Метка: Басты оқиғалар

  • Жеңілдетілген автонесие қайтадан беріле ме?

    Жеңілдетілген автонесие қайтадан беріле ме?

    Қазақстан үкіметі жеңілдетілген автонесие мәселесін бір жарым жыл бұрын жапқан, қаражат тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.  Министрдің айтуынша, жеке тұлғалар үшін автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу тетігі енгізіледі.

    «Бұл жерде біз дұрыс шешім қабылдадық деп санаймын. Жеңілдікпен несиелеуге ешкімнің ешқашан көңілі толмайды. Бұл түсінікті де, себебі адам тым көп, ал оған жұмсауға болатын ақша тым аз. Автокөлік өндірушілер де, қаржы нарығы да бір орнында тұрмайды. Үкімет автокөлік сатып алуды жеңілдету үшін жеке тұлғаларға арналған лизинг енгізу туралы түзетуді заңнамалық деңгейде қолдады», — деді Шарлапаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

    Сондай-ақ, оның айтуынша, көлік сатумен айналысатын компаниялардың өздері түрлі қаржылық құралдар енгізіп, көлікті бөліп төлеу арқылы сатып жатыр. Ал жеңілдетілген автонесиелеуге бағытталған қаражат өңірлерде қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалды.

    «Мен бұл позицияны дұрыс деп есептеймін. Автокөліктерге жеңілдікпен несие бергенше, біз қоғамдық көліктің сапасын жақсартып жатырмыз. Жеңілдетілген несиелеу мәселесін біз бір жарым жылдан астам уақыт бұрын жапқанбыз. Ақша тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады», — деді ол.

  • Солтүстік Қазақстанда заңсыз алынған жер мемлекетке қайтарылды

    Солтүстік Қазақстанда заңсыз алынған жер мемлекетке қайтарылды

    АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Петропавл қалалық департаменті мен әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің өтініші негізінде мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

    Тексеру және өлшеу нәтижелері бойынша 0,8 га аумақтағы мемлекеттік меншік жер учаскесін жергілікті ЖШС-нің заңсыз иемденгені және пайдаланғаны анықталды. Заңбұзушылық үшін заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қосты ведомство.

    Департамент Петропавл қаласы әкіміне заңсыз иемденген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару туралы шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады. СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Петропавл қаласы әкімдігінің талап-арыздары қанағаттандырылды.

  • Онкологияға шалдыққан науқастарға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді

    Онкологияға шалдыққан науқастарға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді

    Онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлінеді. Депутаттың айтуынша, бюджет жобасында онкологияны емдеуге бөлінетін қаржыны 20 миллиард теңгеге, ал онкогематологияға бөлінетін қаражатты 5 миллиард теңгеге қысқарту туралы ұсыныс болған.

    Алайда біз бұл қысқартуға қатаң түрде қарсылық білдіріп, қосымша қаражат бөлу туралы түзету енгіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жемісті жұмысымыздың арқасында онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлу туралы түзетуіміз қолдау тапты. Бұл – өте қуанышты және маңызды жаңалық, – деп жазды депутат.

    Айтуынша, Ұлттық онкология орталығындағы протондық терапия орталығы құрылысын аяқтауға 4,2 миллиард теңге бөлу туралы ұсыныс та қабылданды.

    Қазір Орталық Азияда протондық терапия орталығы жоқ, сондықтан біздің пациенттер қымбат ем алу үшін шетелге баруға мәжбүр. Қазақстанда бұл орталық жыл сайын 300-ден астам науқасқа өмір сүруге мүмкіндік беріп, шетелде емделуге қажетті үлкен шығындардан босатады, – деді Аймағамбетов.

    Айта кетейік, елімізде қыркүйекте 11-13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу басталды. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та өндірілген вакцина АПВ-ның 4 түріне қарсы қуатқа ие. Бұл жатыр мойны обырының алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Ел бойынша 175 мың жасөспірім қызға вакцина салынуы керек.

  • Әйелін 11 жыл сабаған Мақат ауданының экс-әкімі айыппұлмен құтылды

    Әйелін 11 жыл сабаған Мақат ауданының экс-әкімі айыппұлмен құтылды

    Апелляциялық сот Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертті.

    «Атырау қаласының №2 соты Ибрагимовті материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы), 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеді. Жәбірленушінің моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: сотталушыдан 2 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді» делінген облыстық сот хабарламасында.

    Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, Ибрагимовтің қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, сот-дәрігерлік сараптама қортындысымен дәлелденді деген тұжырымға келді.

    Алқа «кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты» саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті. Жәбірленушінің сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды.

    Осыған байланысты, Ибрагимовтің әрекеті ҚК-тің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Оған 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды (2 415 000 теңге).

  • Жамбыл облысында екі жасөспірім өзіне қол жұмсады

    Жамбыл облысында екі жасөспірім өзіне қол жұмсады

    Жамбыл облысының Түймекент ауылында екі жасөспірім суицид жасады.

    Бұл ақпаратты Жамбыл облысының полиция департаменті растады.

    Осы фактілер бойынша Байзақ ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу бастаған.

    «Оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қажетті кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», — деп мәлімдеді ПД.

  • Ертең елімізде уақытша радио және телевидение жұмысын тоқтатады

    Ертең елімізде уақытша радио және телевидение жұмысын тоқтатады

    Ертең, 30 қазан күні елімізде уақытша радио және телевидение жұмысын тоқтатады.

    «Қазтелерадио» АҚ таратқан мәліметке сәйкес, телерадио хабарларын таратудың үздіксіз әрі сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында тоқсан сайын жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

    «30 қазан 03:00 мен 17:00 аралығында жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты, яғни жұмыстар жүргізілген кезде Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз», — делінген мәліметте.

  • Испаниялық Родри футболдан «Алтын доп» иегері болды

    Испаниялық Родри футболдан «Алтын доп» иегері болды

    Испаниялық Родри (Родриго Эрнандес) футболдан 2024 жылғы «Алтын доп» иегері болды.

    Биыл 68-ші мәрте өткізілген дәстүрлі іс-шара әлемдегі үздік футболшыларды анықтау мақсатында қолға алынған. 1956 жылдан бері «France Football» журналының қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

    Ереже ойынша ерлер мен әйелдер арасында «Алтын доп» иегері анықталып, 21 жасқа дейінгі футболшылар арасында «Копа трофейі», үздік қақпашыға «Яшин трофейі» берілді. Сондай-ақ үздік ерлер және әйелдер командалары анықталды. Ал өткен маусымдағы үздік сұрмергенге Герд Мюллер трофейі табысталды.

    Биыл олардың қатарына тағы екі жаңа марапат қосылды. Енді ерлер және әйелдер командалары арасында үздік бапкерлер есімі белгілі болды.
    Үздік футболшы: Родри («Манчестер Сити», Импания құрамасы).

    Үздік әйел футболшы Айтана Бонмати («Барселона», Испания құрамасы).

    Копа трофейі: Ламин Ямаль («Барселона», Испания құрамасы).

    Мюллер трофейі: Харри Кейн («Бавария», Англия құрамасы), Килиан Мбаппе («ПСЖ» / «Реал», Франция құрамасы).

    Яшин трофнйі: Эмилиано Мартинес («Астон Вилла», Аргентина құрамасы).

    Үздік клуб (ерлер): «Реал Мадрид».

    Үздік клуб (әйелдер): «Барселона».

    Үздік бапкер (ерлер): Карло Анчелотти («Реал Мадрид»).

    Үздік бапкер (әйелдер): Эмма Хейз («Челси», АҚШ құрамасы).

  • Көлік жүргізушілеріне ауа райына байланысты ескерту жасалды

    Көлік жүргізушілеріне ауа райына байланысты ескерту жасалды

    Республикалық автожолдардағы ауа райы туралы мәлімет белгілі болды.

    2024 жылғы 28 қазанда Ақмола, Ақтөбе, Абай, Павлодар, СҚО, Қарағанды, Қостанай, ШҚО және Ұлытау облыстарының кей жерлерінде қар аралас жаңбыр жауады. Ал Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының кей аумақтарында жаңбыр жаууы мүмкін, деп мәлімдеді Қазавтожол.

    Сол себепті жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, – деп қосты ведомство.

    1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болады.

  • Хасан, Хусан, Фатима: Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді

    Хасан, Хусан, Фатима: Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді

    Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі Эгамбердиевтер отбасында үш перзент дүниеге келді.

    27 жастағы Назима Эгамбердиева екі ұлынан кейін өмірге 17 қазан күні 2 ұл мен 1 қыз әкелді. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйіне шықты. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін білдірді.

    «Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 34 аптасында жоспарлы кесір тілігі арқылы дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 келі 430 грамм болса, екіншісі – 2 келі 490 гр, үшіншісінікі 1 келі 730 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемдерге Хасан, Фатима, Хусан деп ат қойыпты. Алғашында нәрестелерге медициналық көмек қажет болды», — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

    Дәрігерлердің айтуынша, үшемдер туған кезде аппаратта болған. Оларды алғашқы күндері жоғары күтімге мұқтаж нәрестелер бөлімшесінде бақылаған. Тексеру, емдеу, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жағдайлары жақсы, медицина қызметкерлерінің көмектерінен соң үшемдер жақсы салмақ қосып, ана сүтін қанағаттарлықтай еміп жатыр.

  • Саран әкімі мен басқарма басшысы қатаң сөгіс алды

    Саран әкімі мен басқарма басшысы қатаң сөгіс алды

    Саран әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды.

    Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте мәлімдеді.

    «Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады», – деді өңір басшысы.

    Саран әкімі қаладағы жылу жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, барлық жергілікті қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеуде, отын қоры қамтамасыз етілген. Кейбір үйлер бойынша қалалық чатқа түсетін сұрақтар жедел қаралады, деп сендірді Еркін Баулықов.