алаңында түсірілген бейнеден үш Мемлекеттік Елтаңба мен жалаушаға ұқсайтын көк материал көрсетілген. Бұған ашуланған қазақстандықтар пікірлерде кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті.

    Облыстық полиция департаменті «мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады» деп мәлімдеді.

    «Талғар аудандық полициясының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша қажетті жедел іс-шараларға бастамашылық жасады. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады»,  – деді Алматы облысы полиция департаменті.

    Сондай-ақ, басылымға аудан әкімдігі де жауап берді. «Бұл қоқыс Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының жеке аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта ЖАО қызметкерлері қоқыс төгетін жерді тексерді. Көрнекі тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі – колледждің құжаттары бар екені анықталды, мән-жайлар анықталуда. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды», – деді аудан әкімдігі жауабында.

    Ведомствода Мемлекеттік рәміздер ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларына сәйкес жойылатынына сендірді. Ал кінәлі адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.

    «Аталған мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес деп ресми мәлімдейміз, осыған байланысты қазіргі уақытта бұл мәселені Талғар ауданының ПБ қызметкерлері қарайды», – деді Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

     

  • Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелі барысында қытайлық және қазақстандық компаниялар арасында Қазақстанда жүк көлігін шығару бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    «Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. «Саран» индустриялық аймағының базасында жүк және коммерциялық техника өндіретін жаңа зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын құру бізге қосымша 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз жаңа технологияларды аламыз, дәнекерлеу, катафорез, бояу және шағын торапты құрастыру үшін заманауи жабдықтар сатып алынады. Жас инженерлер Қытайда қолданылатын жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алады», – деді бірлескен жобаның жетекшісі Арғұлан Майқонов.

    Осыған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Кездесу нәтижесінде жалпы сомасы 2,5 млрд долларды құрайтын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды.

     

  • Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, – делінген СІМ таратқан ақпаратта.

    Аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді.

    Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.

  • Алматы маңайында жер сілкінді

    ТЖМ мәліметінше, ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 4 қарашада Астана уақытымен сағат 04:31-де жер сілкінісін тіркеді

    Жер сілкінісінің ошағы Қытайда, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 262 шақырым жерде орналасқан, — делінген хабарламада.

    Қазақстан аумағында жерасты дүмпулері сезілген жоқ.

  • Молдова президенті Майя Санду жеңіске жетті

    Молдова президенті Майя Санду жеңіске жетті

    Молдова Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел президентін сайлаудың екінші кезеңінде сайлау учаскелерінен алынған хаттамалардың 98,9 пайызы өңделгеннен кейін қазіргі президент Майя Санду озып шықты. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 55 пайызы Сандуды қолдаған. Елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло 45 пайыз дауыс жинады.

    «Молдова, бүгін сен жеңдің. Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік», – деп жазды Санду Х-тегі постында. Ол ел ішіндегі және шетелдегі отандастарына алғыс білдірді.

    Санду шетелдегі учаскелер есебінен жеңіске жетті: диаспора оны қолдап жаппай дауыс берген. Ел ішінде 51,2 пайыз нәтижемен Стояногло алға шыққан. Дауыс санау басталғаннан кейін ол бәрін «сандарға қарамастан сабырлы болуға» шақырды және Молдовада «осы сәттен бастап жеккөрушілік пен бөліну аяқталады» деді.

  • 7 жасар қызды зорлаған адам 25 жылға сотталды

    7 жасар қызды зорлаған адам 25 жылға сотталды

    Түркістан облысында 14 жыл іздеуде болған педофилге қатысты сот үкімі шықты. #НеМолчиKZ қорының дерегінше, оқиға 2010 жылы маусымда болған.

    «Істі 9 жыл тергеді. Бірақ күдікті табылмады. Қыздың анасы Динаға хабарласып, қыздан жауап алынды. Жалпы 14 жыл іздеуде болды. Қазір қыз 21 жаста», – дейді #НеМолчиKZ өкілдері.

    Қыздың анасы Түркістан облысындағы тергеуші бес жыл бойы байланыста болғанын айтты. Қор өкілдерінің айтуынша, қылмыскер түрмеден табылған. Ол осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан.

    Педофил 25 жылға сотталды.

  • Құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

    Құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

    Қарағанды облысында салынып жатқан Qaragandy Power Silicon зауытында жазатайым жағдай тіркелді. Құрылыс жұмысшысы биіктіктен құлап, көз жұмды, деп хабарлайды 24kz телеарнасы.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

    Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалған, полиция оқиғаның барлық жағдайларын тексеруде.

  • Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Қалалық прокуратураның мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалармен есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сатумен айналысатын Telegram-каналдары анықталды.

    «Атқарылған жұмыс нәтижесінде, «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі заттарын жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды.

    Сондай-ақ, қала прокуратурасымен бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Иранда хиджабқа қарсы іш киіммен көшеге шыққан қыз ұсталды

    Иранда хиджабқа қарсы іш киіммен көшеге шыққан қыз ұсталды

    Тегерандағы «Азад» Ислам университетінің студенті хиджаб кию міндетіне қарсылық ретінде оқу ордасы аумағында киімін шешті, деп хабарлайды Reuters.

    «Еркін Иран» атты Telegram арнасының мәліметіне қарасақ, оған киім ережелерін сақтау талабы жасалған соң қысым көрсетілген.

    Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарда «Басидж» деп аталатын үкіметшіл радикалдық топ өкілдері қызды қатігездікпен ұстағаны, содан кейін оның киімдерін жыртып тастағаны көрсетілген. Оқиғадан соң студент қыз полицияға жеткізіліп, бұл әрекет қоғамда үлкен резонанс тудырып жатыр.

    Университеттің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Амир Махджуб: «Оқиғаға тек университет күзеті араласып, студентті полицияға тапсырды», – деп, күш көрсету әрекеттерін жоққа шығарды.
    Ал сот органдары әзірге оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

  • Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Қаржылық мониторинг агенттігі «Кезби» компаниясының қаражатты жымқыру және салық төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

    ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады, деп мәлімдеді агенттік.

    Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілініп отыр, – деп қосты ведомство.

    2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шарттарын жасасты. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақылардың өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшің әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына жұмсамай жымқырған.

    2024 жылғы 3 қарашада күдікті Е.Кезбаев құрықталды. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.