Метка: Басты жаңалықтар

  • Қапшағайда 17 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 гидроцикл тәркіленді

    Қапшағайда 17 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 гидроцикл тәркіленді

    Қапшағай су қоймасында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды рейд өтті. Шараға Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Көліктік бақылау инспекциясы, полиция қызметкерлері, Қонаев қаласы әкімдігі мен прокуратура өкілдері қатысты.

    Рейд барысында келесі заңбұзушылықтар анықталды:
    • ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы («Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша құтқару құралдарынсыз шағын кемелерде болғаны үшін 8 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдай;
    • 582-бап («Кеме жүрісі ережелерін бұзу») бойынша 9 хаттама рәсімделді. Су көліктерінде борт нөмірлері болмаған, ал басқарушылардың тиісті құжаттары жоқ болып шыққан.

    Одан бөлек, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны үшін 3 гидроцикл тәркіленіп, айыптұраққа қойылды.

    Мамандар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Құтқару жилетін кию, құжаттарды өзімен бірге алып жүру және заң талаптарын сақтау – адамның өмірі мен денсаулығы үшін маңызды.

    Осындай тексерістер алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.

  • Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    ҚР Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты біз Қонаевта автобус жүргізушісі болып қызмет ететін азаматпен тілдесіп, мамандығының қыр-сырын біліп қайттық.

    Бұршақ Жанәділұлы 2000 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Айтуынша, таңғы 5:00-де басталатын қызметтің шыжығы да қызығы да мол.

    «Таңда жұмысқа келеміз, медициналық тексерістен өтеміз. Ал автобусты техникалық тексерістен өткіземіз. Содан кейін бағыттар бойынша жүру басталады. Күніне 15 рейс орындаймыз. Кешке автобусты жуып, тазалап, тағы бір мәрте техникалық тексеріс болады», — деді маман.

    Оның сөзіне сүйенсек, автобус жүргізушісі ең алдымен жол ережесін сақтауға мұқият болуы қажет.

    «Жұмыстың жауапкершілігі көп. Адамдардың мініп-түсуі, жаяу жүргіншілерге жол беру, бағдаршамның жасыл түсіне ғана жүру секілді іс-қимылдарға үнемі сақ болу керек. Біздің қолымызда бірнеше адамның өмірі тұрады. Сондықтан автобусты абайлап, мұқият жүргізуіміз тиіс», — деді Бұршақ.

    Автобус жүргізушісі жолда қиындықтар да кездесетінін атап өтті.

    «Кейде көлік ағыны көбейеді. Сонда жол жүру қиынға соғады. Көңіл күйді түсіретін жолаушылар да бар. Ондай жағдайларға көп мән бермеуге тырысамын. Ал кей тұрғындар электронды карта жүйесін қолдана алмайды. Ондайда көмек көрсетемін, түсіндіремін», — деді ол.

    Қоғамдағы орны көп байқала бермейтін, алайда, олар болмаса, қаланың тыныс-тіршілігі тұралап қалатын мамандарды әрқашан бағалай беруіміз керек. Нағыз еңбек адамы – автобус жүргізушісі.

  • Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Қарағанды қаласындағы жеке DiVera маммологиялық орталығында болған жантүршігерлік оқиға елді дүр сілкіндірді. 16 шілде күні сағат 16:00 шамасында 42 жастағы ер адам орталықтың аға медбикесі Асель Тасмагомбетоваға шабуыл жасап, оны қатыгездікпен соққыға жыққан.

    Оқиға ер адамның әйелін дәрігерге әкеліп, кейін рұқсат етілмеген кабинетке кірмек болған сәтінде орын алған. Медбике оған кіруге болмайтынын айтқан. Алайда ашуға мінген азамат есікті түгелімен жұлып, Асельді жерге жығып, шашынан ұстап, беті мен денесіне соққы жасап, саусағын сындырған, қолын тістелеп, ұзақ уақыт бойы азаптаған.

    «Басымды қолыммен қорғаштап жаттым, бірақ ол бәрібір теуіп жатты. Қатты қорықтым. Үйге тірі жетпей қалам ба деп ойладым. Астым қан болды», – деп көзіне жас алды Асель.

    Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте оқиға орнына жүктілігінің алтыншы айында жүрген дәрігер маммолог жүгіріп келіп, көмектесуге тырысқан. Бірақ ер адам салмағы шамамен 100 келі бола тұра, медбикенің үстіне мініп алып, шашынан айырмай, соққылауын тоқтатпаған.

    Полиция департаменті күдіктінің психоневрологиялық орталыққа жеткізілгенін растады. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, тергеу жүріп жатыр.

    DiVera медициналық орталықтар желісінің директоры Наталья Ибраева бұл оқиғаны жүйелі мәселеге балап, қоғам мен мемлекетті бірлесіп әрекет етуге шақырды:

    «Біз бұл жағдайды жай қалдырмаймыз. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Бұл – денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің іргетасы».

    Клиникада ішкі тексеріс басталып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Персонал агрессияға қалай әрекет ету керектігі бойынша оқытылатын болады. Ал Асель Тасмагомбетоваға қазіргі таңда медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол ауыр дене жарақатын алған және күйзеліс жағдайында.

  • Салмағы 870 грамм сәби Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан шығарылды

    Салмағы 870 грамм сәби Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан шығарылды

    Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында ерекше жағдай орын алды: дәрігерлер салмағы небәрі 870 грамм болатын шала туылған нәрестенің өмірін аман алып қалды. Бұл жағдай неонатологиялық көмек пен жоғары деңгейлі медициналық техниканың маңыздылығын көрсетті.

    Шала туылған қыз жүктіліктің 28-ші аптасында өте төмен салмақпен дүниеге келді. Клиникаға түскен кезде сәбидің салмағы 1030 грамм болды. Нәресте тез арада реанимациялық көмек көрсетуді қажет ететін жоғары тәуекел тобына жатқандықтан, қарқынды терапия жағдайында дәрігерлер оған жан-жақты ем көрсетті. Оның ішінде зонд арқылы арнайы тамақтану, өмірлік маңызды белгілерді бақылау, сондай-ақ ықтимал инфекциялық асқынулардың алдын алу.

    «55 күн бойы стационарда болған сәбидің жағдайы тұрақты жақсарғаны байқалды. Дәрігерлердің үнемі бақылауында болып, оның салмағы 2155 граммға дейін өсті, бұл тұрақты күтім режиміне көшудің маңызды көрсеткіші. Қалпына келтіру процесінде оның өсуі мен дамуы үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ететін заманауи терапия әдістері қолданылды. Мысалы, терморегуляция және қажетті ылғалдылықты сақтау үшін кувездерді қолдану, сондай-ақ дене салмағының өсуіне ықпал ететін бейімделген диеталық тамақтану»,- дейді неонатолог дәрігер Салтанат Әлмұхамбетова.

    Бұл қыздың тарихы медицина мамандары мен неонатология саласындағы заманауи технологиялар арасындағы өзара әрекеттесудің әсерлі мысалы. Дәрігерлердің табандылығы мен жоғары біліктілік деңгейінің арқасында нәресте жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды. Бұл жағдай басқа медицина қызметкерлерін шала туылған нәрестелерді күту саласында үздіксіз жетілдіруге шабыттандырады, бұл әрбір жеке пациенттің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңыздылығын көрсетеді.

  • Қонаевта ветеринария саласының мамандарына құрмет көрсетілді

    Қонаевта ветеринария саласының мамандарына құрмет көрсетілді

    Қонаев қаласында Ветеринария күніне орай сала мамандары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттарды қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков арнайы табыстап, тұрғындар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ветеринар мамандардың еңбегін ерекше атап өтті.

    Төрт түлік малдың өсімі, тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ қаңғыған иттер мен мысықтардың тұрғындарға қауіп төндірмеуі – ветеринария саласының күнделікті жүйелі жұмысының нәтижесі.

    Алғыс хатпен марапатталған мамандар тізімі:
    • Ілияс Төлегенұлы Күмісбеков – ветеринариялық санитар,
    • Марат Мұратұлы Серекбаев – Шеңгелді ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі,
    • Манзура Төлеуовна Рысмағамбетова – ветеринариялық фельдшер,
    • Қарлығаш Иманғалиевна Игісенова – ветеринариялық фельдшер,
    • Қалдыбек Сержанұлы Сержан – ветеринариялық фельдшер,
    • Азамат Бейбітұлы Сегізбаев – ветеринариялық фельдшер,
    • Манарбек Апрелханович Сұлтанов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы,
    • Бауыржан Әпенұлы Әбдікәрімов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы,
    • Алмас Ахметкәрімұлы Құрманов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы.

    Сала мамандарына көрсетілген бұл құрмет – олардың тынымсыз әрі қоғам үшін аса маңызды еңбегіне берілген әділ баға.

  • ҰҚК құрамында жаңа құрылым пайда болды: жемқорлармен күрес күшейеді

    ҰҚК құрамында жаңа құрылым пайда болды: жемқорлармен күрес күшейеді

    Жаңа құрылым жеке заңды тұлға ретінде тіркеліп, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. Қызметтің негізгі міндеті — жемқорлық деректерін анықтап, алдын алып, ашып, тергеу жүргізу. Бұл жұмыс жедел-іздестіру мен қарсы барлау аясында жүзеге асады.

    Құрылымға кең ауқымды өкілеттік берілген: жасырын тергеу жүргізу, құжаттарды тәркілеу, арнайы техникаларды қолдану, шетелдік қауіпсіздік органдарымен жұмыс істеу және қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу бастау құқығы бар.

    Сондай-ақ бұл қызмет тексеру, аудит бастамасын көтере алады, қажет жағдайда күдіктілерді іздестіру және экстрадициялау шараларына қатысады.

    Қызмет басшысы заңмен белгіленген тәртіппен тағайындалады және құрылым жұмысы үшін тікелей жауап береді. Ол мемлекеттік және халықаралық органдармен ресми байланыс орнатады.

  • Қонаевта жасыл желектер зиянкестерге қарсы өңделіп жатыр

    Қонаевта жасыл желектер зиянкестерге қарсы өңделіп жатыр

    Қонаев қаласында ағаштардың сәндік келбетін арттырып, түрлі зиянкестер мен ауруларға төзімділігін күшейту мақсатында жасыл желектерге кешенді өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

    Өңдеу жұмыстары 15–18 шілде аралығында түнгі сағат 23:00-ден таңғы 5:00-ге дейін жалғасады. Бұл кезеңде қаладағы ағаштар мен бұталар арнайы препараттармен бүркіледі.

    Мамандардың айтуынша, пайдаланылатын дәрілер ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген және қоршаған ортаға, адам денсаулығына, үй жануарлары мен құстарға қауіпсіз. Алайда препараттардың ерекше иісі болғандықтан, тұрғындардан өңдеу кезінде терезе мен есіктерін жауып қою сұралады.

    Жауапты қызметтер зиянкестермен күрес шаралары қала экологиясын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

  • Әйелді баспалдақтан итеріп жіберген: Амантай қажының үстінен қылмыстық іс қозғалды

    Әйелді баспалдақтан итеріп жіберген: Амантай қажының үстінен қылмыстық іс қозғалды

    Желіде Амантай қажы Асылбековтің әйелді баспалдақтан итеріп жіберген сәті бейнеленген видео тарады. Қоғамда қызу талқы тудырған оқиғаны Алматы полициясы да растады.

    Оқиғаға қатысты Алмалы аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК аясында қылмыстық іс қозғады.

    «Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және процессуалдық шаралар кешені жүріп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында», — делінген ведомство таратқан ресми хабарламада.

  • Перизат Қайрат ісі: спонсорлар жалған уәде мен фейк құжаттарға сеніп, 200 миллион теңгесін аударған

    Перизат Қайрат ісі: спонсорлар жалған уәде мен фейк құжаттарға сеніп, 200 миллион теңгесін аударған

    Астанада өтіп жатқан Перизат Қайратқа қатысты алаяқтық іс бойынша сотта ASAR-UME қайырымдылық қорының президенті Асхат Нурмашев жауап берді. Бұл туралы Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Қор басшысы Перизат Қайраттың БҰҰ аясында жұмыс істейтін гуманитарлық хабқа қол жеткізе алатынына сеніп, 200 миллион теңге аударғанын айтты. Оның сөзінше, Перизат Абу-Дабиде орналасқан арнайы қоймамен байланысы барын және тіпті араб корольдік отбасының өкілдерімен дос екенін алға тартқан.

    «Біз көмекті қай арнамен жөнелтуге болатынын іздедік. Сол кезде әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың Палестина елшілігімен бірігіп жұмыс істеп жатқаны айтылды. Біз кездескенде ол хабты өз көзімен көруді ұсынды, сол үшін Дубайға бірге ұштық», – деді Асхат Нурмашев.

    Нурмашев хабты көріп, Перизаттың байланыстарына сенімді болғанын айтады. Сол негізде 10 қарашада қор 200 миллион теңге көлеміндегі алғашқы траншты аударған.

    Кейінірек Перизат уәде еткен есептерді бермеген. Құжаттар бірнеше рет кейінге қалдырылып, тек ақпан айында ғана Абу-Дабидегі қордың атына жасалған банктік төлем қағаздары келіп түскен. Алайда тергеу бұл құжаттардың жалған екенін анықтады.

    «Басында біз оның шыншылдығына күмәнданған жоқпыз. Бірақ құжаттардың жалған екенін тергеу дәлелдеді. Қалған 93 миллион теңгені біз кейін Палестина елшілігінің ресми шотына өзіміз аудардық», – деді Нурмашев.

    Сот барысында Перизат Қайратқа жәбірленушілермен жалған уәделер арқылы байланыс орнатты, жалған есептер мен құжаттар дайындады деген айып тағылды. Қазіргі таңда сот тергеуі жалғасуда.

  • Қонаев жағажайларынан күн сайын жүз тоннаға жуық қоқыс шығарылады

    Қонаев жағажайларынан күн сайын жүз тоннаға жуық қоқыс шығарылады

    Оның айтуынша, №6 жағажай аумағында 45 қоқыс жәшігі, 10 контейнер, 3 әжетхана және бейнебақылау камералары орнатылған. Тазалықты сақтау үшін 30 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмылдырылған. Жағажайда күніне үш мәрте санитарлық тазалау жүргізіледі. Қауіпсіздікті 10-нан астам құтқарушы қамтамасыз етеді, медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

    «Күн сайын жағажайға 4–5 мың адамға дейін келеді. Нәтижесінде, күнделікті 60–90 тонна, ал демалыс күндері 120–150 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Мұнда 40-қа жуық кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Барлығымен шарт жасалып, олар жалға алған аумақтарда тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттелген», – деді Нұртаев.

    Сонымен қатар №5 жағажайда да тазалық талаптары сақталуда. Мұнда жұмыс күндері шамамен 10 тонна, демалыс күндері 25–30 тонна қалдық шығарылады. Жағажайда 28 кабинасы бар 6 әжетхана, 5 душ, 6 киім ауыстыратын бөлме, 30 қоқыс жәшігі, 40 бөшке және 25 контейнер бар. Қауіпсіздік үшін жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі орнатылған.

    ? Қонаев қаласының әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, қоқысты арнайы орындарға тастауға шақырады. Қаланың және жағажайлардың тазалығын сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік.

    Айта кетейік, шомылу маусымы басталғалы бері қала жағажайларында 200-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.