Метка: Басты оқиғалар

  • Қостанайда жымқырған жаттықтырушы 5,9 млн теңге иемденді

    Қостанайда жымқырған жаттықтырушы 5,9 млн теңге иемденді

    Қостанай облысында «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командаларының шорт-трек жаттықтырушысы бюджет қаражатын 2022 жылдан бері жымқырған деп күдіктелуде.

    2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін жаттықтырушы шығындарды өсіріп, жалған аванстық есептер жасаған. Сонымен қатар, спорттық жиындар мен жарыстарға қатыспаған спортшыларды тізімге қосып, түскен ақшаны иемденген. Ұрланған қаражат сомасы 5,9 млн теңгені құрады.

    «Кейіннен ұрланған ақшаны депозиттік шотқа аударып, заңды айналымға енгізді және ай сайынғы 9,6% мөлшерлемемен сыйақы алып отырды», – делінген хабарламада.

    Пайыздық сыйақы түріндегі табыс сомасы 613,1 мың теңгені құрады.

    Жемқорлықты тергеу бюросының мәліметінше, айыпталушының әрекеті ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігі және 218-бабының 1-бөлігі бойынша сараланады. Бұл мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқаруға 6 жылға дейін тыйым салу және 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.

  • Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Ресейдің Курск облысында  Солтүстік Кореяның 8 мыңға жуық әскері бар, олар жақын арада Украинаға қарсы соғысуы мүмкін.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонда өткен брифингте сарбаздардың «артиллерия, ұшқышсыз ұшу аппараттары, негізгі жаяу әскер операциялары, соның ішінде траншеяларды тазарту» бойынша дайындықтан өткенін айтты. АҚШ бұл сарбаздар Ресейге келген 10 мың жауынгерден құралған топтың бір бөлігі деп санайды. Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның осы өңірдегі позицияларын сақтай алатынына сенім білдірді.

    Сондай-ақ, Блинкен жақын арада Украинаға қосымша әскери қолдау жіберуге ниетті екенін мәлімдеп, Қытайды Солтүстік Кореяға ықпалын пайдаланып, арандатушылық әрекеттерін тоқтатуға шақырды.

    Біз Ресейдің оның (Солтүстік Корея) әскери әлеуетін күшейту үшін не істейтініне қатты алаңдаймыз. Бұл Қытай үшін де күрделі мәселе болуы тиіс, өйткені  аймақтағы жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандырады», — деді CNN Блинкеннің сөзін келтіріп.

  • Ағайындылар 12 жастағы қызды 6 жылдан бері зорлап келген

    Ағайындылар 12 жастағы қызды 6 жылдан бері зорлап келген

    Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында 12 жастағы қызды алты жыл бойы зорлап келген екі ағайындының екеуі де ұсталды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

    Бұған дейін полицейлер күдіктілердің біреуін ізін суытпай ұстаған болатын. Ал екіншісіне іздеу жарияланған еді.

    «Мойынқұм ауданының аумағында ҚК 120-бабы 4-бөлігі (жас балаға қатысты зорлау әрекетін жасау) бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде болған ер адам ұсталды. Ол Шу ауданынан 60 шақырым жердегі шаруа қожалығынан табылды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді ПД.

    Полиция осы баптың санкциясына сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін атап өтті.

    Естеріңізге салайық, кеше Жамбыл облысында 12 жастағы жиенін зорлаған 37 жастағы ер адам іздестіріліп жатқаны айтылды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция бір күдіктіні ұстап, қамауға алған. Ал екіншісі жасырынып үлгерген, оған іздеу жарияланды.

  • Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    Президент жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді, — делінген ақпаратта.

    Бұған дейін Қарағанды облысы әкімі өкімімен Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімі орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

    Оның алдында Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды

    Айта кетейік, 2024 жылдың қазанында Қарағанды облысы Саран қаласында тұрғындар жылусыз қалды. Содан кейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Үкімет басшысының алдында есеп берді.

    Саранда 4 жаңа қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық ақауға байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақау шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі, — деді облыс әкімі.

  • Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды

    Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды

    Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

    Отандасымыз финалда жапон палуаны Йошиносуке Аоягиден басым түсті. Есеп: 3-5.

    Нұрқожа дәл осы салмақта (70 кг) 5 жыл бұрын еліміздің астанасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.

    Осылайша, елімізден 2-жыл қатарына еркін күрестен әлем чемпионы шықты. Былтыр Сербия астанасы Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг дейінгі салмақта топ жарған.

    Айта кетейік, кеше Қайпанов іріктеуде Митчелл Финесилверді (Израиль), кейін Николай Грахмезді (Молдова), Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңген. Жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жықты.

    Осымен Тиранадағы Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Осыған дейін грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг).

  • Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласының өліміне қатысты іс жабылды

    Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласының өліміне қатысты іс жабылды

    Алматы полициясы қазақстандық кәсіпкер, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы Бақыт Ибрагимнің қайтыс болуына байланысты бұрын қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың наурыз айында Бақыт Ибрагим өлі күйінде табылған. Ол бұрын сотталған және бір ай бұрын босатылған. Бұл факт бойынша полиция өз-өзіне қол жұмсау туралы қылмыстық іс қозғады.

    «Алмалы ауданының полиция басқармасы осы факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы, 1-бөлігі (суицидке дейін жеткізу) бойынша СДТБТ-да тіркелген қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеу іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша қылмыстық іс бойынша іс жүргізу ҚР ҚПК-нің 35-бабының, 1-бөлігінің, 2-тармағының негізінде тоқтатылды (іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар)», – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

    Бұл шешімді Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы бекітті, деп толықтырды полиция. Qazaq Banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим 2020 жылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сотталған. 2024 жылдың ақпанында ол босатылды.

  • Еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Ақтөбе облысында батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде, батысында, күндіз шығысында, оңтүстігінде екпіні — 15-18 м/с.

    Атырау облысының солтүстігінде, шығысында жаңбыр мол жауады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып жел соғады, облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында 15-20, түнде екпіні 23-28 м/с.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында көктайғақ. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с, күндіз 15-20 м/с, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с болады.

    Павлодар облысының батысында, орталығында тұман, облыстың батысында, оңтүстігінде көктайғақ.

    Қызылорда облысының орталығында тұман. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, күндіз облыстың батысында күші 15-20 м/с болады.

    Астанада түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз екпіні — 15-20 м/с.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде, күндіз облыстың батысында, шығысында екпіні — 15-20 м/с.

    Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде тұман, көктайғақ. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с болады.

    Жамбыл облысында түнде және таңертең облыстың таулы аудандарында тұман. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батыс, оңтүстікке ауысады, облыстың таулы аудандарында екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар). Түнде облыстың оңтүстік-шығысында тұман. Түнде облыстың оңтүстік-шығысында, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с болады.

    Қостанай облысының батысында, солтүстігінде көктайғақ. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде 15-20, күндіз облыстың басым бөлігінде екпіні — 15-20 м/с.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында екпіні — 15-20 м/с.

    Абай облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында екпіні 15-20 м/c-ке дейін жетеді.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында 15-20 м/с болады.

  • LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлерді елге қайтару процесі туралы айтты. Оның ішінде LRT құрылысына жауапты Талғат Арданға да тоқталды.

    «Іздеуде жүрген 3,5 мың адам бар, оның ішінде 1,5 мыңы – халықаралық іздеуде. Олардың аты-жөні мен барлық ақпарат қолда бар. Интерполмен жұмыс жүріп жатыр. Біз олардың жүрген жерін анықтап жатырмыз. Тиісінше, оларды экстрадициялау жұмысы жүргізіледі», – деді Қойгелдиев.
    Сонымен қатар, аты шуға айналған Астана LRT құрылысына жауапты болып, 2023 жылы сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырылған және шетелде қашып жүрген Талғат Арданға қатысты халықаралық іздестіру жұмыстарының қандай деңгейде екенін айтты.

    «LRT құрылысына жауапты болған Талғат Ардан қазір іздеуде. Оның жүрген жерін анықтаған бойда Интерпол арқылы жұмыс жүргізіледі», – деп қысқа қайырды прокуратура өкілі.
    Сондай-ақ, Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлер ерте ме, кеш пе Қазақстанға келіп, өз жазаларын өтейді деп түйіндеді.

  • Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшыру жоспарда тұрғанын айтты.

    «Бәйтерек» Қазақстан зымыран кешенінің жобасы туралы айтсақ, жұмыс қайта жанданды. Бірінші «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Коммерциялық бағытта зымыран ұшыру 2028 жылға жоспарланған. Үш жыл бойы тестілеу режимінде зымырандар ұшырылады», – деді ол.

    Министрдің сөзінше, қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр.

    «Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз жол ашу құралын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір зымыран тасығыштың компоненттері мен материалдарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зымыранның қоспа отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Аса жеңіл зымыранды сынақтан өткізу 2023 жылға белгіленген», – деді Жаслан Мәдиев.

    БҰҰ-ның тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында алға ілгерілеп келеді. Қазақстан «Электронды үкіметтер» индексінде 163 елдің ішінде 24 орын алып, «онлайн қызметтер» индексінде үздік ондыққа кірді.

  • Бас прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді

    Бас прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғарда болған қылмыста қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді.

    «Талғардағы кісі өлтіру оқиғасына қатысты тергеу амалдары тұрақты бақылауда тұрғанын атап өткен жөн. Күдікті адамдар ұсталды және оларға айып тағылды. 15 қазан күні Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың қатысуымен брифинг өтіп, сол кезде істің мән-жайына қатысты түсінік берілді. Қайтыс болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын нақты айта аламын. Қаза тапқан баланың отбасы тұрып жатқан үйді өртеу дерегіне қатысты іс тергеліп жатыр», – деді Ғ. Қойгелдиев.