Метка: Басты оқиғалар

  • Павлодарда 55 млн теңгенің вейптері тәркіленді

    Павлодарда 55 млн теңгенің вейптері тәркіленді

    Polisia.kz мәліметінше, сақшылар электронды темекіге қатысты заң бұзушылықтың жолын кесіп, жалпы құны 55 миллион теңгеге жететін вейп партиясын тәркілеп алды.

    Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан қоймада полицейлер 5503 дана вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны анықтап, тиісті шаралар қолданды. Бұл заңсыз тауар сатылымға шығарылмақ болған. Ресми тыйым салынғанына қарамастан, жастар интернет-дүкен арқылы мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, вейптерді сатумен айналысқан. Нәтижесінде заңсыз электронды темекі сатты деген күдікпен екі азамат полицияға жеткізілді.

    Темекі өнімдеріне жатпайтын электронды тұтыну жүйелерінің, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.

    Рейдтік іс-шаралар барысында интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған вейп өнімдері бар автокөлік тоқтатылып, тексеру нәтижесінде заңсыз тауар табылды.

    Полиция 20 маусымда Қазақстанда вейп және оларға арналған сұйықтықтардың айналымына тыйым салу туралы заң күшіне енгенін еске салады.

  • Белгілі ақын Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті

    Белгілі ақын Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті

    Қаралы хабарды Құрманай Бақтиярқызының Instagram парақшасында балалары мәлімдеп: «Анашым Раббысына қайтты, дұғада болыңыздар», – деп жазды.

    Ақын 1 жыл бұрын ауыр халде жатқаны туралы ақпарат таралған еді. Оған күрделі операция жасалған.

    «Жоспарланған операция. Бес жерден тесіп, жақсы өткен. Асқазанның ауырып жүргеніне екі жыл болды. Барлық анализдерім жақсы шығып, отадан соң тұрып, үйге қайтқанмын. «Ішек «спайка» болған, тілу керек, әйтпесе болмайды» деді. Ары қарайғысын білмеймін. Комаға түсіп, өң мен түстің ортасында Димаш Құдайбергенмен «мировой» концертте жүрдім. Иә, анық көрінеді. Жиырма күнге жуық ес-түссіз жатқанымды көрген достарым бәріне дайын тұрды. Алланың қалауы ғой, «100 пайыздан пайыздан бір-ақ пайыз үміт бар, бәріне дайын болыңыздар» деген екен… Бұл тақырыпты осымен жабамын. Жаман күндер артта қалды. Бір дертке шипа іздегенімде Алла ауыр, көтере алатын сынақ беріп, он дертімнен айықтырды. Ішекті жуғызды, асқазанның жарасын да, артығын да кесті. Қан да тазарды. Ұйқы бездер орнына келді. Қан қысымы мүлдем жоғалды. Әр қиындықтың артында қайырлы үлкен жеңілдігі мен қуанышы бар деп тегін айтпаған екен. Өзіме емес, көзіме, құнды сөзіме мән бер, халқым! Мен сіздермен сондай бақыттымын», – деп жазған еді Құрманай Бақтиярқызы.

  • Назарбаевтың сенімді серігі Нұртай Әбіқаев отставкаға кетті

    Назарбаевтың сенімді серігі Нұртай Әбіқаев отставкаға кетті

    Алматыда Қазақстан волейбол федерациясының есепті-сайлау конференциясы өтті. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі Нұртай Әбіқаев өзінің лауазымын жоғалтып, 2024-2028 жылдарға қаржы министрі Мәди Такиевке орнын берді.

    Жаңа басшы федерация делегаттарына көрсетілген сенімі үшін алғысын білдіріп, Әбіқаевқа федерацияның құрметті президенті болуды және қадағалау кеңесін басқаруды ұсынды. Ол сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі спортты қаржыландыру саясатын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, жекеменшік демеушілер пулын қалыптастыруға және Қазақстанның ең шалғай аудандарында бұқаралық спортты дамытуға назар аударды.

    Нұртай Әбіқаев әр жылдары президент аппараты мен әкімшілігінде, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымын екі мәрте атқарған. «Ескі Қазақстанның» жетекшілерінің бірі болды.

    Жаңа КВФ президенті Мәди Такиев бұған дейін қаржы министрі қызметін атқарды. Мәжіліс депутаты болды, сондай-ақ президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімін басқарды.

    Еске сала кетсек, 2012 жылы «Арқанкергендегі» сарбаздардың өлімі Нұртай Әбіқаев ҰҚК басшысы болып отырғанда болған.

  • Алматыда ер адам өзенге құлаған баланы құтқарып қалды

    Алматыда ер адам өзенге құлаған баланы құтқарып қалды

    Алматыда өзенге құлаған баланы жақын жерде өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.

    Желідегі мәліметке сәйкес, оқиға Алматыдағы Есентай өзенінде 27 қазан күні болған. Бейнежазбадан ер адамның киім-кешегін шешпестен баланы судан шығарып алғанын көруге болады. Сондай-ақ судан шошып қалған баланың «рахмет, аға» деп алғыс айтқаны да естіледі.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)

  • Алматы облысы идеология жұмысына қаншалықты көңіл бөледі?

    Алматы облысы идеология жұмысына қаншалықты көңіл бөледі?

    Талғардағы оқиға бітеу жараның бетін ашқандай. Бұл жағдай тәрбиелік және идеологиялық жұмыстың ақсап, өз деңгейінде атқарылмай отырғанын айқын көрсетті. Әр өңірде жергілікті мәселелермен айналысуы тиіс мекемелер бар.

    Бірақ олар аудан-ауданды, ауыл-ауылды аралап, тұрғындар мен жастардың басын жиі қосып тұра ма? Әлде, есеп үшін жылына бір-екі жиын өткізіп, «бәрі керемет» деп мәлімдей ме? Шын мәнінде, тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, пікір алмасу арқылы жұртты мазалаған түйткілдер айқындалмай ма? Дегенмен, кейбір жауаптылардың тек шулы оқиға болғанда ғана қимылдайтыны әдетке айналған.

    Талғар оқиғасының мән-жайы

    Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты түрлі ақпараттар тарап, арнайы қылмыстық топтардың бар екендігі де айтылды. Бұл туралы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін білетіні сөз болды. Осыған байланысты Алматы облысы әкімдігі хабардар ма? Мұздай қаруланып жүрген жастардың әрекеті нені білдіреді? Иә, оқиға болғаннан кейін министр де, әкім де барды. Бірақ тікелей осы іске жауапты тиісті мекемелер соңғы рет қашан төбе көрсетті?

    Sona.kz тілшісі осы сұрақ бойынша Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов мырзаға хабарласқанымен, ол: «Қазір қолым тимейді. Бұл мәселе бойынша бөлім басшысы хабарласады» деп қысқа қайырды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Сағынай Мұсағитов болса, тек атқарған жұмыстарды баяндап берді.

    Ішкі саясат басқармасының мәлімдемесі

    «Оқиға болғаннан кейін демалыс күндері сол жерде болдық. Жыл соңына дейін Талғар ауданында түсіндіру жұмыстары бойынша төрт шара өткіземіз. Жыл сайын Ішкі саясат тарапынан жоспар бекітіледі. Онда бұқаралық ақпарат құралдармен жұмыс, этносаралық келісім, саяси тұрақтылық, мемлекеттік рәміздерді дәріптеу сияқты мәселелер қамтылады. Биылдан бастап Жастар басқармасы бөлек мекеме ретінде жұмыс істейді. Әр ауданның өз ерекшелігі бар. Талғар ауданында жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі бұл аудан Алматыға жақын орналасқан, жастар көп. Биылдыққа осындай қайғылы оқиға алғаш тіркелді, осыған байланысты біраз шенеунік қызметінен босатылды», – деді ол.

    Ардагерлер кеңесінің әрекеті 

    Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Сапарұлының айтуынша, оқиғадан кейін бірден жергілікті ардагерлерді жинап, кездесу ұйымдастырылды. «Ардагерлер төрағалары халыққа түсінік жұмысын жүргізе бастады. Талғардан бастап, Қарасай, Іле, тағы басқа аудандарды аралап, «Алатау жастары» бірлестігінің көшбасшыларымен кездесу өткізіп, заңға сүйеніп, құқық қорғау органдарының ресми ақпаратына жүгіну қажеттігін айттық», – деді ол.

    Кездесулердің жалғасы

    «Кездесулер тек қайғылы оқиға болғаннан кейін ғана өткізілді ме?» деген сұраққа Ерболат Сапарұлы: «Біз оқиғаның ертесі-ақ ауданға бардық. Былтыр Қарасай ауданында ардагерлер мен жастардың кездесуі болды. Сол жиында жастардың ұсынысымен «Алатау жастары» бірлестігі құрылды. Әр ауданнан 8 адам тәлімгер ретінде бекітілді. «Алатау ардагері» газетінде жастардың тәрбиесіне қатысты ақпараттар жарияланады», – деп жауап берді.

    Қаржыландыру мәселесі

    Ардагерлер кеңесіне мұндай шараларды өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбей ме деген сұраққа Ерболат Сапарұлы: «Бізге бюджет тарапынан ақша бөлінбейді. Әртүрлі байқауға қатысып, гранттар ұтып аламыз. Кейбір азаматтар қайырымдылық көмек көрсетеді», – деп мәлімдеді.

    Қорытынды

    Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы мен Ардагерлер кеңесі «Оқиға орнына бардық» дегенді бірнеше рет тілге тиек еткенмен, бұл іс-шараларды нақты дәлелдейтін мәлімет жетіспейді. Бұл – бір. Екіншіден, шын мәнінде Ардагерлер кеңесіне қаржы бөлінбей ме? Мемлекетті сатып алу порталында Ардагерлер кеңесі 2024 жыл бойы өткізетін шараларына, яғни «Іс-шараларға қатысуды қамтамасыз ету үшін қызметтері» лоты бойынша Ішкі саясат басқармасы арқылы 13 млн 500 мың теңге ұтып алған. Ал бізге «бюджеттен ақша бөлінбейді» деген ақсақал Ерболат Тұрымбетов неге өтірік айтты? Ол ол ма, Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов мырзаның «уақытым жоқ» деп жауапкершілікті бөлім басшысына сілтеуі бүкіл ел ішінде дүрбелең туғызған мәселеге бейжай қарағанын көрсетпей ме? Осының өзі Алматы облысында идеологиялық жұмыстың әу бастан дұрыс жүргізілмегенін айқындап тұрған жоқ па?

  • Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалық өлі табылды

    Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалық өлі табылды

    Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан жүз елуге жуық итбалық өлі табылды. Жануарлардың жаппай қырылуының нақты себебі әлі анықталған жоқ.

    Баутино ауылы жанынан өлі итбалықтардың жүзден астам өлексесі табылғанын блогер және қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, олардың саны бірнеше жүзге жетуі мүмкін.

    «Жақында болған дауылдан кейін жағалауға жүздеген қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлексесі шығып қалды. Қазіргі таңда ғалымдар тек 151 өлексені санап шықты», – деп атап өтті Азамат Сәрсенбаев.

    Өлі жануарларды ғалымдар тапқан. Олар кейбір итбалықтардың денесінде механикалық зақымданулар бар екенін айтты. Қызыл кітапқа енген аталған сүтқоректілердің нақты қырылу себебі анықталып жатыр.

    Бұл Маңғыстау облысында су жануарларының жаппай қырылуының алғашқы жағдайы емес. Бірнеше күн бұрын Каспий жағалауында үш өлі итбалық табылса, көктемде де ондаған өлі жануарлар жағалауға шығып қалған еді.

  • Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    Жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі

    2025 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдарынан онлайн несие алу кезінде азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймай, электрондық цифрлық қолтаңбаны да қолданады.

    Алаяқтыққа қарсы күрестің жаңа шаралары туралы Ұлттық банк төрағасы депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

    «Онлайн микроқарызды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді және электрондық цифрлық қолтаңбаны міндетті түрде қатар қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының клиентке тиесілі екенін тексеруге міндеттеледі», — делінген жауапта.

    Бұған қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге онлайн несие ресімдеген кезде өтінімді дәл сол мезетте емес, ертесіне мақұлдауға кеңес береді. Осылайша клиент алаяқтар рәсімдеген кредиттен бас тарта алады.

    Сондай-ақ, Ұлттық банк алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығын құрған. Антифрод-орталық қатысушыларға алаяқтық операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қоюға, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

    Антифрод-орталыққа барлық банк, бірқатар ірі төлем және микроқаржы ұйымдары, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің 21 аумақтық бөлімшесі мен орталық аппаратының өкілдері қосылған. Қазір ұялы байланыс операторлары қосылу сатысында.

  • Шерзат Болаттың өлімі: қылмыстық іс бес бап бойынша тіркелді

    Шерзат Болаттың өлімі: қылмыстық іс бес бап бойынша тіркелді

    Алматы облысы Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс аясында қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Мәжіліс депутаттарына берген ресми жауабында айтылған.

    Министрдің жауабына қарағанда, Шерзат Полаттың өліміне қатысты Алматы облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істерді тіркеп, тергеуге алған.

    Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр. Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әр түрлі мәліметтің көп таралуына байланысты министрлік (Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сай) 15 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кей тергеу мәліметтерін жария етті. Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды, – деп жазылған Ержан Сәденовтің жауабында.

    Оның сөзінше, қазір тергеу жалғасып жатыр, оның барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп, әрекетіне құқықтық баға беріледі.

    Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша 11-күдіктінің ұсталғанын хабарлаған едік. Олардың арасында бұрын қылмыстық іс бойынша сотталғандары да бар. Оқиға орнынан 3 пышақ, бір мылтық тәркіленді. Олардың кімге тиесілі екені анықталып жатыр.

  • Алматы көшелерінде тағы 45 мың камера жұмыс істейді

    Алматы көшелерінде тағы 45 мың камера жұмыс істейді

    Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше бұл камералар түтінді, өртті, қараусыз қалған нысандарды және төтенше жағдайларды, соның ішінде техногендік және табиғи оқиғаларды анықтай алады.

    Бейне дабылы 603 мемлекеттік және 906 жеке нысандардан келеді.

  • ЖОО үздік оқытушысы атағына конкурс жарияланды

    ЖОО үздік оқытушысы атағына конкурс жарияланды

    Ғылым және жоғары білім министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру бойынша конкурс жариялайды,.

    Бұл конкурс ең үздік педагогикалық тәжірибені анықтауға бағытталған және 2015 жылғы 16 наурыздағы №124 бұйрыққа сәйкес өткізіледі.  Конкурсқа ҚР азаматтары, ЖОО-ның штаттық оқытушылары қатыса алады. Қатысушының кемінде бес жылдық үзіліссіз ғылыми-педагогикалық өтілі болуы қажет.

    Құжаттарды тапсыру мерзімі: 2024 жылғы 1 қарашадан 11 қарашаға дейін жалғасады.